Қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов Атырауға 26 ​ миллион 450 мың теңге көлемінде дәрі-дәрмек және 50 миллион тұратын 5 ИВЛ аппарат жөнелтті (+ ФОТО, + ВИДЕО)

amin.kz/ 18 шілде, 2020 жыл.  Атырауға «Сәби» қайырымдылық қоры арқылы мемлекет жəне қоғам қайраткері  Иманғали Тасмағамбетов 26 ​ миллион 450 мың теңге көлемінде дәрі-дәрмек жөнелтті.

Бүгін «Иманғали» мешіті дәрі-дәрмек тиелген жеті көлікті аудандарға аттандырды. ​

Дәрілер Атырау қаласында және облысқа қарасты барлық жеті аудан бойынша науқастанып, ем қабылдап жатқан 3000-нан астам адамға еріктілер арқылы таратылады.

Ескерерлігі, дәрілер үй жағдайында ем алып жатқан науқастарға үлестіріледі. Қазіргі уақытта  амбулаторлық жағдайда ем алып жатқан тұрғындар үшін бұл үлкен демеу болары анық.

Дәрі-дәрмек дәрігер нұсқаулығына сай жазылған рецепт бойынша таратылатын болады.

Айта кеткен жөн, дәрілер мешіттерде таратылмайды. Науқастар 8707 300 60 09, 8 708 524 9894 және 8700 752 19 95 уатсап номерлеріне хабарласа алады. Көрсетілген мекен-жайға «Иман жастары» еріктілері және жастар дәріні жеткізіп беретін болады.

Сонымен бірге, «Сəби» қоры Атырау халқына жалпы құны 50 миллион теңге болатын 5 ИВЛ яғни, жасанды тыныс алу аппараттарын жолдады.

» Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атымтай жомарт ағаларды қиын жағдайда көмек қолын созуға үндеген болатын. Алланың қалауымен дүйсенбі күні аппараттар Атыраудағы емдеу орталықтарына табысталатын болады.

Және «Сəби» қорының қолдауымен тағы осындай 5 ИВЛ аппарат әкелінеді деп күтілуде» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.

Тағы бір айта кетерлігі, Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешіті жергілікті «Зекет» қорымен бірлесіп, жергілікті халыққа ИВЛ аппараттар алуға жәрдемдесуге үндеу жариялаған болатын.

Жиналған 2​ млн 387 мың теңгеге жасанды жолмен тыныстандыратын аппараттар алынбақшы.

«Қазіргі уақытта Түркияға шағын он аппарат үшін қаржы жөнелтілді. Алла қаласа алдағы аптада тағы он аппарат емдеу орталықтарына тапсырылады. Біз біргеміз» дейді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы. ​

Еске сала кетелік, елімізде орын алып жатқан ауыр жағдайға байланысты, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Зекет» қорымен бірлесіп, «Өмірге үміт сыйла» жалпы халықтық акциясын жариялаған болатын.

Аталмыш акция Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітінде де жалғасын тапты.

Орталық “Иманғали” мешітінің баспасөз – қызметі.