Ислам және қазақ мәдениетінің сабақтастығы

Сан ғасырлық Еуразия өлкесінің тарихы, қазақ халқының этногенезі мен этнографиясын зерттеу барысында қазақ мәдениеті мен руханияты ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады.

Өйткені, халық санасына иcлам діні бейбіт жолмен сіңісті. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің аумақты мекен еткен ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яассауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және т.б. мұраларының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түспек.

Академик Ғарифолла Есім, «Ұлттық идея – ел санасы» атты мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам туралы сөз қозғай отырып, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге, дінге деген көзқарастарда әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып, білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», – деп атап көрсеткен болатын. 

Қазақстанның кең-байтақ аумағы мен Еуразия аумағын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғ. басында ислам дінін қабылдап, кейін осы аумаққа иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымында ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп, қадір-қасиетімен біріктірген. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдерде өлкемізде түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршендік танытқандығына тарихи деректер дәлел болады.

Тіпті атеизм жарияланған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымындағы исламды жоя алмады. Халық санасы бір құдіретті күштен қорқып,оған жасырын түрде сиынуды тоқтатпады. Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабымен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Абай философиясындағы исламдық болмыс қазақ дүниетанымында Әлем мен адам контекстінде сипатталған. 

Тоталитарлы-отаршылдық саясаттың күші мен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақырып, рухты оятып, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылып, тәуелсіздігімізбен бірге насихаттала бастады. Қазақ даласындағы ислам ерекшеліктерін талдауда әлі күнге дейін отандық ғалымдар арасында бір тұжырымға шынайы біріккен пікірлер аз.

Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор. Миллиондаған қазақстандық жастардың өз өмірін өзгертуі, салауаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында ислам құндылықтары мен байланыстыруы исламның қазіргі таңдағы қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.

Еламан БЕГАЛИЕВ,

Құрманғазы ауданының бас имамы.