Дұғаның қабыл болмау себептері

Сұрақ:  Дұға қыламын бірақ қабыл болмайды» деп жатады, оның себебі неде? (Асан)

Жауап: Аллаһ тағаланың:   ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ

«Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін»[1] деген уәдесі бар. Осы тұста кейбіреулер: «Қанша дұға етсек те сұрағанымыз берілмейді. Сонда бұл аятты қалай түсінуге болады?» деп жатады. Мына нәрсені білгеніміз жөн: дұғаға жауап беру бір бөлек те, оны қабыл алу бір басқа. Аятта Аллаһ тағала өзіне жасалған барлық дұға-тілектерге жауап беретінін білдірген.

Ал, дұғада сұралған нәрсенің беріліп, берілмеуі, яғни тілектің қабыл болып, болмауы Аллаһ тағаланың хикметі мен қалауына қарай қилы жолмен жүзеге асады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Аллаһ тағала өзіне дұға жасаған барлық адамның тілегіне жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға жасаған адамға сұрағанын беруі арқылы, яки, дұғасының сауабын ақиретке жинауы немесе жасаған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіруімен болады. Бірақ кісі күнә нәрсені немесе туысқандық қатынастың үзілуін тілемесе әрі дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны», – дейді.

Яғни, Алла Тағала құлдың сұраған нәрсесін береді немесе сауабын ақиретке қалдырады әрі күнәларын кешіреді. Олай болса, қай жағдайда да дұға етудің пайдасы шаш-етектен. Бұл мәселені қарапайым тілмен тағы да былай түсіндіруге болады. Мысалы, бір сырқат адам дәрігерді көмекке шақырып, белгілі бір дәріні сұрады делік. Дәрігер әуелі: «Иә, құлағым сізде, не болды?» деп, оның шақыруына ілтипат білдіріп, жауап береді.

Бірақ сұраған дәрісі ауруына яки басқа бір ағзасына кері әсерін тигізер болса, ол дәріні бермейді. Орнына басқа бір дәрі беруі мүмкін. Міне, дәл осы тәрізді Ұлы Жаратушымыз да құлдарының барлық жасаған мінәжат, дұға, тілектеріне жауап береді. Бірақ сұралғанның бәрін қолма-қол ұсына салмайды. Себебі, біз көбіне мына пәни дүниенің өткінші пайдасын ғана күйттеп, мәңгілік дүниемізге кері әсер тиер нәрсені сұраймыз. Сұраған нәрсеміз кейбір жалған сезімдеріміздің, яки асығыс қабылдаған шешіміміздің нәтижесі болуы ықтимал. Кейбір жақсылық деп пайымдаған нәрселеріміздің ақыры біз үшін жамандық болуы мүмкін. Құранда Аллаһ тағала:

 وَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئاً وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تُحِبُّواْ شَيْئاً وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ

«Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал, жақсы көрген нәрселерің сендер үшін жаман болуы мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер»[2] – дейді.

Сондықтан кейбір сұраған нәрселеріміз берілмеген жағдайда: «Дұғам қабыл болмады» дегеннен гөрі «Тілегімнің орындалмауы мен үшін қайырлы шығар» деп Жаратқанның жазғанына разы болған жөн. Кейде асығыстық жасап, әлі пісіп-жетілмеген нәрселерді уақыты келмей жатып, шикілей жинап алуды қалаймыз. Аллаһ тағала осындай көңілі мен сезімдеріне ұнамды әр нәрсені сұрай беретін құлына ненің керекті, ненің қажетсіз, дүниесі мен ақиретіне қай нәрсенің пайдалы, қайсысының зиянды екенін жақсы білгендіктен, құлдың тілегін Өзінің хикметіне қарай береді яки сұрағанынан да абзалын нәсіп етпек.

Мысалы, біреу Аллаһ тағаладан ер бала тілеуі мүмкін, ал Аллаһ тағала оған қатардағы ер баладан да қайырлы қыз бала нәсіп етуі мүмкін. Имранның әйелі Жаратушыдан ұл бала тіледі. Алайда, Ұлы Жаратқан оған ұл баладан да қайырлы қыз сыйлаған жоқ па.

Имранның әйелі болашақта Иса пайғамбарды дүниеге әкелетін Мәриям анамызды босанған еді ғой. Ардақты пайғамбарымыздың айтқанындай «Дұға – ғибадат»[3]. Біз ғибадатты осы дүниеде пайдасын көру үшін жасамайтынымыз белгілі. Сол секілді дұғаны да ғибадат ретінде орындап, жемісін ақиретте көретіндігімізге сену керек. Сондықтан да дұғада сабырлық пен табандылық қажет.


[1] «Ғафир» сүресі, 40/60 аят.

[2] «Бақара» сүресі, 216-аят.

[3] Тирмизи, Тәфсир, Ғафир, (2973); Әбу Дәуіт, Салат, 358.