Біз бүгінде ашық ақпарат заманында өмір сүріп отырмыз. Күн сайын толассыз келіп жатқан жаңалықтарды оқып, өз бетімізше ой түйеміз.
Өкінішке қарай қазір жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіріп, қоғамда қайшы көзқарастарды тудыруға тырысатындар аз емес. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ретінде әрбір ақпаратты саралап, ақиқатына көз жеткізіп, ой қорытуға дағдыланған абзал. Әйтпесе теріс пиғылды жандардың сөзіне еріп, күмәнді ойлардің жетегіне еріп кетуіміз әбден мүмкін.
Шын мәнінде, естіген сөзді айта беру – адамдардың арасын бұзатын, бүлікке бастайтын алғашқы қадам. Бұл – өсек айтумен пара-пар іс. Аллаға иман еткен адам өзіне қатысы болмаған нәрсеге араласып, естіген сөзді жан-жаққа тарата беруіне әсте болмайды. Біз әрқашан ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген хадисін жадымызда ұстауымыз керек. Осы ретте «Сенімде ақпаратқа қалай сүйенеміз?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Қарапайым мысал келтірейік. Өкінішке қарай соңғы кездері діни салаға қатысты түрлі сын айтылуда. Алайда қарапайым азаматтар негізі жоқ, шындыққа жанаспайтын ақпараттарға сеніп қалуда. Әрине Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы діни салаға қатысты туындаған мәселелерге жауап беріп, дер кезінде ресми мәлімдеме жасап, халықты ақпараттандырып отырады. Дегенмен кейбір азаматтар мүфтияттың ресми жауабын күтпестен болған оқиғаны өз бетінше түсіндіріп немесе естіген сөзін халық арасына таратып, асығыстық жасайды. Нәтижесінде бір адамның қателігі мың адамның қателік жасауына түрткі болады. Мұның ақыры адамдар арасында түсінбеушілік тудырып жатады.
Пенденің осындай әлсіз сипаттарын жақсы білетін, сіз бен бізді жоқтан бар етіп жаратқан Алла Тағала бұл туралы баршамызға былай ескертеді: «Уа, иман еткендер! Егер сендерге әлдебір күнәһар адам қандай да бір хабар жеткізсе, оның анық-қанығын анықтап біліп алыңдар. Әйтпесе білместікпен әлдебір қауымның обалына қалып, артынан істеген істеріңе өкініп жүрерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят). Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдардың тұжырымы бойынша, егер шыншылдығына, әділдігіне сенуге болмайтын біреу бір хабар жеткізсе, оның дұрыс немесе бұрыс екенін нақтылау қажет. Оның шындығын білмей тұрып, қандай да бір қауымға жамандық жасап, сол істеріміз үшін қатты өкініп қалуымыз мүмкін. Бұл – қазіргі ақпарат заманында әрбір адамға өте қажет дүние. Естігенімізге сене беретін, не айтса соған иланып, ақпараттың парқына бармай, сараптамай сөйлей беретін жағымсыз істен барынша аулақ болған абзал. Ғұламалардың айтуынша, әр нәрсенің байыбына бармай, естігеннің бәрін айта беру – өсек таратуға жеткілікті іс. Алла бізді мұндай жағымсыз істен сақтасын!
Біреу жайлы немесе бір оқиға туралы айту үшін алдымен оны көруіміз керек. Өзіміз көрмесек те, көргендей етіп тәптіштеп айта салу сіз бен бізге жараспайтын қылық деп айтар едім. Дінмұхамед Қонаев: «Көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді», – деген екен. Данагөй Дінмұхамед дөп айтқан. Өкінішке қарай біз қазір өз көзімізге емес, біреудің алыпқашпа сөзіне сенетін жағдайға жеттік. Бір ғұламаның тұжырымы да осындай оймен тоғысады: «Екі көзің бола тұра екі құлағыңа сенесің бе?!». Соңғы кездері діни салаға қатысты сындар көзбен емес, құлақпен «көргендей» кейіпте жазылуда. Әрине біз сыннан тиісті сабақ алып келеміз. Алайда «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» деп кезінде Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, сынаған адамның сөзі шындыққа жанасуы керек.
Сенімді ақпаратқа сүйенудің тағы бір оңтайлы жолы – мамандардың сөзіне құлақ асу. Еліміздің ертеңі мен игілігі үшін түрлі бастамалар мен жобалар қолға алынып, оны халықтың талқылауына, таңдауына ұсынады. Алайда мәселеден, дәлірек айтқанда сол саладан бейхабар әлдебіреулер өздерінің теріс пікірін қоғамға таңуға тырысады. Әрине пікір білдіруге ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен теріс пікір таратып, халықтың көкейіне күмәнді ой салу адамгершілікке жат іс емес пе?!
Осындай сәттерде қарапайым халық әлеуметтік желідегі танымал адамдардың сөзіне имандай сеніп, шала бүлініп жатады. Адамның сөзі немесе уәжі оның танымалдылығына қарай өлшенбейді. Біз үшін маманның пікірі маңызды. Өйткені ол қаншама жылын өзі таңдаған мамандықты оқумен, сол салада тәжірибе жинаумен өткізді. Сондықтан оның уәжі орынды. Мұндайда халқымыз «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме?! Әрбір саладағы мәселені сол бағытта білім алып, тәжірибе жинаған адам бізге қарағанда жақсырақ біледі. Егер қандай да мәселеге тап болып, ақпараттың анық-қанығын білу керек болса, міндетті түрде білім иелерінен, яғни сол саладағы мамандардан сұрап алуымыз қажет.
Бұл туралы Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде былай деген: «(Уа, Мұхаммед! Ол мүшріктердің сенің пайғамбарлығыңды қарапайым адам баласы болғаның үшін қабылдамауы қисынсыз әрі негізсіз). Сенен бұрын жіберген елшілеріміз де тек (өзің сияқты) Біз уахи беріп отырған ер кісілер болатын. (Ей, кәпірлер һәм басқа адамдар), егер (бұл ақиқатты) өздерің білмесеңдер, (уахиге сүйенген иләһи ілімнен сусындаған) шынайы ілім иелерінен сұраңдар!» («Нахыл» сүресі, 43-аят). Осы аятқа тәпсір жазған Мұхаммед Әли ас-Сабуни өзінің «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабында былай деген: «Уа, Мұхаммед! Сенен бұрын да өткен елдерге адамның өзінен басқа пайғамбар жібермедік. Тәпсіршілер айтады: «Құрайыш мүшріктері Алла елшісінің пайғамбарлығын жоққа шығарып: «Алла бір адамды пайғамбар етіп жіберуден әлдеқайда ұлық. Бізге періште жіберсе ғой» десті. Сонда жоғарыдағы аят түседі. Уа, құрайыш елі! Егер сендер осыны білмейтін болсаңдар, онда Тәурат пен Інжілді білетіндерден сұраңдар. Олар барлық пайғамбарлардың адам екенін сендерге айтатын болады». Бұдан түсінгеніміз – білмеген нәрсемізді білетін адамнан сұрау.
Қоғамда жалған сөз айтылып, жала жабу сынды әрекеттер көбейген сайын, ол жерден береке қашады. Шыншылдық – ең әуелі өз ар-намысы мен иманы алдындағы шынайылығы. Шын сөйлеген адам Алланың алдында шыншыл болып жазылады. Ал өтірік айта берген адам Алла алдында өтірікші «кәззап» болып жазылады. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Ақиқатында шыншылдық – жақсылыққа, ал жақсылық жәннатқа жетелейді. Кісі шындық сөз айта жүріп, Алла құзырында шыншыл болып жазылады. Өтірік – жамандық пен арсыздыққа, ал жамандық тозаққа алып барады. Кісі өтірік сөз айта беру арқылы ақыр соңында Алланың құзырында өтірікші «кәззап» болып жазылады». Алла Тағала бізді мұндай жаман қасиеттен сақтасын!
Адам баласы ауыр күнә жасаса,адамның одан кейін шынайы ниетпен тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп, күнәсін кешіреді. Бірақ Алла Тағала пенде ақысы мен ғайбатты кешірмейді. Өйткені пенде ғайбат айту арқылы Алланың ақысына емес, адамның ақысына қол сұғады. Сондықтан сол адамнан барып кешірім сұрап, одан кешірім алса ғана, Алла Тағала оны кешіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Ғайбаттан сақтаныңдар! Өйткені ғайбат – зинадан да ауыр. Зина жасаған адам тәубе етіп, екінші рет ол іске бармаса, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Ал ғайбат айтқан адамнан кешірім алмайынша, кешірілмейді», – деген.
Адамның табиғаты өзгені талқыға салып, ол туралы біреудің ойын білгісі келіп, әңгіме тасуға жақын тұрады. Біреу туралы сыбыс ести қалса, оны басқа біреуге айтуға асығады. Өсек дегеніміз – екі адамның арасын араздастыру үшін айтылатын опасыз сөз. Өсектің ауыр күнә болғаны сондай, ораза ұстаған адам өсек тасыса, тұтқан оразасы қабыл болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Һумәзә» сүресінің 1-аятында: «Әрбір жамандаушы мен жәбірлеушіге қандай өкініш», – деп қатаң ескерткен. Алла Тағала баршамызды өзгенің ақысына кіруден аман етіп, тілімізді жаман сөзден сақтауға күш-жігер нәсіп еткей! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №11, 2024 жыл