Бас мүфти: Райынан қайтқандар көп

Адамға дінді жеткізудің бірден-бір жолы – уағыз. Бұл ретте имам айтатын насихатын тақырыптан ауытқымай, жан-жақты, терең, мазмұнды әрі шешендік өнермен байытып, түсінікті етіп жеткізу керек. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маңызды жұмыс бағыттарының бірі – деструктивті діни ағымдарға алданған азаматтарға түсіндіру жұмысын жүргізу. Осы бағытта еліміздегі күрделі діни аймақтар анықталып, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, ауқымды іс-шара жүзеге асты.

Жат ағыммен жұмыс үш бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Олар – жалпы кездесу, жеке сұхбат және әлеуметтік желімен жұмыс. Адамның теріс діни көзқарасын оңалту оңай емес. Ол уақыт пен жүйелі жұмысты талап етеді. Жеке түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы 520 адам райынан қайтты.

Жұма уағызын айтудың жаңа үлгісі қалыптасты. Тек діни уағыз ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, ақын-жыраулар мен би-шешендеріміздің, қоғам қайраткерлерінің пәтуалы сөзі уағыз барысында кеңінен насихатталуда.

Жастар арасында діни экстремизм мен радикализм идеясы таралуының алдын алу, шетелдік діни оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен жан-жақты жұмыс істеу мақсатында «Талаба» жастар қауымдастығы құрылды. Осы бағытта Түркияда оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өтті.

Осы ретте мына мәселеге тоқталғым келеді. Діндарлық пен діни радикализмнің аражігін ажырата алмай, қасаң қағидаларды қатаң ұстанып жүрген кейбір жастар қоғамда ислам туралы бұрыс түсінік қалыптастыруда. Бұл жерде екінші мәселе бар. Ол – баласының діни көзқарасына мән бермей жүрген ата-аналардың мәселесі. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігі қашан да маңызын жойған емес.

Тағы бір басты мәселенің бірі – діни сауатсыздық. Қазір, Аллаға шүкір, діни сауат ашам деген адамға барлық мүмкіндік қарастырылған. Тіпті республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті жанынан Call-орталық ашып қойдық. Еліміздің кез келген тұрғыны өзін толғандырған діни мәселелер бойынша 33-30-30 нөміріне қоңырау шалып, толыққанды жауап алуда. Халық сұранысына орай, жауапты мамандар қазақ және орыс тілдерінде сұхбат жүргізіп келеді. Call-орталықтың тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасауы үшін елорда мешіттерінің 60 діни қызметкері жұмылдырылды. Білікті мамандардан жасақталған топ арнайы кесте бойы кезекшілік атқарып, тәуліктің кез келген уақытында келіп түскен қоңырауға жауап беруде.

Елордадағы 10 мешітте «Діни ақпарат беру орталығы» да келушілерге өз есігін айқара ашып отыр. Халық сұранысын қанағаттандыру мақсатында іске қосылған бұл жоба түрлі түйткілді тақырып бойынша (неке, талақ, несие, мұрагерлік, т.б.) кеңес сұраған жандармен көзбе-көз кездесіп, сұхбат құрады. Сөйтіп, сұрағына толыққанды жауап алады.

Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Call-орталық ашу туралы бастама көтердім. Өйткені жыл өткен сайын ҚМДБ шығарған пәтуа мен бекіткен құжаттар қоғамда, әсіресе мұсылман қауымы арасында маңызды рөлге айналуда. «Бұған мүфтият қандай пәтуа берер екен?» деген пікір жиі айтылады. Діни басқарманың қоғам алдындағы беделі мен жауапкершілігін ескеріп, мүфтият жанынан Call-орталық ашуды тапсырдым. Бұл бастама халық пен діни басқарма арасында алтын көпір бола алады.

Кейбір азаматтар жеке мәселесін телефон арқылы немесе жеке кездесіп айтқысы келеді. Call-орталыққа кез келген уақытта хабарласып, толғандырған мәселеге байланысты жауап алуға болады.

2013 жылы дәстүрлі діни танымды, төл мәзһабымызды насихаттау мақсатында Республикалық ақпараттық-насихат тобы (РАНТ) құрылды. Еліміздегі ең білікті дін мамандарынан құрылған бұл топ мұсылман қауымына дін насихатымен бірге ұлттық мәдени құндылықтардың маңызын түсіндіреді.

2013 жылдан бері РАНТ мүшелерінің тікелей атсалысуымен еліміздегі діни ахуалы күрделі аймақтарда діни оңалту шаралары жүргізілді. Осы ретте айта кетер жайт, ақпараттық-насихат тобына балама ретінде Жергілікті ақпараттық насихат тобы құрылды (ЖАНТ). Оның негізгі бағыты – жергілікті аймақтық уағыз-насихат жұмысын күшейту, аудан-ауылдық жерлердегі діни ахуалдың тұрақтылығына үлес қосу. РАНТ мен ЖАНТ ақпараттық-насихат жұмысын жүргізеді. Соның ішінде негізгі жұмыс бағыты ретінде жат ағымның алдын алуға күш салуда.

Еліміздің барлық мешітінде жұма уағызы осыған дейін өзі таңдаған тақырып бойынша еркін түрде айтылса, уақыт өте жұма уағызын бір ізге келтіру заман талабына айналды. Білікті дін мамандары дайындаған тақырып бойынша еліміздегі барлық мешітте бір тақырып аясында жұма уағызын айту жолға қойылды. Жұма уағызының жинағы 3 кітап болып жарық көріп, қалың бұқараға жол тартты.

Бүгінде күнделікті бесін және құптан намазынан алдын жамағатқа бекітілген тақырып аясында уағыз айтуды жолға қойдық. Уағызды жаңа тәсілмен жеткізу мақсатында оны бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жүктеп, қалың бұқараға, әсіресе жастар көбірек қолданатын әлеуметтік желілерге таратып жатырмыз.

Шариғат және пәтуа бағыты – Діни басқарманың негізгі бөлімі, діннің ұстыны. Пәтуа – дінді қоғаммен жалғап, көркем түрде үйлестіретін, соған дәнекер болатын құжат. Пәтуа нұсқау түрінде жазылып, мұсылмандарға жария етіледі. Әрбір пәтуа халқымыздың рухани дамуы мен діни сауатын ашуға бағытталады.

Бүгінде пәтуа беру саласында бірізді жүйе қалыптасып, Орталық Азия елдеріндегі дін қайраткерлері ҚМДБ-ның қабылдаған діни қарарына, қаулысына, үндеуіне, пәтуаларына айрықша назар аударатын деңгейге жетті.

Бөлім діни сұрақ-жауаптың бір арнадан шығуын қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылы www.fatua.kz сайтын іске қосты. Сайтта діни білімі жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Сұрақ қоюшылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Мысалы, өткен жылы 5241 сұраққа жауап берілді.

2016 жылы қазақ тілінде «Пәтуалар жинағы» атты кітаптың бірінші томы, 2017 жылы орыс тіліндегі нұсқасы шықты. Онда 20 пәтуа қамтылды.

2018 жылы бөлім мамандарының әзірлеуімен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап шықты. 2019 жылы «Пәтуалар жинағы» атты кітаптың екінші томы шығып, оған 27 пәтуа енді.

2018 жылы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілетті мамандарымен болған келіссөздер мен өзара ымыра нәтижесінде діни мерекелерді бір күнде атап өтуге қол жеткізілді.

Бүгінде алысты жақындатып, жақыныңды алыстатқан ғаламторға қатысты сұрақ та, мәселе де көп. Жалпы, ғаламтордан жақсыны да, жаманды да табуға болады. Дәстүрді танымымызға, ата сенімімізге селкеу түсіріп, алды саяси соғысқа аттанған жастарды арбау да көбіне осы интернет арқылы жүргені әмбеге аян.

Кейбір жастардың діни білімді ғаламтордан алу арқылы радикалды идеологияның ықпалына түсіп жатқаны жасырын емес. Бүгінгі таңда бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ДАИШ сынды жат идеологияның басты ақпарат тарату орны – интернет. Түрлі сайттар мен форумдар, қала берді әлеуметтік желі арқылы дінге сусаған жастарды өз сапына тартудың басты құралы деп білетін лаңкестер интернет жетістіктерін тиімді пайдалануда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы интернет мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға аса мән беріп келеді. Осы мақсатта ғаламтор желісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты www.muftyat.kz іске қосылды.

2019 жылы Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форумы қарсаңында мүфтияттың төл «Мұнара» рухани-танымдық газеті оқырманға жол тартты. Айына 2 рет шығады. Рас, бүгінде адамның ой-пікірін бір арнаға бұруда бұқаралық ақпарат құралының маңызы артып келеді. Өйткені, болған оқиғаға әркім әр ракурстан қарайды. Оны өз деңгейінде қорытып, сараптайды. Алайда біз көп жағдайда ақпараттың бәрін ақиқат деп қабылдап, оны өзгеге тарата береді екенбіз. Алла Тағала Құранның «Хужурат» сүресінде біреу хабар әкелсе, оны анықтауды, әйтпесе бір елге кесіріміз тиіп кететінін ескерткен. Бұл аят әуелі әр нәрсенің анық-қанығын біліп алуды үйретеді.

«Мұнара» объективті ақпарат таратумен қатар, салт-дәстүр, тарих, білім, медицина, т.б. салалар бойынша ғалымдардың ізденісін, зерттеу мақалаларын тұрақты түрде жариялайды. Өйткені, ислам құлшылық пен тіршілікті үйлестіре отырып, өмір сүруге үндейді.

Ислам – өркениет діні. Ол ешқашан кертартпалыққа жол бермейді. Құран – әр адам баласының білім алып, ізденуіне жол ашатын, надандықтан, зұлымдықтан қашық болуға үйрететін, керісінше ілім мен өркениет жолына бастайтын Хақ кітап. Ислам – ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, керісінше ғасырды, заманды алға жетелейтін дін. Төл газетіміздің ұстанымы осы: жастардың санасына сәуле шашу, рухани таным көкжиегін кеңейту.

ҚМДБ жанындағы «Хикмет» телерадиостудиясы алғашқы кезеңде діни-танымдық бағыттағы аудиоөнімдермен қатар бабаларымыздың мол рухани мұрасы, үлгі-өнегесі, аталы сөзін жарыққа шығарды. Сондай-ақ асыл дініміздегі шариғат қағидаларын, Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын салт-дәстүрімізбен ұштастырып, жұртшылыққа насихаттау мақсатында білікті дін қызметкерлерінің бейнеуағызын тарата бастады. Сонымен қатар CD, DVD дисктер мен полиграфиялық өнімдер шығаруды да қолға алды. Қазіргі таңда ел арасында HikmetTV атауымен белгілі болып келе жатқан медиақұрылымға айналды.

«Хикмет» телерадиостудиясы ғаламтор кеңістігінде youtube.com порталы арқылы өз өнімін қалың жұртшылық назарына ұсынып келеді. Студия қызметкерлері әзірлеген «Ықылас» радиохабары «Қазақ» радиосынан, «Иман шуағы» телебағдарламасы «Асыл арна» телеарнасынан тұрақты түрде шығып келеді. Студия халықты рухани-ағарту мақсатында қазақ тілінде және соңғы уақыттары орыс тілінде хабар таратуға көшті. 2015 жылдан бастап студия әлеуметтік-рухани маңызы зор бейнероликтер мен анимациялық өнімдер шығаруды қолға алды.

«Хикмет» телерадиостудиясы көрсетілімдерінің елеулі үлесі шариғат мамандары айтқан рухани-ағартушылық бағыттағы бейнеуағыздарға беріледі. Жыл өткен сайын өнімдердің саны мен сапасына ерекше мән беріп келеміз. Осы жылдан бастап ерекше маңызды бейнеөнімдерді Hikmet.tv порталы арқылы тарата бастаймыз.

Сайып келгенде бұл бастамалар мен игі жобалар – жастарды радикалды діни ағымдардың идеологиясынан құтқарып қалудың қамы. Алайда бұл бағыттағы жұмысты жүзеге асыру баршаға ортақ борыш екенін ұмытпауымыз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әмин!

«Жас қазақ» газеті, №7, 2020 жыл

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: