«Жұмақ – ананың табанының астында». Осы бір ғана сөзден ақ, жалпы, қазақ халқында, ислам дініндегі әйел адамдардың орны қаншалықты жоғары екенін көруге болады. Тақырыпты тарқатып көрелік.
Ислам мен әйелдер тақырыбы өте маңызды әрі күрделі. Исламда әйелдің құқықтары мен орнын жоғары бағалаған. Бұл дін әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындай отырып, оларға көптеген құқықтар мен міндеттер береді.
Әйелдің артықшылығы
Исламдағы әйелдің міндеттері оның табиғатына, физикалық және рухани ерекшеліктеріне қарай міндеттеледі және сол ерекшеліктерге тоқталып өтейік. Ер мен әйел өмір таразысының екі табақшасы іспеттес. Яғни, әрқайсысының өз мақсаттары мен міндеттері бар.
Ана болу сияқты ұлы сезім, үнемі машақатқа сабыр ете алу, перзентке шексіз мейірім мен нәзіктік сияқты қасиеттер әйелге жүктелген – жүктілік, ана болу, бала емізу сияқты міндеттерді қиналмай атқаруы үшін берілген нығметтер. Мейірімділік, адалдық, сезімталдық сияқты қасиеттер тек анаға тән болған қасиеттер. Осы қасиеттер арқылы перзентінің әрбір әрекетінің талап-қажеттіліктерін біліп отыруға қажетті. Сол себепті де әйел адамның пікірге емес, көбіне сезімге бейім болуы да осы негізгі міндеттерін қалтқысыз атқарулары үшін қажетті қасиеттерден болып саналады.
Ардақты Пайғамбарымыз былай деген:
«Әйелдердің еркектерден артықшылығы Аллаһ оларды сезімтал етіп жаратқан. (Еркектерге қарағанда 99 есе сезімтал келеді). Дегенмен Аллаһ оларды ұялшақ қылап жаратқан». (Абу Хурайрадан)
Әйел адамның киім үлгісі
Сондай-ақ, Ислам діні әйел затына құрмет көрсетіп, арнайы бір ұятты жерлерін жауып, жасырып тұратын және пәктігін сақтап тұратын киім киюді бұйырады. Оған себеп, әйел затының өздігінен көрінетін жерлерден басқа жерлері әурет екендігін айтып, оны бөтен көздерден жасырып, сыртқа көрсетпеулерін талап етеді. Бұл туралы Алла тағала Құранда:
«Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).
Әйел адамға тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсіту емес, керісінше, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай сақтаудан, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен қоғамға кесірі тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) жамандықтардан сақтандыру үшін бекітілген.
Мүлік және экономикалық құқықтар
Ислам әйелдерге өз жеке мүлкін иелену және оны еркектердің рұқсатынсыз пайдалану құқығын береді. Әйелдер өз еңбегі арқылы табыс таба алады және мұрадан өз үлесін алады.
Білім алу
Исламда білім алу — еркектер мен әйелдерге бірдей міндет. Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) «Білім алу — әрбір мұсылман ер мен әйелге міндет» деп айтқан.
Діни құқықтар
Әйелдер өз дінін таңдау, дұға жасау, ораза ұстау және басқа да діни міндеттерді орындау құқығына ие. Әйелдерге пұтқа табынушылықтан, зұлымдыққа қарсы тұру және әділдік үшін күресу құқығы да беріледі.
Қоғамдық құқықтар
Әйелдер қоғамдық өмірде қатысуға, өз ой-пікірін білдіруге, дауыс беру және сайлану құқығына ие. Мысалы, тарихта мұсылман әйелдер саясатта, білімде, медицинада белсенді болған.
Әділет
Ислам әйелді зорлық-зомбылықтан қорғауды көздейді. Оларға әділдік пен құрмет көрсету, оларға жәбір көрсетуге жол бермеу — негізгі қағидаттардың бірі.
Қорыта айтқанда, исламда әйелдің орны мен құқықтары жоғары бағаланып, оған көптеген мүмкіндіктер берілген. Әйелдерге деген құрмет, олардың білім алу, еңбек ету, қоғамда белсенді болу, сондай-ақ, некеде тең құқықты болу сияқты көптеген маңызды құқықтар берілген. Әйелдерге қатысты Исламның негізгі принциптері мен құндылықтары көптеген мұсылман елдерінде әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлер арқылы жүзеге асырылса да, жалпы Ислам әйелдердің құқығын қорғайтын дін болып табылады.
Ақиқатында, ислам дінінде әйел мәртебесі өте биік. Ешқандай бір дін әйел баласына ислам дініндегідей құрмет пен мәртебе бере алмаған.
Мұхамедкәрім СМАТҰЛЫ,
Медет мешітінің бас имамы