Діни экстремизмнің алдын алудағы мәдени құндылықтардың маңызы қандай?

Діни экстремизм мен терроризм жаһандағы дамыған елдер етегіне жегі жұрттай жармасты. Әлемді алаңдатқан басты проблемаға айналды.

Тарихта тайға таңба басқандай елеулі мұрасы, өткені бар тәуелсіз елімізді бұл мәселе толғандырады. Өйткені, діни ахуалдың тұрақты болуы – ел тыныштығының кепілі болмақ.

Адамзат өркениеті мен мәдениетінің дамуына ерекше серпін берер әлеуметтік феномен ол – дін. Сондықтан, ол жақсылықтың жаршысы, ізгіліктің ордасы, ел  тұрақтылығының алтын діңгегі болуы тиіс. Дегенмен, саяси күштер дінді саясаттың құралы етіп алып, қатыгез саяси мақсаттарын жүзеге асырады.

Қазақтың қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов:  «Дін шарттарын,  шариғат  бұйрықтарын  өлеңді  хикая, өлеңді әңгіме  түрінде  айтып,  халықтың  құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» деген. Сөздің жаны бар,  түсінгенге мәні терең.  Теріс идеология діннің атын жамылып, қисынсыз дүниелермен көз қызықтырады. Жеке тұлғаның миын жалған ақпараттармен улайды.

Әрине, діннен хабары жоқтар, қазанында қайнамағандар құлаққа жеткен мәліметке иланады. Мұның жолы біреу, ата салтты сақтап, оны ұлықтау. Сол арқылы дінді адамзаттың рухани мәдениетінің маңызды бөлшегінің біріне айналып, рухани байланыстан, ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі, адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көруге мүмкіндік туғызған абзал.

Діни экстремизм мәселесі қоғамда белсенді талқыланып жатыр. Зерттеліп, зерделенуде. Әсіресе, оны ел ертеңі болар жастармен бірге талқылаудың маңызы зор. Себебі, дін қазіргі жастарға әсер ететін белсенді күштердің бірі болып табылады. Жастар теріс ағым туралы мол мәліметті біліп, қанығуы қажет. Экстремизмнің алдын алудың  бірден-бір жолы — олар туралы шынайы мәлімет беріп, зияндылықтарын баяндау.

Сонда әр қадамын ойланып жасайтын болады. Қынжылтатыны сол, жасөспірім балалар үшін ақпарат құралдарының беретін мәліметі де жеткілікті емес. Осы олқылықтың орнын толтырған абзал. Экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсеткен жөн.

Түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізгенде ғана ол оң нәтиже бермек. Осы орайда, бүгінде ҚМДБ тарапынан Атырау облысында бірқатар ілкімді істер атқарылуда. Атап айтсақ, мешіт жанындағы медреселер жастар үшін қызмет атқаруда. Имамдарда осы жолда аянбай жұмыс жасауда. Осы бағытта медиа дәрістер мен арнайы шаралар өткізілуде.

Ел жұртшылығына, әсіресе жастар жағы діни ағымдардың кері жағымен же таныс болуы керек. Қазақ халқы бірлік пен ынтымақтың маңыздылығын жете түсінген. Олай болса, бабаларымыздың «Алтау ала болса – ауыздағы кетер, төртеу түгел болса – төбедегі келер», – деген ұлағатты сөздерін алға тарта отырып, дінаралық татулық пен ауызбіршілікте өмір сүру үшін ұлттың салт-санасын сақтау арқылы діни экстремизм мен сыртқы рухани шабуылдардан қорғаудағы бірлесіп жұмыс жүргізетін негізгі бағыттары осы болмақ.

Эммат ҒҰМАРОВ,

Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы.