Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» бағытын насихаттау мақсатында Атырауда орталық мешітте «Батаменен ел көгерер» атты бата беру сайысы өтті.
Сайысқа 55 жастан жоғары Атырау қаласынан және аудандардан 12 ақсақал қатысып, бақ сынады.
«Бата – дегеніміз халқымыздың байырғы тұрмыс-салтымен берік ұштасқан, күнделікті өмір дағдысындағы адами қарым-қатынастың рухани қажеттілігін өтеуге бағытталған, ағайын-туыс, жегжат-жұ-рағаттың бір-біріне ыстық ықылас-пейілін білдіретін, сонымен қатар жасы үлкен адамдар немесе ел ағалары өздерінің тілек-дұғасын айтып, жастарға дұрыс бағыт-бағдар сілтейтін сөлді сөз. Сондықтан, бүгінгі шарамыздың маңыздылығы да қариялар арасында бата беруді жас ұрпаққа насихаттау» деп атап өтті Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Сайыс екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім таныстыру – әр қатысушы өзі білетін батаны нақышына келтіріп жете түсініп орындау болса, екінші бөлімде арнайы дайындалған салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы қазыналы қариялардың білім деңгейі сыналды.
Жарыс қорытындысы бойынша Атырау қаласынан қатысқан Айтқали Қашқынов жүлделі бірінші орынды, Махамбет ауданынан қатысушы Амангелді Есенғалиев екінші орынды иеленді. Мақат ауданы атынан қатысушы Шаяхмет Боханұлы мен орталық мешіт жамағаты Ержан Аманқосов жүлделі үшінші орындарды бөлісті.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Сайысқа Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Қалжанұлы, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Бақтыбек Таубаев және Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қазылық етті.
Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.