Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла рахымына бөлесін) былай дейді: «Араларыңда хадиспен шұғылданған бірі болғанша, адамдар туралықтан таймайды. Ал, кімде-кім хадиссіз ілім талап етсе, бұзғыншылық шығарады».
Және тағы бір сөзінде: «Алланың дінінде өз ойларыңмен сөз сөйлеуден сақтаныңдар, сіздерге міндет болған сүннетке еру, кім сүннеттен бет бұрса ол адасады».
Имам Шафиғи (Алла рахымына бөлесін) былай дейді: «Егер Пайғамбарымыздан (с.а.с.) бір хадис риуаят (нақыл етіп, жеткізу) етіп, хадистен шыққан үкімнен басқа бір үкім айтсам, жер беті маған тар келеді».
Имам Маликтің (Алла рахымына бөлесін) сүннетті кемеге ұқсатуы нендей көркем бір ұқсату: «Сүннет Нұхтың кемесі, кім бұл кемеге мінетін болса құтылды, ал кім керіде қалған болса теңізге батты (яғни құтылмады)».
Ахмад бин Ханбал (Алла рахымына бөлесін) былай дейді: «Кімде-кім Расулуллахтың (с.а.с.) хадисін қабыл етпесе, онда ол адам құрдымға кетуге сәл-ақ тұр».
Бұл имамдарымыздың сүннетке байланысты айтқан көптеген сөздерінің ішінен алынған бірер сөзі ғана. Бұл мағынадағы сөздерді ғалымдардың өмір жолы жазылған (таражим, сияр) кітаптардан таба аласыз. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүкіл Имамдарымыз сүннетке ұстанудың лазымдығын және кімде-кім сүннетті үйреніп онымен амал етсе, жетістікке жетіп қияметте құтылғандардан болады. Ал, кім одан бас тартса қасіретке ұшырап, адасушылардан болғандығы.
Осыдан кейін бір мұсылманның көңілінде және ақылында бүкіл мәзхаб имамдарының сүннетке деген ұстанымдары орнықса, олардың дін ғылымында имам (лидер) болғандықтарына сенім білдірген болса, шариғат үкімдерінде осы имамдардың арасында болған ихтилафтардың себептерін қарастыруға болады.
Ал егер, олардың имамдықтарына сенім білдірмеген болса. Керісінше, «олар да адам, бізде адам» десе, немесе мәзхаб имамдарының дәлелдерден терең зерттеулер жасап, үкім шығара алатын, өздерін осы жолға атаған, артынан еруге лайықты ғұламалар ретінде иланбаса, оларға тура жолды айқындап беру де мүмкін болмасы анық. Олар өздігінен үкімдерді зерттеп, айқындауға білімдері жетпейді.
Бұл себеппен, Имамдарға қарсы ойланбастан айыптар тағып шабуыл жасайды. Өздерін ақылды, білімді деп ойлайды. Бұлай болуының басты себебі, мәзхаб имамдарының арқаларынан тақлид (ерушілік) етуге лайқты болғандықтарына толық сенімдерінің болмағандығы. Бір қызығы мазхаб имамдарына еруді ар көріп жүргендер, сол имамдардың тырнақ ұшындай дінде қадірі болмаған адамдарға еріп, ілімнен махрұм қалуда. Өздерін ғалым көрсетіп сахаба амал еткен сүннетке жетелеймін деп, өзінің идеологиясына соқыр ерушілікке шақырудан басқасын бере алмаған бағзы біреулер олар.
Бейбітбек ҒҰМАРОВ,
Атырау селолық мешітінің ұстазы.