Атырауда тағы 25 мешіт салынады

Бұл туралы Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы inbusiness.kz сайтына берген сұхбатында хабарлады.

“Жоспар бойынша облыста тағы 25 мешіт болуы тиіс. Оның төртеуі Атырау қаласында бой көтереді. Қалған мешіттер құлшылық үйі жоқ ауылдарда салынады.

Қазіргі таңда мешіттердің нақты салынатын орындары бекітілді. Мешіт салудың да өзіндік талаптары бар. Мәселен, мешіт ең алдымен заманауи және қазаки нақышта салынуы тиіс. Сонымен бірге, мешіт жанынан имам үйі, асхана, дәретханасы салынуы керек. Осындай құрылыстардың барлығын демеуші толықтай өз жауапкершілігіне алуы тиіс. Мұндай шарт жергілікті жерлерге діни кадрларды тұрақтандыру үшін маңызды” дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Еске сала кетелік, қазіргі күні облыста 33 мешіт жұмыс жасап тұр. Оның жетеуі Атырау қаласында, қалғаны аудандық жерлерде орналасқан.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз-қызметі.