Діни қиссалар – Пайғамбарлар мен әулие-әмбиелер, періштелер мен сахабалар, т.б. өмірі мен олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелеген шығармалар. Діни қиссалар сюжеті Құран Кәрімнен алынған.
Өйткені, Құран Кәрім тек діни кітап қана емес, сонымен бірге, араб классикалық әдебиетінің де ғажайып үлгісі. Негізінен, қарасөз түрінде айтылатын ертегілер мен әңгімелерді, аңыздар мен әпсаналарды араб тілінде қисса десе, парсы тілінде «дастан» деп атайтыны мәлім.
Алайда қазақ қауымы Шығыс хикаяларының өлең жырға айналдырған үлгілерін ғана «қисса» немесе «дастан» деп таныған. Құран Кәрімде барлығы 114 сүре бары мәлім. Солардың әркайсысына көркем түсініктеме ретінде берілген хикаяларды Адам ата мен Хауа анадан бастап (барлығы 25 Пайғамбар), ең соңғы Мұхаммед Пайғамбарға (с.а.у.) дейінгі бүкіл адамзат баласы тарихының елеулі кезеңдері қамтылған.
Құран Кәрімдегі түрлі діни хикаяларды барынша көп қамтып, әрі оны мейлінше кең көлемде таратып түсіндіретін осындай қиссалардың бірі – Бурхонуддин Рабғузидің (XIV ғ.) «Қиссаси Рабғузий» немесе «Қисса-с ул әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы. «Қиссаси Рабғузи» – Пайғамбарлар мен әулиелер, сахабалар мен жын-шайтандар, т.б. туралы әңгімелер жинағы. Мұнда барлығы 79 хикая бар. Солардың барлығын идеялық мазмұны жағынан үш топқа бөліп қарастыруға болады:
Алла Тағаланың Жер мен Көкті, адамзатты, хайуанаттар мен тау тасты, бүкіл әлемді жаратқаны туралы хикаялар;
Пайғамбарлар, әуле-әнбиелер, сахабалар, тағы басқалардың өмірі мен іс-әрекеттері жайындағы аңыздар;
һижраның (мұсылман жыл санауы) алғашқы он жылы ішінде болған тарихи оқиғаларды бейне бір шежіре түрінде баяндайтын хикаялар болып келеді. Мәселен, «Нұх ғалейхиссалам» деп аталатын хикаяда бүкіл жер бетін топан су басып кеткені, сонда Нұх Пайғамбар кеме жасап, әртүрлі жан-жануарларды сақтап қалу үшін олардың әрқайсысынан бір-бір жұптан кемеге салып жүргені, кеменің түбін тышқан тескені, оны жылан бекіткені, т.б. әңгіме болады.
Сондай-ақ, «Қиссаси Рабғузийде» Ибраһим, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Ілияс, Мұхаммед Пайғамбарлар (с.а.у.) туралы да қызықты хикаялар бар. Қиссада Пайғамбарлар қарапайым адамдарша өмір сүріп, қоғамда түрлі оқиғаларға араласып отырады. Кезінде қазақ халқы арасында ауызша да, жазба түрінде де кең тараған діни мазмұндағы қиссалар көп болған. Бұлардың бәрін тақырыптық жағынан үш топқа бөліп қарастырған жөн.
Біріншісі – бұрын басқа дінде болған адамдарды Ислам дініне енгізу идеясын жыр еткен Діни қиссаларлар. Бұған «Сал-сал» және «Заркүм» қиссаларының сюжеті дәлел. Бұл қиссаларда Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) өзінің төрт серігімен (Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әзірет Әли) әскери жорықтарға аттанады да, ұдайы жауды жеңіп, оларды Ислам дінін қабылдауға мәжбүр етеді. «Сал-сал» қиссасы Әзірет Әлидің Сиқыр шаһарына жасаған әскери жорығын суреттеуден басталады. Бұл кезде Мекке қаласында Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) жалғыз өзі қалған еді.
Соны білген Жәмшид патша дереу Меккені жаулап алу үшін қалың қол жіберіп, соғыс ашады. Алайда Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) өз әскерімен оларға қарсы шығып, ұзаққа созылған шайқастардан соң Жәмшид, Пайруз, Қитар патшаларды жеңіп, олардың халқына Ислам дінін қабылдатады. «Зарқұм» қиссасында қылышын айдаһардың уымен суарған Зарқұмға қарсы Мұхаммед Пайғамбардың өзі жекпе-жекке шығып, жеңеді. Зарқұмға мұсылман болудың басты шартын орындатады, яғни оған «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Алланың кұлы әрі елшісі» деғен қағиданы айтқызады.
Екінші топтағы қиссалар – өмір жолындағы қиындықтарды жеңе білуғе, төзімділікке, мейірімділікке, достыққа, халық үшін еңбек етуғе, махаббат адалдығына үндейді. Бұған «Әзірет Әлидің құлдыққа сатылғаны», «Әзірет Әлидің сараң байды дұрыс жолға салғаны», «Жүсіп-Зылиха» қиссалары дәлел.
Үшінші топтағы қиссалар – бақи дүниедегі, яғни жүмақ пен тозақтағы өмірді бейнелен көрсетуге арналған шығарма болып келеді. Мұндай қиссаларда әрбір пенде жалған дүниеде жасаған күнәсі үшін Алла алдында жауап беретіні негізгі идея ретінде жырланады. Мәселен, «Жұма-жұма» (Қазан, 1881) қиссасында тірі кезінде жасаған күнәлары үшін, әрі мұсылманның бес парызын орындамағаны (Алладан басқа Тәңір жоқ екенін мойындамағаны, намаз оқымағаны, зекет бермегені, ораза үстамағаны, қажылық ғибадатын орындамағаны) үшін тозақ азабын тартып жатқан Жұма-жұма деген адамның бейнесін суреттеп көрсетеді.
Қиссада Жұма-жұманың тозақтағы жан төзгісіз азапты өмірі нақты штрихтар арқылы берілген. Ал «Әзірет Әлидің пыраққа мініп, Миғражға шығуы» деп аталатын қиссада тірі кезінде адамдарға жақсылық жасағаны үшін Әзірет Әлидің жұмақта Пайғамбарлармен кездесіп, сұхбат құрғаны, хор кыздарымен әңгімелескені қызықты сюжет арқылы жырланған. Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қиссалар жазып, кезінде нәзира дәстүрін үстанған бір топ ақындар қазақ әдебиеті тарихында «кітаби ақындар» деп аталып кеткені мәлім.
Солардың ішінде Діни қиссаларды ең көп жазған ақын Шәді Жәңгірұлы (1855 – 1933) деуге болады. Шәді ақынның Ташкентегі Ғарифжанов баспасынан әр жылдары жарық көрген «Хайбар» (1910), «Назым Сыяр Шариф» (1917), «Қарынның жер жұтқан оқиғасы» (1917), «Қисса Бәлгәм Бағұр», т.б. қиссалары Ислам сенімінің негіздерін түсіндіруге арналған. Жалпы діни қиссаларда басқа ешбір Құдайдың жоқтығы, Алланың барлық Пайғамбарлары мен періштелерінің өнегелі өмірі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) адамзат баласы алдында атқарған ізгі істері зор шабытпен жырланған.
Діни қисса имандылыққа, қанағат-ынсапқа, күншіл болмауға, біреуге зорлык-зомбылық жасамауға, жетім-жесірлерге көмек көрсетуге, қайырымдылыққа, т.б. ізгі қасиеттерге үндейді.
Мұнархан АЛИМОВ, «Дина» базары намазханасының молдасы.