Ішкі істер министрі Президентке дәрі-дәрмекті заңсыз сату фактілері туралы баяндады

amin.kz/ 20 шілде, 2020 жыл. Ішкі істер министрі Қазақстан Президентіне дәрі-дәрмекті заңсыз сатудың жолын кесу және карантин шараларын бұзу фактілері туралы баяндады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес мәселелері жөнінде өткен селекторлық кеңесте құқық қорғау, денсаулық сақтау және жергілікті атқарушы органдар дәрілік заттар мен медициналық құрал-жабдықтарды сату бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауда және оның жолын кесуде тұрақты түрде ведомствоаралық жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты.

Кеңесте Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев есеп беріп, ІІМ денсаулық сақтау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 18 мыңнан астам рейд жүргізгені туралы баяндады. Көрсетілген кезеңде барлығы 4000-нан астам карантинді бұзушылар анықталып, шара қолданылды.

Атап айтқанда мұндай жағдай Алматы қаласында, Ақмола, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында көп тіркелді. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды заңсыз сатудың жолын кесу бойынша (5 шілдеден бастап) ішкі істер органдары заңсыз айналымнан 65 мыңнан аcтам қорап дәрілік препараттарды, жарты миллион медициналық маска мен 36 мың медициналық бұйымды тәркілеген. Олар қымбат бағада сатылған.

Сондай-ақ ішкі істер органдары дәрілік заттарды заңсыз сатудың 348 фактісінің жолын кесті. Полицияға 284 адам жеткізілді, оның 138-сі медицина саласының қызметкерлері. Дәрі-дәрмектің көп көлемі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Атырау қалаларында алынды. Алынған медициналық препараттар аумақтық денсаулық сақтау органдарына беріледі. Сонымен қатар Е.Тұрғымбаев ішкі істер органдары жүргізіп жатқан қоғамдық тәртіпті сақтау және қолданыстағы шектеу шараларын қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.

Бұл міндеттерді орындау үшін күнделікті 13 000 полицей, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және 1000 ерікті жұмыс істеуде. 4 облыста 2 санитариялық және 9 блокбекет қойылды. 241 жұқтыру ошағы мен 366 карантиндік нысан қоршауға алынды.

Кеңес қорытындысы бойынша, Президент ішкі істер органдары бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын, ал, кінәлілер заңнамаға сәйкес жазаланатынын атап өтті. Бұл тапсырманың іске асырылуын бақылау ҚР Президенті Әкімшілігінің үйлестірумен Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.