Иман келтіру – бес парыздың бірі

 Иман – «бір нәрсеге сену, бір нәрсені растау, бір адамның айтқанын қабыл алу, ешбір күмәнсіз шын жүрекпен сену» деген мағыналарды береді.

Ал, енді шариғаттағы мағынасы – Пайғамбарымыз (c.ғ.с) Алла Тағаладан әкелген нақты үкімдерді мойындап, күмәнсіз қабылдап, оның тура екендігіне шын жүрекпен сену және оны тілмен растау. Себебі, бір адамның толық мұсылман болуы үшін иман негіздерін жүрегімен куаттап, тілімен сенгендігін айтуы міндет.

 Әһлу суннаның екі сенім мәзһабының имамдары Имам Матуриди мен Имам Әшғари иман ету мәселесінде жүректің бекітуі жеткілікті деп есептейді. Бірақ Имам Матуриди тілмен айту тек дүниелік үкімдер үшін керек деп тұжырымдайды.  Енді осы мәселелерге Құран хадистен дәлелдер келтірсек.

Құранда: «Міне солардың жүректеріне Аллаһ иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22)

Ал хадистерде: «Алла жәннәттықтарды жәннәтқа, жәһәннәмдықтарды жәһәннәмға тастайды. Содан кейін: Қараңдар, жүрегінде титтей иман болған біреуін тапсаңдар, оны жәһәннамнан шығарыңдар», – делінеді. (Бухари, Иман-15). Осы аятпен хадистен біздер иманың қуатталатын бірінші шарты жүрек екенің байқасақ болады.

Ал енді тілмен айтуға келсек. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Аллаһқа және бізге түсірілген нәрселерге иман еттік деп айтыңдар» (2.Бақара-136) деп иман еткенімізді тілмен айтуымызды бұйырады.

Пайғамбарымыз (c.ғ.с) хадисінде: «Жүрегінде бидайдай, арпадай иманы болып: «Аллаһтан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген адам жәһәннамнан шығады» (Бухари, Иман-33). Имам Әбу Ханифа өзінің «Фиқһул Әкбар» кітабында былай дейді: «Иман тілмен айту, және оны жүрекпен қуаттау» – деп тұйіндейді. Осы тұжырымды Имам Баздауи, Имам Сарақси, Имам Баядилер осы пікірді ұстанған.

Енді иманның түрлеріне тоқталып өтсек. Ол төртке бөлінеді;

1) Ижмали иман дегеніміз – бір ауыз сөзбен Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Алла тарапынан әкелген барлық нәрсесіне сену деген сөз. Бұл иман етудің ең қысқа жолы болып саналады. Ижмали иман кәлима таухид және кәлима шахадаттан тұрады.

а) Кәлима таухид: Лә иләһә Иллаллаһу Мухаммадур Расулуллаһ. Алладан басқа тәңірі жоқ, Мұхаммед Оның елшісі.

ә) Кәлима шахада: Әшһәду ән лә иләһә Иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммадән абдуһу уә расулуһу. Аллажан басқа тәңірі жоқ екендігіне, Мұхаммед Оның құлы және елшісі екендігіне куәлік етемін.

2) Тафсили иман дегеніміз – иман етілетін, яғни сенуі, илануы керек болған нәрселердің әрқайсысына жеке-жеке сену деген сөз. Тафсили иман иманның ең ауқымдысы. Тафсили иманның үш мәртебесі болады.

а) Бірінші мәртебесі. Аллаға, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) Алланың пайғамбары екендігіне және ақырет күніне нақты сену. Тафсили иманның бірінші мәртебесі ижмали иманға қарағанда, ақыретке сенуді қосып айтуымен ерекшеленеді.

ә) Екінші мәртебесі. Әмәнту билләһ. Яғни, Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге, жәннәт пен жәһәннамның бар екендігіне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан екендігіне сену.

б) Үшінші мәртебесі. Құран және мутауатир хадистермен бекітілген барлық итиқади, амали және ахлақи үкімдердің бәріне жеке-жеке тоқталып, Алла пен Оның Елшісінің бұйырған әмір мен тыйымдарына сену. Мысалы, намаз, ораза, зекет, хаж секілді парыз амалдарға, халал мен харам амалдарға шын жүрекпен сену тафсили иман болып саналады.

3) Тақлиди иман дегеніміз – әке-шешеден, ұстаздан немесе өмір сүріп жатқан ортамыздағы адамдардан естіп, олардан көріп, үйреніп, соларға еліктей отырып келтірген иман.

Әбу Ханифа, Суфяны Сәури, Малик ибн Әнәс, Әузай және барлық фиқһ ғалымдары мен хадис ғалымдары иманның бұл түрінің дұрыстығын айтады. Бірақ, нақли (аят-хадис), әрі ақли дәлелдерді қолданып, сол иманын қуаттамайынша, ондай кісі күнәһар болады дейтін де пікірлер бар.

4) Тахқиқи иман дегеніміз – дәлелдер арқылы Алланың бар және бір екендігіне иман ету. Сондай-ақ, Алланың жер бетіне жіберген діні ислам дінін барлық жағынан шынайы деп қабылдай отырып иман ету. Мысалы, американдық ғарышкер Армсторгтың аспан әлемінде азанның даусын естіп, артынша исламды қабылдап, иман етуін тахқиқи иман деп айтуға болады. 

Қорыта келгенде, бұл мәселеде жүрекпен бекіту – иманның рүкіні, ол болмаса иман болмайды. Ал тілмен айту ол оның шарты болып табылады. Сол үшінде Алла Тағала баршамызды Оған шынайы иман келтірген құлдарының қатарынан қылғай.

Ерлан САҒЫНОВ,

Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің наиб имамы.