Дін адамзатпен бірге жасасып келе жатқан рухани қажеттілік болғандықтан, қоғамда әркез өзінің қажеттілігін сездіреді. Діннің қоғамда атқаратын бірқатар маңызды қызметтері бар.
Дүниетанымдық, рухани құндылықтарды тасымалдаушы, жұбатушы, отбасы-неке қатынастарын реттеуші, интегративті-дезинтегративті қызмет т.б. Дегенмен соңғы жылдары Қазақстан қоғамында діннің мәртебесі мен беделі көтеріліп, дінге сенушілердің саны артты. Дін факторының белсенді рөл алуына байланысты өзіндік бірқатар мәселелер туындады. Әсіресе, діни сауатсыздықтың салдарынан орын алған келеңсіздіктер жалпақ жұртшылықпен қатар дін мамандарын да алаңдатқаны анық. Осы орайда діни сауаттылық мәселесін арнайы қозғамақпыз.
Діни сауатсыздықтың кесірі
Бүгінгі күні қоғамдық проблемалар қатарында дін жолында адасушылар да өз алдына бір топты құрап отыр. Дінге үлкен сеніммен келгенмен үйретушісі дұрыс болмаса, ол адамның жалпы дін жолынан, сонымен қатар Қазақстан мұсылмандарына тән жолдан ауытқып кетуі өте оңай. Қазақстан мұсылмандары сунниттік, оның ішінде Ханафи мәзһабын, Матуриди ақидасын ұстануымен және жергілікті ғұрыпқа да көңіл бөлуімен ерекшеленеді. Қазақ жерінде ислам ұлттық мәдениетіміздің қалыптасуында өзіндік зор үлес қосып, халықтың күнделікті әдет-ғұрып, салт- дәстүріне терең сіңіп кетті.
Дегенмен дін оқуын алыс шетелдерде оқып келгендер немесе шетелдік діндарлар осы ерекшеліктерге сай исламды түсіндіру керектігін ескермегендіктен, біраз жастар өз жерінде қалыптасқан исламның ерекшеліктерімен санасуды ескермеді. Ширк, күпір, бидғат, жиһад деген сөздермен қалыпты көп нәрсені терістеп, керек десеңіз, шын исламды іздеумен Сириядан бірақ шықты. Өздерінің қатты алданғанын олар кеш ұқты.
Деструктивті сипаттағы теріс діни ағымдарға ерген жастар аят-хадистерде айтылған жайттардың астарындағы даналыққа үңілмеді, діни мәтіндерге үстірт қарады, тарихты оқымады, мәдениетті елемеді, келте діни түсінікпен ата-ана, туыс-туған, дос- жарандарынан безінді, дәстүріне қарсы шықты, қабірлерді қиратты, мемлекеттік билігіне қару алып қарсы тұрып, кейбір зайырлы білім пәндерін қабылдамады, қоғамнан оқшауланып, өздерінен басқаларды адасушы деп түсінді, біржақтылыққа ұрынды. Діни экстремизм бабымен істі болып, лаңкестігі үшін түрмеге қамалды. Бұның бәрі де діни сауаттың төмендігімен болып отыр. Діни сауаты төмен адам дін деп айтылған әрбір сөзге тез иланады, сындарлы ойламайды, мәліметтік ақ-қарасын ажыратпайды, бәрін талғамай қабылдайды. Сондықтан бұл тұрғыда кез келген мәліметті екшейтін ішкі сүзгі болуы керектігін айтамыз.
Білімнің маңызы
Дін жолында адаспау, орны толмас қателіктерге ұрынбас үшін білім алу, ізденіс өте маңызды. Исламда ең алғашқы бұйрықтың өзі «Оқы!» деп келгендіктен, ардақты Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) «Білім іздену әрбірі мұсылман ерге де, әйелге де парыз» екендігін айтқан болатын. Сол себепті Меккеден Мәдинаға қоныс аударған уақытта әуелгі кезекті мешітпен қатар Суффа мектебі деп аталған ілім ошағының негізі қаланған. Ол жердегі сахабалар күндіз түні тек қана іліммен шұғылданған. Сол жерден бастау ала отырып, ислам дінінің әр саласында ғалымдар шоғыры қалыптасты. Ардақты пайғамбар дінді үйретуге әр аймаққа ғалым сахабаларды жіберді. Дін жолы әрдайым ғылыммен қатар жүріп отырды. Мұсылман ғалымдар тек дінді ұстанып, ғылымнан қол үзіп кеткен жоқ. Екеуін де қатар алып жүруге тырысты.
«Айтшы, білетіндер мен білмейтіндер тең бе?!» (Зумар сүресі, 9 аят), «Алладан шынайы түрде тек ғалымдар қорқады» (Фатир сүресі, 28-аят) деген аяттар білімді болудың артықшылықтарын насихаттады. Хадисте «Ғалым мен қарапайым құлдың арасы мені мен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді» (Тирмизи жеткізген) делінді. Баршамызға мәлім, әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты т.б. көптеген ғалымдар мұсылмандардың дін мен ғылымды қатар алып жүргендігіне дәлел.
Діни сауаттылық
Қазіргі уақытта діни білім алам деушілерге елімізде бірқатар жағдайлар жасалған. Тіпті Нұр Мүбәрак ислам мәдениеті секілді жоғарғы оқу орны, тоғыз медресе, мешіттердің жанында сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Одан бөлек, дінтану, исламтану мамандықтары да еліміздегі бірқатар жоғарғы оқу орындарында гранттық негізде оқытылады. Бакалавр, магистратура, докторантура деңгейінде білім алуға жағдайлар жасалған, Білім және Ғылым министрлігі бұл салаға жыл сайын жеткілікті гранттар бөледі. Отандық дін мамандары мен зерттеушілер де дін бағытында үздіксіз көптеген кітаптар шығаруда. Тіпті шетелде діни білім алам деушілерге де ҚМДБ мен ортақ әріптестік орнатқан жоғарғы оқу орындары баршылық. Міне, бұлардың барлығы да дін саласына қызыққан жастардың толыққанды білім алуына ыңғайлы орта қалыптастырып отыр. Сондықтан барлық сала секілді дін саласы да білімділік пен біліктілікті қажет етеді. ХХІ ғасырда шалалыққа, шалт басуға орын болмауы тиіс.
Отбасындағы діни сауаттылық
Отбасы үлкен жауапкершілікке құрылады. Әке – отбасыға жауапты бірінші тұлға. «Бәрің де бақташысыңдар! Елбасы еліне жауапты, отағасы отбасыға жауапты, әрбірің қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар» деген хадис осы шындықты білдіруде. Діни сауаттылықты бала мектепте де үйренеді. Тоғызыншы сыныптан бастап «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәні аясында және түрлі мектепішілік шараларда діни дұрыс таным мәселесін ұстаздар қауымы балаларға түсіндіреді. Дегенмен баланың дұрыс діни танымын қалыптастыруда отбасы да маңызды.
Ата-ана да балаға осы бағытта дұрыс тәлім бере білуі тиіс, оны қадағалауы керек. Айталық, мешіттердегі діни сауаты ашу курсына бала ата-анасының рұқсатымен баруы тиіс. Бала кімдерді тыңдап жүр, қандай діни кітаптар оқуда, діни танымы дұрыс қалыптасуда ма деген сауалдарға ата-ана да мән беріп отырғаны жөн.
Ал ата-ана діннен хабарсыз болса, ол баласын қалай қадағалай алмақ? Немесе «дінге жолама» деген сөз баланың дінге деген қызығушылығын баса ала ма? Бала бәрібір өзіне керекті мәліметтерін интернеттен іздеуге мәжбүр болады. Ал интернет не әлеуметтік желілерді көп жағдайда деструктивті діни ағым өкілдері тиімді пайдаланып кетіп жатады. Яғни ондағы мәліметтерді бақылап отыру қиын. Осы себепті ата-ана бар жауапкершілікті тек мектепке я ұстаздарға ысыра салмай, баланың болашағы дұрыс қалыптасуында өздері де жауапты екенін сезінуі тиіс. Айтпағымыз, дін туралы дұрыс ақпарат балаға қай жақтан да дұрыс жетсе, сонда ғана ол дұрыс танымға қол жеткізетін болады.
Діннен қорықпау
Біз жоғарыда сөз еткендей ұстаздар қауымы не ата- ананың діннен шошуы, соның нәтижесінде баласына «дінге жолама» деп шектеу қоюы мәселенің алдын ала алмайды. «Бала тыйым салынғанға өш» дегендей, ол бәрібір рухани қажеттіліктерін іздейді. Соның кесірінен бала теріс діни мәліметтер өзіне сіңіріп алуы мүмкін. Сол үшін діннен қорықпау керек. Ислам біздің ата- бабамыз таңдаған дәстүрлі дініміз. Кеңестік кезде де дәстүрлі дінінен қол үзбеген халқымыз алдағы уақытта да одан алыстап кетпесі анық. Тарихқа қарасақ, қазақ зиялылары медреселерде алғаш сауат ашқан, діни сауаты мол болған. Олар дінге қауіп деп қарамады, керісінше руханияттан күш ала отырып, қоғамға қызмет етті. Сондықтан діннен қорқып, баланы оған жолатпауға әрекет жасағаннан гөрі баланың дұрыс діни танымы қалыптасуына көңіл бөлген дұрыс. Өскелең жастарымыз үшін дәстүрін дәріптейтін, өзге сенім иелеріне толерантты діни сана қалыптастыру аса маңызды.
Қорыта айтқанда, дін саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуда, діни экстремизм мен терроризммен күресуде діни сауатсыздыққа жол бермеу, қайта діни сауаттылыққа күш салу аса маңызды. Дәстүрлі дінімізді оқып- үйрену мүмкіндіктерін молайтып, жалпы діни сауаттылықты отбасы, мектеп, қоғам болып қолға алу, діннен қорықпай, жасөспірімдерге дұрыс діни таным қалыптастыру мемлекетіміздің қауіпсіздігі тұрғысынан уақыт ұттырмайтын қажеттілік.
Алтынбек Ұтысханұлы,
Атырау облысы бас имамы