«Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, Абайдың діні – «ақылдың, сыншыл ойдың діні», «адамгершіліктің діні». Осы сөздің өзінде анығында үлкен мән жатыр» дейді тарихшы, дінтанушы ғалым Ернар Абзалов.
- Жалпы, Абай еңбектерінің мәні неде?
- Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған хакім Абайдың еңбектерін қазақ болмысының түп негізі десек қателеспейміз. Себебі, хакім Абайдың еңбектеріндегі ұлттық болмыс, тәлім-тәрбие, қазақы дүниетаным мәселелері қашан да өзектілігін, мәңгі жасылдығын жоймайды.
- Бүгінгі сұхбатымызды «Абай және дін» призмасынан қарастырып көрсек.
- Шыны керек, Абайдың діни танымын әлі де аша алмай жүрміз. Абай 19 ғасырда қазақ дүниетанымына жаңаша әсер етті. Айталық, қазақ дүниетанымын зерделеу арқылы діни ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осы жерде «Абайға дейін мұндай тұлғалар болмады ма?» деген де заңды сұрақ туады. Әрине, болды. Айталық, Ахмет Яссауи, Бахауиддин Нақшбанди. Бұл ғұламалардың барлығы қазақ дүниетанымына исламды қалыптастырып берді. Бірақ, Абайдың дәуірінде мұсылман әлеміне жаңашылдық келді. Себебі, Абай діни көзқарасты құлшылықпен шектемей, ғылым, біліммен ұштастыра насихаттады.
Сол үшін де Мағжан Жұмабаевтың кезінде:
«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес», – деуінің сыры осында жатса керек.
– Абайдың діни философиясы туралы не айтасыз?
– Исламдағы жаңашылдық өз алдына бөлек тақырып болғанымен, мұсылмандар сүйенетін діннің түпкі негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне, Құран аяттарына келіп тіреледі. Ең алдымен, Аллаға иман келтіру – мұсылманның парызы. Егер, осы парыз орындалатын болса, адамның жүріс-тұрысы, іс-әрекетіне толықтай иман нұсқаушы болады.
Исламдағы ғылыми ұстаным, заңдық-құқықтық көзқарас өзгеруі мүмкін. Бірақ, иман мәселесі ешқашан өзгермейді. Демек, Абай «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол» деп, иман мәселесін даралап көрсету арқылы, исламның басқа да парыздарын айшықтады.
– Абайдың 13-ші қара сөзінде иман келтірудің екі мәселесі айтылады екен…
– Абайдың пайымынша, иманның бірінші түрі – мызғымас, бекем болып табылатын яқини иман. Бұл ислам ғұламалары маңыз берген ауқымды ұғым. Яғни, адамға ақыл-парасатының көмегімен Құдайды тануға ешкім кедергі келтіре алмайды. Мысалға, медресе көрмеген адам Алланың барына иман келтіруі мүмкін. Яғни, адам «жерді Алла жаратты, суды Алла жаратты, демек, түбінде біздің Жаратушымыз бар» деп айтатын болса, бұл яқини иман.
Екіншіден, ғылымды игеріп, білім алумен келтірілген иманды Абай атамыз бекітілген иман деп атаған. Иманды бұзатындай, жүрекке күмән туғызатындай жағдайларда адамның иманы оқу, білім арқылы толығады. Бірақ, бұл екеуі ажырамас егіз ұғым. Себебі, яқини иман болмаса, жинаған білімнен пайда келмейді. Яқини иманды іліммен толықтырмасаңыз, адам рухани тұрғыда әлсірейді. Абай бұл қара сөзінде осы мәселені меңзеген болса керек.
– «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп түйіндейтін 18-ші қара сөзінде Абай кербездік, тәкаппарлық мәселесін сынайды. Осы ойларды ислам тұрғысында тарқатып берсеңіз.
– Адам баласы бір-бірінен ғылым, білім деңгейімен ерекшеленеді. Әсте одан басқамен оздым деу бекерлік. Осы мазмұнға саятын бұл сөздің үдесіне салатын болсақ, дәстүрлі діни бағыттың жалауын көтеріп жүрген дінтанушы ағаларымыздың барлығы қазаққа қазіргі уақытта Абайдың ұстанымы керек екендігін айтуда.
Неге? Себебі, Абайдың шығармалары адамды ғылым, білімге, махаббатқа, мейірімге үндейді. Осылайша, Абай өз шығармаларында ислам дінінің мейірімге толы әлем екендігін паш етеді.
Абай мұсылмандықты ғылым, білім арқылы дәріптеп, қазақ қоғамына жаңашылдық серпінін алып келді.- Сұхбатымызды қорытындыласақ.
- Көзі тірісінде Абайдың жанында жүріп тәрбие алған шәкірті Көкбай ақын ұстазы туралы естелігінде былай деп жазған екен: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы қожа – молла айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қабылдаған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді».
Демек, шын мағынасында мұсылман бола білген, «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп қазақты бірлікке, ынтымаққа, білім алуға, имандылыққа шақырған Абайдың тағылымдарынан өзіміз сусындап, оны жас буынға дәріптей беруіміз керек.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА (Материал Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен дайындалды)