Ислам жала жабуды құптамайды

Қазіргі заман ғаламтор заманы десек артық айтпаймыз, өйткені еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін күнделікті ғаламторды қарап отырады.

Ғаламторда кейде ақиқат ақпарат берілгенімен оған қоса көптеген жалған жаңалықтардың қаптап жүретінін күнде көзіміз көріп отыр. Соның ең бір сорақысы «Жаптым жала, жақтым күйе» дегендей бір адамның сыртынан неше түрлі өсек, жала жабу секілді жамандықтың жаршысы болып жүргендер де көпшілік. Асыл дініміз Исламда жала жабу үлкен күнәлардың қатарына кіретіні анық.

Дініміз Ислам – мейірімділіктің,  татулық пен ынтымақтың діні. Біздің дінімізбен де, дәстүрімізбен де мүлде ұштаспайтын дүниелер бар. Олар: жала жабу, өсек, өтірік, ғайбат атаулы дүниелер. Мұндай тіл кесапаттары салдарынан жақын адамдар бір-бірімен араздасып, арадағы достық қарым-қатынастары қастыққа айналады, адамдарға нақақтан күйе жағылып, қоғамдық байланыс әлсірейді. Осы себепті де жала жабу – дінімізде үлкен күнәлі істерден болып саналады. Халық даналығында да: «Жалада шындық болмайды», «Қаңқу сөздің қоспасы көп», «Аяғы жаман төрді былғар, аузы жаман елді былғар», «Итке төсек не керек, естіге өсек не керек?», – деген сияқты т.б. мақал-мәтелдер өте көп.

Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз.

Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екендігін айтқан. Себебі, жала жабуда өтірік қоса араласып жүреді. Әбу Һурайрадан  жеткен хадисте Алла елшісі  сахабалардан:»

«Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?», – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Пайғамбар : «Ғайбат деген – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?», – деп сұрақ қояды. Пайғамбар : «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді»[1].

Құранда Алла Тағала жала жабудың үлкен күнә екендігі жайында былай дейді:

«Мүмін еркектер мен мүмін әйелдерді жоқтан өзгемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі»[2].

Жала жабудың мынадай бірнеше түрі бар:

БіріншіАлла Тағалаға жала жабу.

Бұл жаланың ең жаманы әрі ең ауыр түрі. Бұған: Құранда айтылмаған сөзді «Алла Тағала айтты» деу, Құранды әдейі бұрмалап тәпсірлеу, бір іске қатысты білімсіз түрде «адал не арам» деп үкім айту секілді істерді жатқызған. Құранда:

«Аллаға жасанды жала жапқаннан немесе келген шындыққа қарсы болғаннан залым бар ма? Кәпірлердің орны тозақ емес пе[3].

Басқа бір аятта:

قُلْ أَرَأَيْتُم مَّا أَنزَلَ اللّهُ لَكُم مِّن رِّزْقٍ فَجَعَلْتُم مِّنْهُ حَرَامًا وَحَلاَلاً قُلْ آللّهُ أَذِنَ لَكُمْ أَمْ عَلَى اللّهِ تَفْتَرُونَ وَمَا ظَنُّ الَّذِينَ يَفْتَرُونَ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Қарамайсыңдар ма! Алланың сендерге берген несібесінен арам, адал жасадыңдар» де. «Сендерге Алла рұқсат берді ме? Немесе Аллаға жала жауып жүрсіңдерме?», – де. Сондай Аллаға өтірік жала жапқандардың, қиямет күні туралы ойы не? Расында Алла, әрине адамдарға кеңшілік иесі. Бірақ, олардың көбі шүкірлік қылмайды[4].

«Тілдеріңнің «бұл арам,бұл халал» деп өтірік сипаттағанын айтпаңдар, Аллаға өтірік жала жапсырған боласыңдар. Шынында Аллаға өтірік, жала жапсырғандар, құтылмайды»[5], – деп айтылған.

Екінші: Алла елшісіне  жала жабу.

Жаланың екінші бір жаман түрі – Алла елшісіне  жала жабу. Пайғамбарымыздың тірі күнінде мүшріктер оған ақын, бақсы, сиқыршы т.б. түрлі жалаларды жапқанын тарихтан жақсы білеміз. Құранда:

«Ол, бір ақынның сөзі емес. Сендер аз сенесіңдер. Сондай-ақ, ол бақсының да сөзі емес. Аз түсінесіңдер. Ол, әлемдердің Раббысынан түсірілген»[6].

Басқа бір аятта:ورًا

«Күпірлік қылғандар: «Бұл Құран мүлде жасанды. Оны өзі шығарды, оған басқа ел де көмектесті» деп, олар орынсыз жала жапсырды»[7].

Пайғамбарымыздың  айтпаған сөзін оның хадисі деу немесе хадистің мағынасын әдейі бұрмалау сияқты істер де жалаға жатқызылады. Бұл жөнінде Әз Пайғамбарымыз    былай дейді:

«Кімде-кім менің атымнан жалған сөз айтса, өзіне тозақтан орын дайындай берсін!» [8].

Үшінші: Адамдарға жала жабу.

Өзге адамның айтпағанын «айтты» деу, істемеген ісін «істеді» деп жалған айту. Мүмін адам өзге біреуді дәлелсіз жамандаудан, кемшілігін іздеуден барынша сақ болуы қажет. Өйткені, өзгенің кемшілігін айтқан адамға арнайы сауап жоқ. Керісінше жалғаншы адамның ауыр күнәға бататыны сөзсіз. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбар :

 «Жеті күйзелтушіден сақтаныңдар», – деген. Сонда: «Олар не?» – деп сұрағанда, Ол : «Аллаға серік қосу, сиқыр, Алланың тек ақиқаттан өзге жағдайда өлтіруіне тыйым салған жанды нақақтан өлтіру, өсім жеу, жетімнің малын жеу, қан майданда артқа қашу, ештеңеден қаперсіз, бейкүнә мүмін әйелдерге жала жабу», – деген»[9].

Қоғамда жала жайылмас үшін мұсылман адам мына амалдарды орындауы қажет:

  1. Жала жабушының сөзіне сенбеу. Құран аятында былай деліген:

«Әй мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер»[12].

Бесінші әділетті халифа деген атпен танымал Омар ибн Абдулазизге бір кісі келіп, әлде бір адам жөнінде жаман сөздерді айта бастайды.  Сонда Омар: «Бұл айтқан сөздеріңді тексеріп көрелік. Егер өтірік айтқан болсаң: «Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар», – деген аятта айтылғанындай пасық адам болғаның. Егер сөзің рас болса: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа да (бой ұсынба)»[13]», – делінген адамдардансың. Ал егер сөзімді қайтарып алдым десең, айтқаныңа кешіріммен қарауға әзірміз», – дейді. Сонда әлгі кісі: «Мені кешіріңіз мүміндердің әміршісі! Енді бұндай іске бармаймын» – дейді[14].

  • Жала жабушыға насихат айтып, ақ пен қараны таныту. Жала жабу – адамдар арасын алыстатып, береке мен бірлікке сызат түсіретін, бейкүнә адамды өзгеге жаман етіп көрсететін күнәлі істерден. Мұндай сөздерді айтушыға мұсылман адам жұмсақтықпен насихат айтып, жақсылыққа шақыруы тиіс. Қаблиса (Қабан) жырау бабамыз мұндайда ұрпағына мынадай насихат қалдырған екен:

Тіл алсаңдар шырағым,

Өсек сөзді елеме.

Үйір болғын шырағым,

Жақсы сөзге өнеге.

Тіршілікте сыйласқын

Дүние қайтып келе ме?

Дүниеге сенім жоқ,

Мінерсіз бір күн кемеге.

Айтар әркім білгенін

Сөз ғып оны немене.

Қағыспай халқым тек жүрсін

Онан пайда өне ме?

Өсек-аяң сөз болса,

Жуытпағын денеңе.

  • Жала жабылған адам турасында жаман ой ойлаудан сақтану.

 Өзгенің

сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлде біреу турасында жаман ой  ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға  жабылған жаладан кейінгі түскен аятта:

«Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің айтуымызға болмайды. Алла сақтасын. Бұл бір ірі жала» деген болсаңдар еді»[15], – делінеді.

Бір ғалым өз сөзінде: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң «Әй менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің», – деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», – деген екен. Құранда Алла Тағала біздерді жаман ойдан сақтандырып, былай деген:

«Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді»[16].

  • Жала ретінде айтылған сөзді таратпау. «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» делінгендей, дәлелсіз айтылған жала сөз қаңқу сөзге жатқызылады. Мұсылман адам әр сөзін сөйлемес бұрын, онда қандай пайда не зиян бар екендігін ойлап барып сөйлейді. Өйткені сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед хадисінде:

«Кім Аллаға және де қиямет күніне иман еткен болса, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»[17], – деп айтқан.

Алла Тағала баршамызды береке-бірлігімізге сызат түсіретін өсек, өтірік, ғайбат, жала сынды сөздерден аулақ етіп, елімізге амандық, жерімізге тыныштық нәсіп етсін! Әмин.

Нұрлан ЖАРҚЫМБАЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің наиб имамы.

СІЛТЕМЕЛЕР:

[1] Муслим (2589), Тирмизи (1934), Әбу Дәуд (4874);

[2] «Ахзаб» сүресі, 58-аят;

[3] «Ғанкабут» сүресі, 68-аят;

[4] «Жүніс» сүресі, 59-60-аяттар;

[5] «Нахыл» сүресі, 116-аят;

[6] «Хаққа» сүресі, 41-48-аяттар;

[7] «Фурқан» сүресі, 4-аят;

[8] Бұхари (3461),  Ахмад (2/159);

[9] Бұхари, Мүслім риуаят еткен.

[10] «Нұр» сүресі, 11-аят;

[11] Мұхамед Сәйд Рамазан әл-Бути, «Фиқһу әс-сира», 299-301 беттер;

[12] «Хужурат» сүресі, 6-аят;

[13] «Қалам» сүресі, 11-аят;

[14] Доктур Мухаммад Мансур, «Әл-мухтасару әл-муфиду фи тәрбияти ән-нәфс», 27-бет;

[15] «Нұр» сүресі, 11-16-аяттар;

[16] «Хужурат» сүресі, 12-аят;

[17] Бұхари (6017), Муслим (47);