«Жыл бойы білім жолындағы амалдарыңызға Алла мол сауаптан жазғай» деп атап өтті Бас мүфти. Бұл туралы мүфтият сайтында жарияланды.
Құрметті ұстаздар мен шәкірттер!
Осымен оқу жылы да өз мәресіне жетті. Жыл бойы табандылық танытып, шәкірттерге ықыласпен білім берген ұстаздарға айрықша алғысымды жеткіземін. Ілім іздеп, білімді болуға талпынған шәкірттерге де риясыз ниетпен ризашылығымды білдіремін.
Расында, қай кезеңде, қай қоғамда болсын, өз дінін, тілін, тарихын, мәдениеті мен әдебиетін білген, сонымен қатар шет тілдерін меңгерген, ойлау деңгейі жоғары тұлғалар қашан да көшбасшы болған. Олар қоғамның үлгі алар тұлғасына айналған.
Қасиетті кітабымыз Құранда: «Алла сендердің араларыңнан иман келтіргендер мен білім иелерін жоғары дәрежелерге көтереді» («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят) делінген. Алла Тағала білім мен хикмет ілімін үйренген пендесінің дәрежесін осылайша арттырып қояды.
Біз имамдар форумында қабылданған «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжатында, «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасында білім алудың маңызын айрықша атап өттік. Жеті рухани қазықтың бір ұстыны ретінде білім алуды бекіттік.
ХХІ ғасырдың мұсылман қауымы біліммен қатар даналық ілімін бойына сіңіріп, қоғамды ізгілік пен бірлікке бастаушы тұлғаларға айналуы тиіс. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген.
Әйгілі ғұлама Әбу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану – бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы…» – деген екен. Жыл бойы білім жолындағы амалдарыңызға Алла мол сауаптан жазғай.
Құдайға шүкір, бүгінде діни салада білім алуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Медреселеріміз колледж мәртебесін алды. Нұр-Мүбарак университетінде докторантура бөлімі ашылды. Мемлекетіміз жыл сайын 200-ге жуық білім грантын бөлуде.
Алла Тағала баршамызға пайдалы білім алып, еліміз бен дінімізге қызмет ете беруді нәсіп еткей! Әмин!