Біз сұхбаттасқан ғалымдардың бірі «…Сегізінші, оныншы ғасырларда мұсылман ғалымдар әлемге, күллі Еуропаға өркениетті алып барған кезде оларда ғылым жоқ еді. Осы сегізінші, тоғызыншы, оныншы ғасырда Еуропадан шыққан бір ғалымды айтып беріңіздерші десем, ешкімді айта алмайды» деген еді. Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлынан ислам келгеннен кейін зор өзгерістер орын алған «Орта Азиядағы қайта өрлеу кезеңі» туралы сұрадық.
Ұстаз Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, Орта Азия жеріне келген Ислам діні – түркі халықтарының жаңаша рухани өрлеуіне жол ашты.
«Ортағасырлық мәдениетіміз бен әдебиетімізге ислам айшықты із қалдырды. Түркі ойшылдары шығармашылық ізденістерінде ұлттық негіздермен қатар, ислам құндылықтарына да иек артып отырды. Ортағасырлық қазақ жеріндегі Отырар, Кердер, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Жент, Баласағұн, Сайрам (Исфиджаб), Тараз, Меркі сынды мәдениет пен ғылым ордалары бұқараға бағыт-бағдар сілтеді.
Осы жерде ортағасырларда шыққан Әл-Фараби мұраларын, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы), Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік», Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы), Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих и Рашиди», «Жаһан наме», Ахмед Иүгінекидің «Хибатул-хақаиқ» (Ақиқат сыйы), Сүлеймен Бақырғанидың «Бақырғани кітабы» еңбектерін мақтанышпен атап өту парыз.
Еске түсірейікші, екінші ұстаз ретінде әлем мойындаған «Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Философияның дінге қатысы» атты еңбегін қалай бастаған еді? «Мейірімді, мейірман Алла үшін…» деген сөздермен. Неге? Себебі, күллі жаратылыс иесі Алла. Құран сөздерін логикалық тұрғыда пайымдаған ғұлама дүниедегінің бәрі түсіндірілуі тиіс екендігін және дүниедегінің бәрін түсіндіруге болатынын көрсетеді.
Яғни, түйін бір. Ислам өркениеттің, құндылықтардың діні» деді Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА (Материал Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен дайындалды)