Алланың көркем есімдерін білудің мәні неде?

         Ислам діні Аллаға иман келтіру негізіне құрылғандықтан Құранның  ең басты мақсаты – Алланың бар, бір және әлеммен байланысына назар аударту.

Адамның өзін және қоршаған әлемдегі жанды-жансыз жаратылыстарды зерттеп зерделеуі олардың ерекшеліктеріне, олардың алуан түрі мен тіршілігіне терең бойлап, ой салуы Құдайды танып білу үшін жеткілікті. Алайда адам Алланың бар екенін жүрегімен растап, иман келтіргеннен кейін одан әрі Алланың затына ой жүгіртуі артық болады.

         Айналамыздағы жаратылыстар мен қоршаған ортадағы құбылыстар танып-білу бес сезім мүшеміз арқылы жүреді. Осылар арқылы айналасындағы заттар мен құбылыстарды сезіне отырып таниды. Зейінінде олар жайлы белгілі бір таным қалыптасады. Дегенмен сезім мүшелері арқылы тани алмайтын мәселелер жайлы оның өздігінше тұжырым жасауы мүмкін емес. Бұл мәселе біз үшін ғайыпқа жатады. Алла Тағаланы адам сезім мүшелері арқылы танып біле алмайды.

Құран Кәрімде баяндалған «Көздер Оны (Алланы) көре алмайды»  (Әнғам сүресі 103 аят) деген аят Алланың заты жайлы үкім беруге адам ақылы жетпейтінін білдіреді.

         Алла Тағаланың тек бар екендігіне иман келтіріп қана қою жеткіліксіз. Оған барша жаратылыс атаулы тәуелді екені, Оның алдында белгілі бір жауапкершілік пен міндетіміздің бар екенін де ұмытпағанымыз абзал.  Десек те, адамның толық танып білмейтін, әлем мен өзіне деген әсерін бағамдай алмаған нәрсесіне құлшылық етіп, бет бұруы оңай шаруа емес. Міне, сондықтан Алла Тағала Құран Кәрімде, хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз хадистерінде Алланың көркем есімдері, сипаттары мен құдірет-күші жайында баяндаған. Алла Тағала өзінің көркем есімдері бар екенін Құран Кәрімнің «Ағраф 180», «Та-һа 8», Хашр 24» аяттарында;

«Ең көркем есімдер Аллаға тән. Оған сол есімдер арқылы жалбарыныңдар!» деген.

Шын мәнінде адамдардың зейінінде әрі көңілінде Аллаға деген сенімнің дұрыс қалыптасуы, Оның әмірлерін бұлжытпай орындау үшін «Әсмәул – хуснаны» білудің рөлі орасан зор.

«Әсмаул-хусна» Алланы зікір етуде бірден бір себеп болғандықтан, Оған жасалған дұғаларда қолдану да дұғаның ықпалын арттыра түседі. Алла Тағала өзіне көркем есімдері арқылы дұға жасауды бұйырған:

«(Мұхаммед с.а.с): «Мейлі Алла деп немесе Рахман деп атаңдар. Қайсысымен атасаңдар да, ең көркем есімдер Оған тән» де»

                                                                  (Исра сүресі 110 аят)

Алланың елшісі  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Алланы көркем есімдерімен еске алған адамның күнәлары теңіз көбігіндей көп болса да, кешірілетіндігін сүйіншілеген.

Алла Тағаланың көркем есімдерінің саны жөнінде Пайғамбарымыз  (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде:

«Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Бұларды санап отырып зікір еткен адам жұмаққа кіреді» (Бұхари, Мүслим, Тирмизи)

Мұсылмандардың арасында кең тараған «Әсмаул-хусна» саны тоқсан тоғыз деп айтылуы осы хадиске негізделген. Ислам ғалымдары «әсмаул-хусна» хадисінде айтылған тоқсан тоғыз саны жайлы түрлі пікір білдірген. Олар бұл көптікті білдіреді, шектеуге болмайды деген пікірге тоқталған (Ибн Хажар Әл Асқалани «Фәтһуль – бәри»)

Қорыта айтқанда, қандай жорамал жасалса да, «санау» ұғымының сөздік мағынасынан басқа да мағыналары бар. Сондықтан Алланың есімдерін жұмаққа кіргізуге себепші қылатындай түрде санау – Ислам, Алланы ұлықтау сенімін аят – хадистерге негіздей отырып түсіну, оларды ұнату және осы сенімге сай рухани қуат алатындай дәрежеде санау деген мағынаға келеді.

Ержан ЖАҚСЫҒАЛИЕВ,

«Сұлтан Бейбарыс» мешітінің азаншысы.