Атырауда жазасын өтеушіге Бас мүфтидің аманаты тапсырылды

«Жусан» операциясымен елге оралып, Сирия жерінде жас өмірін әрі денсаулығын құрбан етіп келген Е. есімді жазасын өтеушіге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының аманаты – мүгедектік қоларбасын Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы арнайы апарып берді.

Бұған дейін Атырау облысына жұмыс сапарымен келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы терроризм бабымен істі болып, жазасын өтеп жатқандармен жалпы және жеке кездесу өткізген болатын.

Сол кезде мүмкіндігі шектеулі Е. есімді азаматпен жеке кездесіп, сұхбаттасқан еді. Оның денсаулық жағдайына алаңдаушылық танытқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Е. есімді азаматтың жүріс-тұрысына қолайлы болу үшін, қоларба алып беруге уәде еткен болатын.

«Біз ықылым заманнан Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған халықпыз. Дініміз бен ділімізге берік болсақ, бізді сырттан жау алмайды. Қазақ бауырын өлімге қимаған халық.

«Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» деп, бауырға басатын да қазақ. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақтың көрегендігін, бауырмалдық қасиетін тағы бір паш етіп отыр» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.