Әлемдердің раббысы болған жалғыз Алланың құдыреті мен патшалығына лайықты түрде мақтаулар болғай! Әз-Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға Алланың сәлемі болғай!
Пайғамбар ﷺ өмірінде аса зор рөл атқарған таңдаулы пенделер «Сахабалар» – деп аталған. Олар ислам діні келмес бұрын да, ілгерігі кітаптарда сипатталған адамдар болып табылады.
Яғни, Алла Тағала Фатх сүресінің соңғы беттерінде Інжіл және Тәурат кітаптарында сахабалардың сипаттары келгендігі туралы айтады. Сахабалардың кереметтері, ерекшеліктері, атқарған салиқалы іс-амалдары туралы айта берсе, әңгіме таңды таңға жалғауы мүмкін. Олар туралы Алла Тағала аяты мен Пайғамбар ﷺ хадистерінде жеткен мәліметтер бізге жеткілікті болып табылары анық.
Тақырып негізі бойынша – Пайғамбар ﷺ сипаттап кеткен сахабалардың ішінде, әрбіреуі бір атақты адамдарға ұқсайтын еді. Муслим және Термизиден, Муснад ибн Ханбалда, Амир Шағбиден жеткен хадисте Пайғамбар ﷺ былай дейді: Үмметімнің ішінде мына үш адам: Дихя Кәлби – Жебрейілге, Ұруа ибн Масғұд Сәқофи – Мәриям ұлы Исаға, Абдулғұзза – Дәжжалға ұқсайды. Бұл хадистен Ұруа атты сахабаның келбеті жағынан Иса пайғамбарға ұқсайтынын білдік. Ендеше ол сахаба кім? Сол туралы айта кетейік.
Ұруа ибн Масғұд Сәқофи – Пайғамбарға ﷺ Худайбия келісімі кезінде Құрайыш тарапынан елші болып келген еді. Пайғамбар ﷺ оның Иса пайғамбарға қатты ұқсайтынын «Исро, Миғраж» оқиғасынан кейін айтқан еді. Ұруа ең алғаш рет Пайғамбармен ﷺ Таиф оқиғасынан кейін танысқан еді. яғни Таиф оқиғасынан кейін Пайғамбар ﷺ өз еліне кетіп бара жатқан кезінде, оның артынан қуып жетіп, онымен сөйлесіп, ислам дінін қабылдаған еді. Содан кейін ол Пайғамбарға ﷺ – ислам дінін қабылдағанымды өз еліме айтайын ба?, – деп айтады.
Сонда Пайғамбар ﷺ оған – егер сен олай жасасаң, олар сені өлтіреді, – деп айтты. Сонда да Ұруа өз еліне барған соң, ислам дінін қабылдағанын халқына айтады. Бірақ та оның халқы, ислам дінін қабылдағаны үшін қатты сөгіп, оған жағымсыз сөздерді айтып, қатты ренжітеді. Сонда да Ұруа өз ойынан қайтпай, ислам дінін берік ұстанады. Ұруа Худайбия келісімі кезінде Құрайштықтар тарапынан өкіл болып келіп, Пайғамбармен ﷺ келісімге келген еді. Аталмыш Худайбия келісімі кезінде Ұруа өте маңызды рөл атқарған еді. Оның себебімен осы Худайбия соғысы оңтайлы шешілген еді.
Ұруа ибн Масғұдтан да бірнеше хадистер риуаят етілген:
Пайғамбарға ﷺ әйелдер келіп, исламды қабылдаған кезде, Пайғамбар алдына су қойып, сол суға әйелдер қолын салу арқылы байғат берген еді.
Пайғамбар былай деді: Өлім аузында жатқан кісілерге «Лә илаһа илла Аллаһ» сөзін айтқызыңдар, өйткені ол сөз кісінің қателіктерін жояды – ағын сел үйлерді жойғаны секілді.
Ахад Құралов,
Атырау селолық мешітінің ұстазы.