Ғалымдардың исламдағы мәртебесі

Барлық мақтаумен мадақ адам баласын жаратқан және оған сөйлеуді үйреткен Алла Тағалаға болсын. Алланың кітабын бізге баян еткен Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болғай!


Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Жалпы Құранда «білу» деген мағынаға саятын «илм» түбірінен туындаған 780 сөз кездеседі.

Ал ғылымның маңыздылығын ұғына түсу үшін ғылым деген сөзбен мағыналас хикма мен ғалым деген мағынаға келетін «хаким» сөздерінің де жиі қолданылуына назар аударған жөн. Мәселен «хикма» сөзі 20, «хаким» сөзі 97 жерде кездеседі. Қосымша «білу» деген мағынаға келетін «марифа» сөзі 70- ке жуық қолданылады. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады.

Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне:
«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп, әмір еткен.
Білімнің қадірін түсінген ата-бабамыз:
«Өнер — ағып жатқан бұлақ, Ілім — жанып тұрған шырақ», деп білімді бейне қараңғы түнектен алып шығатын жарыққа балаған.
Осы Алланың берген мол нығметін арқалаған пендені ғалым және ғұлама деп атап жатамыз. Ғалым, ғұлама сөздерінің түп тамыры «ғалима» етістігінен туындайды яғни білу деген сөз. Сол сөзден «ғалим» сөзі, білуші деген мағынаны білдіреді. Ал, «ғұлама» араб тілінде «ғалим» сөзінің көпше түрі.


Ғалымдардың мәртебесін олардың қоғамдағы орнын түсіну үшін ғалым адамдарға Алла тарапынан берілген негізгі қасиеттеріне тоқталсақ;
1) Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары: Егер сен бұл дүниеде ілім берушілерден болсаң, пайғамбарлардың мирасқорлары деген мәртебеге жеткенің. Бұл турасында пайғамбарымыз:
Шынында ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені.


2) Ілім – таусылмайтын қазына, дүние – қолдың кірі: Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге апаратын оның дүние-мүлкі емес, бәлкім оның артында қалдырған білім қазынасы. Сахабалардың ішіндегі Әбу Һурайра ең кедей сахабалардың бірі еді, тіпті кейде қарны қатты ашқанынан құлап қалатын кездері болатын. Алайда оның есімін пайғамбарымыздың мүбарак хадистерін оқыған кезде хадисті жеткізуші сахаба ретінде жие еске аламыз.

Осы орайда Пайғамбарымыздың мүбарак хадисінде былай деп айтылған:
«Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жәрия берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салихалы ұрпағы»


3-Ілім қарауылға мұқтаж емес:
Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алған адам жиған ілімі біреудің қолында кетеді деп еш уайым шекпейді, оған қарауыл қоймайды,  құлыптамайды, өйткені ілімнің мекені ол жүрек. Жүрегін күнәмен ластамаса ол ілім оны ешуақытта тәрк етпейді. Ал дүние жиған адам болса, сол тірнектеп жинаған байлығын біреу қолды ете ме деп күні-түні уайымдап, соны сақтап қалудың қамын ойласа, ілім адамды өмір бойы неше-түрлі қауіп қатерден сақтайды.


4-Ғалымдар туралыққа куәлік беруші Алланың сүйікті құлдары:
Бұл турасында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде
Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып, (осынау ақиқатқа куәлік етті). Алла және оның періштелерінен кейін ғалымдардың куәлік беруі –  ғалымдарға берген Алланың үлкен сыйы, әрі мәртебесі.

5-Алла ғалымдарға бағынуды әмір етеді:
Алла Тағала адам баласын ең алдымен өзіне және пайғамбарына және әмір иелеріне бағынуды бұйырады. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімде:
Уа иман еткендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар.
Құран аятында келген «Улул амр» (басшы) жайында ғалымдарымыз  «олар ел басқарған  басшылар мен үммет ғалымдары» деген. 


6-Ілім жолы жәннатқа апарар жол:
Ілім жолына түскен пенденің Алла Тағала жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді. Оған дәлел пайғамбарымыздың мына хадисі:
Кімде-кім ілім алу мақсатында жолға шығатын болса, оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді.


7- Ілім иелері ақыретте де, дүниеде де дәрежесі жоғары болады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.
Білімді адамның дәрежесі ақыретте биік болғандай бұл дүниеде мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтатады. Ол бейне қараңғы қапаста шырақ ұстаған адам секілді.


8- Ғалымдар Алладан шынайы түрде қорқады.
Раббысын танып, Алла алдындағы өзінің міндетін түсінген адамның Аллаға деген қорқынышы да көбірек болады. Ақиқат ілімінен дәм татқан аталмыш пенденің харам істерге баруға қарсы иммунитеті қалыптасады. Алла Тағала Құран Кәрімде:
Шынында Алладан құлдарының арасында ғұламалар шынайы көбірек қорқады, деген.


9-Ғалымдар мен қарапайым адамдар арасындағы айырмашылық жер мен көктей: Алла Тағала қасиетті Құран аятында:
«Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп, айт, делінген.
Білімділер мен білімсіздердің ара жігін пайғамбарымыздың мына хадисі айқын баяндап тұр:
Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді.


Біз білетін әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Халдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали, Ибн Рушд сияқты т.б. көптеген мұсылман ғалымдарының білім жолына түсуіне жоғарыдағыдай аят-хадистердің себеп болғаны анық.

Мақсат АЛПЫСБАЙ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.