Шетелдік теологиялық оқу орындарында оқудың қаупі туралы білесіз бе?

Шетелден білім іздеп жүрген отандастарымыздың саны барған сайын артып келеді. 300-ге жуық қазақстандық студент шет елдерде теологиялық білім алып жүр. Бұл Статистика комитетінің берген ресми мәліметі.

Ал осы шетел асқандардың алып жатқан білімі қандай? Шетелде берілген діни білім елге пайдасы қаншалықты? Сондай-ақ қазіргі таңда білім алушылардың қатарында жат ағымдарға кетіп қалғандар бар ма деген сұрақтар да өзекті болып отыр.

Қазіргі таңда деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден-бір жолы – діни білімнің деңгейін арттыру. Сондықтан отандық дін саласындағы мамандарға қойылатын талаптарды күшейтіп, білігін шыңдау маңызды болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында дін саласындағы мамандарға қажеттілікке айрықша мән берілді. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев еліміздегі дін мәселесіне байланысты орын алған осы бір өзекті мәселелер арнайы тоқталып:

– Ел азаматтарының шетелде діни білім алуының реттелмеуі, олардың деструктивті діни идеологияның жетегінде кетуіне және өз елінде маман ретінде сұранысқа ие болмауына әкеп соқтырады. Шетелдің күмәнді діни оқу орындарына оқуға кеткен қазақстандықтарды елге қайтару проблемасы әлі де өзекті болып отыр.

Осыған байланысты азаматтарымыздың шетелдік діни білім беру ұйымдарында теологиялық білім алу тәртібі реттеуді талап етеді.

Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет,- деп атап көрсеткен-ді.

Ал білімді Қазақстанда емес, шетелдегі оқу орындарында діни білім аламын деген кез-келген қазақстандық Діни басқармадан арнайы жолдама алуы тиіс. Рұқсат алмай, өз бетінше білімін жетілдіруге кеткен білім алушылардың деструктивті діни ағым жетегінде кетуіне ықтималдығы жоғарырақ дейді мамандар.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Түркия Pеспубликасының Дін істері басқармасы арасындағы келісім бойынша Түркиядағы «Хасекеи» университетінде 2013 жылдан бері қазақстандық жастар діни білім алуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни білім және кадр дайындау бөлімінің мәліметі бойынша «Хасекеи» университетінде оқу шығындары толығымен Түркия тарапынан төленеді. Аталған оқу орнына Қазақстан тарапынан 116 студент қабылданып, олардың 108-і аяқтап қайтты. Қазіргі кезде «Хасеки» университетінде 43 студент діни білім алуда.

 Ал «Әл-Азһар» университеті 2019 – 2020 оқу жылына бөлген 32 грантқа Нұр-Мүбарак университетінен және медреселерден 32 студент қабылданған. Бүгінде «Әл-Азһар» университетінде 80-нен астам қазақстандық студент оқиды.

Жамбыл об­лыс­тық дін істері басқармасы ислам бағытындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Ақбай шетелде діни білім алушылар туралы өз пікірін былай білдіреді.

– Шетелге оқу­ға кеткен жастарды қай­­тару мәселесі бар. Біз діни жоғары білімді Қазақстанда ал­дық. Туған жерде оқығанға ештеңе жетпейді. Ең әуелі маман мәселесін шешіп ал­ған дұрыс. Еліміз бойынша Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масына қарасты 9 медресе бар. Бұл медресе­лер­де де мамандар даярланып келеді.

Бірін­шіден, жас­тар асыл дініміз исламның қадыр-қасиеттерін бо­йларына сіңіруі керек. Мешіттерде бүгінде әлеу­мет­тік жағ­дайы төмен, асырау­шысынан айы­рыл­ған отбасыларға түрлі көмек көр­сеті­леді. Сонымен қатар жастарға дін тағылым­дары үйретіледі,- деп елімізде діни білім алудың ыңғайлы артықшылықтарына тоқтала келе, шетелдерде дін оқуын оқып жүргендерге білім алуды елде жалғастыруға мүмкіндік жасап, оларды қайтару керектігін айтады.

ҚМБД өкілінің мәліметінше, шетелде білім алып жүргендердің көбі Египетте оқиды. Ал өз беттерінше шекара асып, сол жақта түрлі жат ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар жайлы ресми деректер жоқ. Қазақстан имамдарын алаңдатып отырған да –  осы мәселе. Өйткені өзге мемлекеттерге білім алу мақсатында барып, Сирияға өтіп кеткен жастар жетерлік.

 

Имамдар нақ осы өз бетінше білім алуға барғандардың жат ағымдар шырмауына түсу қатері көп екендігін айтады.

– Алғашқы діни білім негізі жоқ, өзіміздің дәстүрлі мұсылман құндылықтарымызды үйренбеген, медресе табалдырығын аттап, сауат ашпаған жастар үшін  шетел асып, білім алу – қауіпті. Оның себебі – жастардың ол жақтағы іс-әрекетін, білім алу бағытын ешкім қадағаламайды. Белгісіз білім ошақтарының ата дінімізді қаншалықты оқытатыны, жалпы не үйрететіні бізге беймәлім.

Діни білім алғысы келгендерге шекара аспай-ақ Қазақстанда да оқуға болады. Мешіттерде сауат ашу курстары бар. Білімін ары қарай жалғастырғысы келгендер медреселерге, университеттерге бара алады. Шетелге шықпас бұрын өзіміздегі оқу орындарында сауат ашып, діни білімі негізін қалаған жөн.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рұқсатынсыз, бейресми, өз бетімен оқуға кеткен жастар елімізде тыйым салынған секталар өкілдерінің тәлімін алып, бүлдіргі ағымдардың жетегінде кетіп қалатын болса, ол – қоғамға қауіп,- дейді Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы Аян Алыпқашев.

Бұдан бұрын шетелде білімін жетілдіремін деп, теріс ағымдардың кесірінен Сириядағы соғысқа өтіп кеткен атыраулық қыз өз өкінішін білдірген еді.

Бұл ретте Дін істері басқармасы және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан ілім іздеп, шетел асқандардың ата-аналары мен туған туысқандарымен профилактикалық шаралар тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Мамандардың айтуынша, шетелге кетуге жиналғандардың барлығы құжаттарын өзге мемлекетке «Шетелге турист ретінде барамын» деп толтыратын көрінеді. Ол үш айға жарамды. Сол жақта жүрген кейбір азаматтарға көші-қон туралы заңды бұзғаны үшін айыппұл салынып,  ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Яғни, елге оралуға мүмкіндік қиындай түседі.

Мақсот БАҒЫТЖАНОВ,

«Мәулімберген» мешітінің  имамы.