Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау.
Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шараны атқару міндеті тұр.
Уақып – Алланың мүлкі. Сондықтан уақып ісінде аса мұқияттылық қажет. Алла қаласа, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан қайырымдылық негізінде студенттерге арналған мүфтият жатақханаларын ашамыз.
Діни басқарма 2022 жылы жеті бағыт бойынша жемісті қызмет атқарды. Ал биыл мүфтият жұмысты одан әрі жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық береді. Олар – дін және дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру.
Мүфтияттың негізгі жұмыс бағытының бірі – діни білім және кадр даярлау. Имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру – өзекті мәселенің бірі. Жамағат сұранысына жауап беру үшін имамдардың білімі мен біліктілігін арттыра түсу мақсатында арнайы жобалардың жоспары бекітіліп, курс, семинар ұйымдастыруды ұйғардық. Заманауи білім беру жүйесін, діни кадр даярлау мен дін қызметкерлерінің білімін жетілдіру – біздің басты міндетіміз. Осы орайда «Білімді ұрпақ» жобасын жүзеге асырамыз.
Бүгінде елімізде халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту бағытында көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Біз де мұндай игі істен қалыс қалмауымыз қажет. «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген сөздің мәні тереңде. Медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешімге келдік.
Қазір көптеген дін атын жамылған түрлі ағымдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өздерінің діни ұрандарын таңып, идеологиясын белсенді түрде жүргізуде. Тіпті хал үстінде жатқан қаншама жандар өзге діннің сеніміне ереді. Өткен жылы діни сауат ашу курстарына қосымша «Намаз оқуды үйрету» және «Құран жаттау курсын» ашуды тапсырған болатынбыз.
Мұндай курстар өз нәтижесін беріп келеді. Ендігі кезекте мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы курс ашып, асыл дінімізді насихаттауды қолға аламыз. Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарға дін насихатын жүргізу, Алланы таныту. Осы ретте бейнетаспаға түсірілген уағыздардың бірқатарына сурдоаударма жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы «Мұнара» телеарнасы жүзеге асырады.
Бүгінде Діни басқарма қоғаммен байланыс жұмыстарына басымдық беріп келеді. Осы мақсатта 2022 жылы мүфтият жанынан Ақсақалдар кеңесі мен Сарапшылар кеңесі құрылып, жұмысын бастаған болатын. Биыл да осы кеңестердің жұмысын одан әрі жалғастырамыз. Қоғаммен байланыс бағыты бойынша жұмыстарымызды жандандыра түсу үшін ҚМДБ жанынан «Рухани қоғамдық кеңес» құру туралы шешім қабылдадық. Бұл бастама жастармен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік ашады.
Аллаға шүкір, өткен жылы Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары еліміз бойынша 164 229 сұраққа жауап берді. Сонымен қатар мүфтият жанындағы Діни ақпарат беру орталығының (Call-орталық) мамандары бір жылда 9 842 сұраққа жауап берді. Бұл – үлкен еңбек.
Бүгінде отбасы мәселесі, соның ішінде ажырасу жағдайы азаяр емес. Мәселен, 2022 жылы ҚМДБ-ның Орталық аппаратына отбасы мәселесі бойынша 345 өтініш келіп түсті. Шариғат және пәтуа бөлімінің қызметкерлері 332 отбасын сақтап қалуға үлес қосты.
Біздің имамдарымыз қоғамдағы түйткілді мәселелерге төтеп беріп, ажырасуға шешім қабылдаған қаншама отбасын сақтауға тырысып келеді. Осы орайда бас имамдарға жергілікті әкімдіктермен келісе отырып, мүмкіндікке қарай еліміздегі АХАЖ бөлімдері қызметкерлерімен бірлесіп, неке және отбасын сақтау мәселесін қарастыруды, медиация жұмысына белсенді түрде араласуды және мешіттер жанындағы «Отбасылық кеңес беру орталықтары» жұмысын жетілдіруді тапсырдым.
Сонымен қатар қоғамдағы ажырасудың алдын алу мақсатында мешітке келуші жамағатқа және әлеуметтік желі арқылы уағыз-насихат жұмыстарын күшейту, осы бағытта арнайы бейнероликтер дайындау қажет. Өткен жылы еліміз бойынша халыққа отбасы құндылығы, Отанның қадірі, еңбек етудің маңызы, салт-дәстүр, т.б. тақырыптарда 275 мыңға жуық уағыз-насихат айтылды.
Халқымыз қажыларға ерекше құрмет көрсетіп, әрқашан төрін ұсынған. Алайда ел ішінде қажылыққа барып келген кейбір азаматтардың ұлы сапар туралы жағымсыз пікірлері әркез айтылып қалады. Қажылық жұмысты ұйымдастырудағы басты назар аударатын мәселенің бірі – болашақ қажыларды діни, рухани, моральдық тұрғыдан даярлау.
Бұл ретте қажылыққа ниет еткен отандастарымызбен тығыз жұмыс істеп, оларды алдағы қасиетті сапарға облыстық, аудандық, қалалық статустағы мешіттерде арнайы оқыту курстарында қажылық сапарына дайындаймыз. Мешіттер мен имамдар осы істі ыждағатпен жүзеге асырып келеді. Діни басқарма жариялаған арнайы конкурстан өткен қажылық компаниялары да мешіттерімізде өтетін арнайы қажылық курсына азаматтардың қатысуын қамтамасыз ететін болады. Қажылармен әрдайым тығыз байланыста болып, олармен нәтижелі жұмыс істеу үшін «Қажының рухани келбеті» құжатын әзірлеп, оны халыққа кеңінен насихаттаймыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төл қажылық компаниясы – «Tawaf Travel» коммерциялық мақсатты ғана көздемейді. «Tawaf Travel» компаниясының табысы дін қызметкерлерін қолдауға, асыл дініміздің насихатына жұмсалады.
Бүгінде түрлі идеологиялық сын-қатерлер төніп, әсіресе ата-бабамыздың жүрген жолын, мұрасын жоққа шығаратын топтар ентелеп тұрғаны белгілі. Осындай кезде Діни басқарманың «Darhan Dala» жобасы аясындағы отандық туризмді дамыту бастамасы әлі де өзектілігін жойған жоқ. «Darhan Dala» – ішкі туризмді дамытумен қатар, бабаларымыздың жолын, өнегелік істерін насихаттайтын ауқымды жоба. Жобаның мақсаты – халықты, жамағатты зиярат туризміне баулу. Сондықтан өңірлерде зиярат мәдениетін насихаттау үшін туристік нысандарға, қасиетті орындарға жамағатты, әсіресе жастарды көбірек қамтып, танымдық экскурсиялар ұйымдастыру өте маңызды.
Біз осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, діни ағартушылық саладағы іс-шараларды жүргізу, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру мақсатында «Уақып» қорын құрдық. Қордың атқаратын жұмысын, мақсатын халыққа барынша насихаттап келеміз. Уақып – Алланың мүлкі. Сондықтан уақып ісінде аса мұқияттылық қажет. Алла қаласа, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан қайырымдылық негізінде студенттерге арналған мүфтият жатақханаларын ашамыз.
Діни басқарманың тағы бір маңызды мекемесі – «Muftiyat» баспасы. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да «Muftiyat» баспасы осы уақытқа дейін 50-ге жуық кітапты жарыққа шығарды. Биыл дін мен дәстүр бағыты аясында «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» еңбегін, «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабын, дүниеге келген сәбилерге есім қоюға арналған «Ерекше көркем есімдер» кітапшасын жарыққа шығарамыз. Сонымен қатар жат діни ағым өкілдерінің көтеріп жүрген мәселелеріне Ханафи мәзһабы және Матуриди сенім мектебі тұрғысынан жауап беретін «Жауаптар жинағы» әдістемелік құралын шығарамыз.
Биыл – Ислам әлемінің қорғаны болған бабамыз Байбарыс сұлтанның 800 жылдығы. Осы мерекелік датаға орай «Мұнара» газеті арнайы айдар ашып, бабамызды көпшілікке тереңірек таныта түсетін болады. Ал Нұр-Мүбарак университеті Байбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай халықаралық конференция ұйымдастырады.
Діни басқарма биыл бес бағыт бойынша жұмыс істейтінін атап өттік. Дін және дәстүр бағыты бойынша ақсақалдар арасында республикалық «Ақ бата» бата беру байқауын жоғары деңгейде өткізуге күш саламыз. Одан бөлек «Дін мен дәстүр» тақырыбында әйелдер арасында облыстық деңгейдегі интеллектуалдық сайыстар, мешіт жамағаты арасында ұлттық және сүннетке сай спорт түрлерінен турнирлер, Рамазан айы қарсаңында Жарапазан айту эстафетасын, «Дін мен дәстүр» тақырыбында республикалық жыр мүшәйрасын өткіземіз.
Аллаға шүкір, бізде Құранды бойына сіңірген қариларымыз көбейіп келеді. Қариларды қолдау мақсатында жыл сайын республикалық Құран байқауын өткізіп келеміз. Ер балалар арасындағы Құран байқауы биыл он екінші рет, қыздар арасындағы Құран байқауы үшінші рет өткелі отыр. Құран байқауын өткізуден тәжірибеміз толысты, жүлдегер қариларымыз да жетерлік. Біз енді жаңа белесті бағындыруды көздеп отырмыз. Осы орайда биыл елімізде тұңғыш рет халықаралық Құран байқауын өткізуді жоспарладық. Сонымен қатар осы жылы бірнеше маңызды іс-шара атқару жоспарланып отыр. Алматы қаласынан биыл Діни басқарманың ғылыми-зерттеу орталығы ашылады. Өткен жылы Астана мен Алматы қаласынан Діни басқарманың тікелей бақылауымен Құран ижазасын беретін орталық аштық. Аллаға шүкір, биыл осы ижаза орталығын тамамдап Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін тізбегі үзілмеген Құран ижазасына қол жеткізген шәкірттерге арнайы ижаза куәлігі табысталады. Алла бұйырса, бұл да діни саладағы үлкен жетістігіміздің бірі болары анық.
Алла қаласа, облыстық мешіттер жанынан көне түркі тілінде жазылған Ханафи мәзһабына негізделген бабалардың («Ғибадат исламия», «Сопы Аллаяр», т.б) кітаптарын оқыту курстарын ашамыз.
Былтыр біз бес томдық «Ислам энциклопедиясы» ғылыми жобасын әзірлеу қолға алынды. Бүгінде аталған жобаға 70-ке жуық дін, тарих, әдебиет саласының мамандары, ұстаздар мен ғалымдар атсалысып жатыр. Биыл «Muftiyat» баспасы «Ислам энциклопедиясының» І, ІІ, ІІІ томдарын жарыққа шығарады.
Осы жоғарыда аталған жұмыстар мүфтият қызметіне оң серпін береді деп санаймын. Салтымыз бен асыл дінімізді терең насихаттау жолындағы игі істерімізге Алла жар болсын! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти