СҰРАҚ: Дәрет дегеніміз не? Және дәретсіз қандай ғибадаттар орындалмайды?
ЖАУАП:
Ислам тазалыққа ерекше көңіл бөлуге шақыратын дін. Бұған Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы»[1], «Тазалық – намаздың кілті»[2] деген сөздері бірден-бір дәлел. Адам өмірінде тән тазалығы мен гигиенаның маңызы бөлек.
Діннің мақсаты – адамды жетілдіру, яғни ғибадат ету арқылы оның тәнінің рухани өрлеуіне және Жаратушымызға жақындауға септігін тигізу. Бұл жүректің тазаруын ғана білдірмейді, адамның жан мен тәннен тұратындығын білдіруде. Сондықтан, намаз оқуға ниет еткен кісінің тәні мен киген киімінің, ғибадат ету орнының тазалығын сақтаудың маңызды екендігі жайлы Құранда:
«Ақиқатында Аллаһ тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза жүргендерді жақсы көреді»[3] делінген.
Негізі тазарудың мақсаты – діни талапты орындау, рухани тазаруға ұмтылу. Сондықтан, дәрет алудың ең маңызды ерекшелігі – ғибадат етуге дайындық. Тазару үрдісінің өзі де ғибадат. Демек ғибадатқа тәнімен де дайын болу үшін кіші дәрет алу керек.
«Дәрет» сөзі араб тілінде тазару дегенді білдіреді, баламасы «уду» сөзі. Оның сөздік мағынасы – сұлулық, жарқындық пен тазалық. Қазақ тілінде дәрет пен уду терминдерінің мағыналық аудармасы ретінде «кіші дәрет алу» сөзі қолданылады.
Шариғатта кіші дәрет алудың үкімі – парыз. Бұл жөнінде Аллаһ тағала Құранда:
«Уа, иман еткендер! Намазға тұратын кезде жүздеріңді және шынтақпен қоса қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, екі аяқты тобықпен қоса жуыңдар»[4] деген.
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген хадисінде ғибадат орындау үшін кіші дәрет алудың маңызы көп екенін ескерткен. Онда: «Дәреті бұзылған кісі дәретін қайтадан жаңартпайынша, Аллаһ оның намазын қабыл етпейді».
«Аллаһ дәретсіз намазды және Аллаһ разылығы үшін берілмеген садақаны қабыл етпейді» дейді.
Қортындылай келе айтарымыз, әрбір мұсылман ғибадат етер алдында кіші дәрет алуға міндетті. Оның денесі таза болған жағдайда да, рухани тазару үшін кіші немесе үлкен дәретті алуы тиіс.
Кіші дәретсіз келесі ғибадат түрлерін орындауға болмайды:
1. Міндетті (парыз) немесе қосымша (нәпіл) намаздарды орындау;
2. Марқұмға оқылатын (жаназа) намазды орындау;
3. Құранда «тиләуәт сәжде» деп аталатын белгілі бір жерлерді оқу барысында сәжде ету;
4. Қағбаны айналу (тауап ету);
5. Құранды ұстап, қолға алу.
Алайда дәрет болмаған
жағдайда, Құранды жатқа немесе қолмен ұстамай парақтан қарап оқуға болады.
[1] Мүслим, «Дәрет», 1.
[2] Әбу Дәуіт, «Салә», 73; Тирмизи, «Дәрет», 3.
[3] «Бақара» сүресі, 222-аят.
[4] «Мәида» сүресі, 6-аят.
(«Күнделікті діни сауалдарға жауаптар» кітабынан)