Ернар АБЗАЛОВ, тарихшы, дінтанушы ғалым: «Абайдың ислами танымын алдымен өзіміз түсінуіміз керек»

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған хакім Абайдың еңбектерін қазақ болмысының түп негізі десек қателеспейміз.

Себебі, хакім Абайдың еңбектеріндегі ұлттық болмыс, тәлім-тәрбие, қазақы дүниетаным мәселелері қашан да өзектілігін, мәңгі жасылдығын жоймайды.

Белгілі тарихшы, дінтанушы ғалым, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Ернар АБЗАЛОВпен арадағы сұхбат хакім Абайдың діни философиясын талдауға арналды…

– Бірде Мекемтас Мырзахметов ағамыз «Абайдың  діни танымын әлі де аша алмай жүрміз» деген еді, бұл туралы  сіздің көзқарасыңызды білсек.

– Абайдың діни танымын әлі де аша алмай жүргеніміз рас. Абай 19 ғасырда қазақ дүниетанымына жаңаша әсер етті. Айталық, қазақ дүниетанымын зерделеу арқылы діни ағарту, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Осы жерде «Абайға дейін мұндай тұлғалар болмады ма?» деген де заңды сұрақ туады. Әрине, болды. Айталық, Ахмет Яссауи, Бахауиддин Нақшбанди. Бұл ғұламалардың барлығы қазақ дүниетанымына исламды қалыптастырып берді. Бірақ, Абайдың дәуірінде мұсылман әлеміне жаңашылдық келді. Себебі, Абай  діни көзқарасты құлшылықпен шектемей,  ғылым, біліммен ұштастыра насихаттады.

Сол үшін де Мағжан Жұмабаевтың кезінде:

«Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес

Қарадан хакім болған сендей жанды

Дүние қолын жайып енді күтпес», – деуінің сыры осында жатса керек.

     – «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

       Пендеге иман өзі ашады жол». Бұл Абай өлеңдерінен келетін бір үзінді. Осы ретте Абайдың діни философиясы туралы не айтасыз?

– Исламдағы жаңашылдық өз алдына бөлек тақырып болғанымен, мұсылмандар сүйенетін діннің түпкі негізі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистеріне, Құран аяттарына келіп тіреледі. Ең алдымен, Аллаға иман келтіру – мұсылманның парызы. Егер, осы парыз орындалатын болса, адамның жүріс-тұрысы, іс-әрекетіне толықтай иман нұсқаушы болады.

Исламдағы ғылыми ұстаным, заңдық-құқықтық көзқарас өзгеруі мүмкін. Бірақ, иман мәселесі ешқашан өзгермейді. Демек, Абай иман мәселесін даралап көрсету арқылы, исламның басқа да парыздарын айшықтады.

– Абайдың 13-ші қара сөзінде иман келтірудің екі мәселесі айтылады. «Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек». Осы жолдарды тарқатып жіберсек…

– Біріншіден, мызғымас, бекем болып табылатын яқини иман. Бұл ислам ғұламалары маңыз берген ауқымды ұғым. Яғни, адамға ақыл-парасатының көмегімен Құдайды тануға ешкім кедергі келтіре алмайды. Мысалға, медресе көрмеген адам Алланың барына иман келтіруі мүмкін.  Яғни, адам «жерді Алла жаратты, суды Алла жаратты, демек, түбінде біздің Жаратушымыз бар» деп айтатын болса, бұл яқини иман.

Екіншіден, ғылымды игеріп, білім алумен келтірілген иманды Абай атамыз бекітілген иман деп атаған. Иманды бұзатындай, жүрекке күмән туғызатындай жағдайларда адамның иманы оқу, білім арқылы толығады. Бірақ, бұл екеуі ажырамас егіз ұғым. Себебі, яқини иман болмаса, жинаған білімнен пайда келмейді. Яқини иманды іліммен толықтырмасаңыз, адам рухани тұрғыда әлсірейді. Абай бұл қара сөзінде осы мәселені меңзеген болса керек.

– «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп түйіндейтін 18-ші қара сөзінде Абай кербездік, тәкаппарлық мәселесін сынайды. Мейірімді болу, адам болу мәселесі исламның ең негізгі мақсаты емес пе?

– Адам баласы бір-бірінен ғылым, білім деңгейімен ерекшеленеді. Әсте одан басқамен оздым деу бекерлік. Осы мазмұнға саятын бұл сөздің үдесіне салатын болсақ, дәстүрлі діни бағыттың жалауын көтеріп жүрген дінтанушы ағаларымыздың барлығы қазаққа қазіргі уақытта Абайдың ұстанымы керек екендігін айтуда.

Неге? Себебі, Абайдың шығармалары адамды ғылым, білімге, махаббатқа, мейірімге үндейді. Осылайша, Абай өз шығармаларында ислам дінінің мейірімге  толы әлем екендігін паш етеді.

– «Махаббатпен жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әдiлеттi». Абайдың философиясын кеңінен зерделеуде, Абай шығармалары арқылы дінімізді дәріптеуде тағы не істеуіміз керек?

– Барлығымыз білеміз, қазір арамызда төбесі көрінген уағызшылар көп. Әсіресе, дәстүрлі емес бағыттың уағызшылары жұртшылықты қабір азабымен, тозақпен қорқытып жатады. Террористік топтар діннің атын жамылып, жаппай қырып – жоюмен айналысып жүр. Ал, дініміз не деп еді? Ислам бүлікшілікті қолдайды ма? Әрине, жоқ. Шын мәнісінде, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дінді махаббатпен таратуды бұйырды.

Тіпті, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өмір жолын парақтар болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дінді, өзін келемеж еткен ағаларына да махаббатын сыйлады. Барлық дін өкілдерін, тіпті, Жаратушыға серік қосушыларды да сүйіспеншілікке шақырған еді. Бұдан шығатын тәмсіл қандай?

Адамзат атаулы Алланың ең ұлық жаратылысы. Демек, бізді махаббатпен жаратқан Алланы сүю парыз. Алланы сүйгеннен кейін оның көрсетіп берген жолын да қабылдауымыз керек.

– «Хакім Абай – дін негіздерін әлемдік деңгейде жаңғыртқан батыл ойлы кемеңгер. Мұсылман әлемінде әйгілі әл-Ғазалиден кейінгі сенім ілімін тірілткен екінші ұстаз – реформатор» деген де пікір бар. Сіздің көзқарасыңызды білсек.

– Имам әл-Ғазали ислам әлемінің шоқ жұлдызындай болған адам. Өмірін Исламның әмірі мен тыйымдарын үйренуге және үйретумен өткізген имам әл- Ғазали 1058 жылы Ирандағы Мешхед қаласының Ғазал ауылында дүниеге келген. «Дін туралы білім өте керек, Алланы шынайы танығандар ғана оны анық білгендер» деген имам әл-Ғазали адами құндылықтардың насихатшысы болды.

Абайды да имам Ғазали деңгейінде дәріптеушілер бар. Бұл негізсіз үрдіс емес. Бірақ, Абайдың ислами таным-философиясын ең бірінші қазақтың өзі түсініп алуы керек. Әзірге, қазақ Абайды тереңнен түсініп жатқан жоқ.

Әлбетте, Абай қазақ үшін Ғазалидей биік тұлға. Абай өмір сүрген дәуірде мұсылман әлемі ауыр кезеңдерді бастан кешіріп жатқан еді. Себебі, Абайдың тұсында мұсылман мемлекеттердің ешқайсында тәуелсіздік болған жоқ. Отарлаушы империялардың құрсауында қалған мұсылман елдері дін тұрмақ, ғылымнан, білімнен ажырап қалды. Міне, бүтін мұсылман әлемін қараңғылықтан алға сүйреп шығару туралы көзқарас тұсында өмір сүрген Абай мұсылмандықты ғылым, білім арқылы дәріптеп, қазақ қоғамына жаңашылдық серпінін алып келді.

Және осынау серпіннің игілігі сол, бүгінде 57 мұсылман мемлекеті тәуелсіздігін алды.

Абай мұсылмандықты ғылым, білім арқылы дәріптеп, қазақ қоғамына жаңашылдық серпінін алып келді.

– Академик  Ғарифолла Есім «Қазақ топырағында Абайға дейін Алланы тану, яғни теология мәселесімен арнайы шұғылданған ойшыл болмағанын айтады. Бұл ретте Абай дін насихатшысы емес, Алланы танытушы, хикметін зерттеуші хакім деп түйіндеуге бола ма?

– Бұл тұжырыммен  келісуге болады. Әрине, қазақ даласынан түрлі жырау, ишан, хафиз сынды діни майталмандар өткен. Бірақ, дінді Абай сияқты әдеби тілмен дәріптеп, қазаққа  жеткізе алған тұлға некен-саяқ.

 Абай өзінің «Қырық бесінші қара сөзінде»: «Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» дейді. Осымен ақын ғылым, махаббат, әділетті – дін мен иманның шын негіздері деп атайды. Абай салған дара жолмен қоғамның дамуы үшін осы үштікті бірдей ұстап жүре алсақ, дін мен ділмен бірге, ғылым да дамиды.

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА