Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы Атырау қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ: есірткіге жол жоқ» атты қалалық форумға қатысып, ұлттық құндылықтар мен тәрбие өзегі имандылық тақырыбы аясында баяндама жасады.
Білім беру ұйымдарының оқушылары мен мұғалімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері және жастар қатысқан шарада Бас имам жастарды жат әдеттерден, әсіресе есірткі сынды қоғам үшін аса қауіпті дерттен аулақ болуға шақырды.
«Ұрпақ тәрбиесі – ел болашағы. Қазақ халқының рухани тамыры тереңде жатыр. Имандылық – адамның жүрегіне жарық сыйлайтын күш. Біз жастарды дін мен дәстүр арқылы тәрбиелеуге баса мән беруіміз керек. Өйткені дін – тәртіп пен тазалықтың, ізгілік пен жауапкершіліктің қайнар көзі», – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Форум аясында түрлі сала өкілдері жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, зиянды әрекеттерден бойды аулақ ұстау, салауатты өмір салтын ұстану бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті.







