ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Семей қаласындағы алаштың алғашқы оқу ордасына арнайы келіп зиялы қауым және қоғам белсенділері, ерікті жастарымен кездесті.
Ең алдымен 120 жылдық тарихы бар Алаш арыстары білім алған бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж тарихымен танысты.
Білім ордасының директоры Шағагүл Алдамжарқызы тарихи ғимаратты аралатып, көне жәдігерлерді көрсетті.
Білім ордасының үлкен залында «Дәстүрге беріктік – жат ағымнан сақтанудың кепілі» тақырыбында кездесу өтіп, Бас мүфти кездесуге келген жастарға насихатын арнады.
Дін мен дәстүр – ұлтымыз үшін сабақтасып кеткен құндылықтар. Дін мен дәстүр қайықтың қос ескегіндей, құстың қос қанатындай. Бірінсіз екіншісін елестету мүмкін емес.
Бірін жоққа шығарып, екіншісін ғана дәріптеу де әсте дұрыс емес. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұл жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялауы сондықтан.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَىٰ وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا ۚ إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Уа, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар еттік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.
Яғни, Алла Тағала әу баста адамдарды ұлттарға, халықтарға бөліп жаратқан. Сол себепті, ғаламшарымыздың әр пұшпағын мекен еткен жұрттардың тұратын жеріне, ауа-райына, өмір салтына т.б. факторларға байланысты түрлі әдет-ғұрыптары болуы – заңды әрі түсінікті.
Шариғат шеңберінен шықпайтын салт-дәстүрді ұстануды дініміз шектемейді, құптайды.
Қазір білесіздер ел арасына іріткі салушы топтар бар. Асыл дінімізді кекетіп, бабаларымыздың сан мың жыл ұстанып келе жатқан жолын жоққа шығарғысы келеді.
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек шын көңіл
Өзгесі Хаққа жол емес, – деп айтқан Абай,
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс , – дейді бір өлеңінде.
«Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды дейді 38-қара сөзінде. Міне біздің бабаларымыз Алланы тануда, оның парыздарына мұқият болуда орта жолды таңдаған.
Сондықтан, біз Діни басқарма әркез бабаларымыздың өнегесіне сай шариғат шеңберінде насихатын айтып келеді. Жастарымыздың жат ағым жетегінде кетпей, ұлттық құндылық пен тәрбиеге мықтап жармасқан білімді ұрпақтың өскенін қалаймыз.
Біздің де мақсатымыз сол жас буынның жігерлі, білімді, бірнеше тілді меңгерген парасатты болғанын мақтан тұтамыз. Сонда ғана біз Абай атамыз айтқан толық адам сипатына жатамыз” деп жастарды жат ағымнан сақтануға, ұлтты сүю, тәуелсіз Қазақ еліне мақтанышпен қызмет етуге шақырды.
Кездесу соңында белсенді жастар түрлі сауалдарын жолдап, Бас мүфти арнайы жауап берді. Колледж директоры ризашылығын білдіріп, сапарына сәттілік тіледі.