Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі.
Расында ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады. Бізді жоқтан бар еткен Алла соңғы елшісіне, біздің сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке ﷺ: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді,» –деп, Құранның ең алғашқы аяты «оқы» деп түскен. («Алақ» сүресі,1-5 аяттар)
Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды: «Білетіндер мен білмейтіндер тең ба? Шын мәнінде ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» деген. («Зумар» сүресі, 9-аят)
Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Құранда: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар», деген. («Мужәдәлә» сүресі,11-аят)
Ал білім алған адамның дәрежесі жоғары болатын жайында пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Алла Тағала кімге жақсылық қаласа, дінді терең білуді нәсіп етеді» дейді.
Данышпан бабаларымыз да, осы ілім-білімге ұмтылысты үндеп кеткен қаншама өлеңдері бар. Мәселен Ыбырай Алтынсарин бабамыз:
Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық,
Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық,
Ісің болар хайырлы, бастасаңыз Аллалап,
Оқымыған жүреді, қараңғыны қармалап,
Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар,-деп жырлап өтті. Әрі, кімде-кім білім алса, бейне бір, дәмі тіл үйіретін жеміс ағаштары секілді. Жақын барып, үзіп ап, дәм татқыңыз кеп тұрады. Ал білімсіз адам болса, еш жемісі болмаған, әрі жеміс бермейтін ағаштар секілді болары сөзсіз. Сондай-ақ, білім адамды үлкен жетістіктерге жеткізері ақиқат. Ал бұл жетістіктердің ең ұлысы, Алла Тағала жәннәт баққа барар жолын жеңілдетеді.
Ол жайында ардақты пайғамбарымыз ﷺ Абу Дардадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Мен Алланың елшісінен ﷺ былай дегенін естідім: Кімде-кім білім жолына түссе, Алла Тағала оған жұмаққа барар жолды жеңілдетеді. Періштелер де білім алушының талабына дән риза болып, аяғының астына қанаттарын жайып, ізет көрсетеді. Сондай-ақ, жеті қабат аспан мен жердегі барлық жаратылыс атаулы, тіпті судағы алып балықтар да шынайы ғалым үшін Алладан жарылқау тілейді. Білімді адамның білімсізден артықшылығы толған айдың өзге ұсақ жұлдыздардан артықшылығы секілді. Расында, шынайы ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Шынтуайтында пайғамбарлар мирас ретінде алтын мен күміс емес, тек қана ілім қалдырды. Кімде-кім сол ілімнен сусындаса, мол несібеге кенелгені,-деп айтқанын естідім»,- деген сөзі әрбір саналы адамға ой салары сөзсіз.
Алла Тағала бір құлына білім нәсіп етсе, сол берілген ілім үшін сұралады. Ол жайында пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген.
Хазреті Әли былай деген:
«Ілім мал-мүліктен қайырлы, өйткені мал-мүлікті сен қорғайсың, ал ілім сені қорғайды. Мал-мүлік жұмсаумен азаяды, ал ілім жұмсау арқылы көбейеді».
Қорыта айтқанда, Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.
Эммат ҒҰМАРОВ,
Атырау қалалық Құспан молла мешітінің бас имамы.