Тұңғыш мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы “Парасат” орденімен наградталды

ҚМДБ-ның тұңғыш төрағасы, бүгінде Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы Есік қалалық мешітінің бас имамы болып қызмет атқаратын Рәтбек қажы Нысанбайұлына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» ордені берілді.

Осыған орай Талдықорғанда арнайы басқосу өтіп, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марапатты иесіне табыстады.

Алдымен қонақтарға жылы ықыласын білдірген облыс әкімі Амандық Баталов: «Бүгін біз жақсы жаңалықпен бас қосып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ардақты ағамыз Рәтбек қажы Нысанбайұлын діни-рухани салаға сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдап, осы награданы кеудеңізге ерекше құрметпен тағу міндетін маған жүктеді. 80 жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында беріліп отырған осы лайықты марапатыңызбен құттықтау салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы да арнайы келіп отыр. Бұл – бәріміздің сізге деген құрметіміз», – деп Рәтбек қажының кеудесіне «Парасат» орденін тағып, өз атынан жазылған құттықтау хатын ұсынып, иығына шапан жапты.

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сөз алып, басқарманың атынан сый-сияпат көрсетті. Рәтбек қажының Орта Азия мұсылмандары діни басқармасы құрамынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеке шығып, шаңырақ көтеруіне тікелей мұрындық болған еңбегін атап өтті.

«90-жылдары қиын кезеңде елдегі имандылықтың бастауында өзіңіз тұрдыңыз. Біз шәкірт боп сізге ілестік. Өзіңіз бастаған іс аяқсыз қалмады. Аллаға шүкір, мешіттеріміздің саны артты. Елде иманды қоғам қалыптасты. Сізге ұзақ ғұмыр, жақсылық тілеймін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Рәтбек қажы Нысанбайұлы өз кезегінде еңбегін елеген Елбасыға, Президентке, облыс басшылығына ризашылық білдіріп, осы қуанышқа орай ыстық ықылас білдірген барша жанға рахмет айтты. Ақсақал ел мен жер тарихы, рухани құндылықтар жайында әңгіме қозғап, осының бәрі кейінгі ұрпаққа бағдар болар жол болуы тиіс екенін атап өтті.

Жиынға сондай-ақ Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемейіт, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы қатысты.