Белгілі ұстаз Юнус Қадырқұлұлы Жылыой ауданында іс – сапармен болды

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлы Жылыой ауданына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында ұстаз Юнус Қадырқұлұлы жылыойлық имамдарға дәріс оқыды.

«Алла жолында еңбек етудің сауабы» тақырыбында дәріс оқыған ұстаз Юнус Қадырқұлұлы имам болу аса жауапты қызмет екенін атап өтті.

«ХXI ғасырдың имамына тек Құран мен сүннет, фиқһ пен ақиданы білу аздық етеді. Тек мешітте уағыз айтып, намазда имамдық етумен шектелмей, қоғамдық мәселелерге де белсене қатысу  – заман талабы.

Өмір сүріп жатқан заманымыз өзгерістер мен қауіп-қатерге толы. Өз ортасына лайықты имам да діни мәселелерден басқа тарихтан (Қазақстан тарихы, әлемдік тарих), географиядан т.б. ғылымдардан сондай-ақ, қоғамда болып жатқан оқиғалардан хабардар болуы керек. Ақпараттық технологиялар шарықтап тұрған ғаламтор әлемі де өте өзекті. Себебі, көпшілік әсіресе жастар ақпаратты көп жағдайда итнернеттен алады. Жат ағымдардың өз идеологияларын насихаттауда аса белсенділік танытып отырған бұл платформаны игеру имамның басты міндеттерінің біріне айлалуы тиіс-ақ.

Ғаламтор жамағаты жат ағымның жетегінде кетпес үшін заманауи имам кибер әлемдегі насихатына білек түріп кіріскені жөн. Бұған қоса дін қызметкері «Алланың алдына қуатты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда ұнамдырақ. Және бұл екеуінде де жақсылық бар» деген Алла Елшісінің (с.ғ.с) хадисіне амал етіп,  бір уақытын спортқа бөлгені де дұрыс» деп атап өтті ұстаз Юнус Қадырқұлұлы.

Жылыой ауданына сапары аясында ұстаз Юнус Қадырқұлұлы жергілікті жамағатпен кездесті. Рухани кездесуге «Пайғамбар өмірбаяны» тақырыбы арқау болды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.