Ұстаз Юнус Қадырқұлұлы Мақат ауданына барды

Атырау облысына жұмыс сапары аясында Республикалық ақпараттық насихаттық топ мүшесі, Жаңаөзен қаласының бас имамы Юнус Қадырқұлұлы Мақат ауданына барды.

Мақат аудандық орталық мешітінде жамағатпен кездескен ұстаз Юнус Қадырқұлұлы Құптан намазының алдында уағыз – насихат жүргізді.

«Аллаға деген махаббат және Алла разылығы үшін адамзатты жақсы көру» тақырыбында насихат айтқан ұстаз Юнус Қадырқұлұлы жамағат тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Мұсылман адам әуелі өзін жоқтан бар еткен Аллаға сеніп, Оны жақсы көруі тиіс. Әрине Алланы жақсы көру, Оған деген шынайы махаббат деген кезде ананың перзентіне, екі жастың бір-біріне деген махаббат пен сезімін елестуге болмайды. Алланы жақсы көру, Оған иман ету мен тануға байланысты болмақ. Өйткені адам білгенін әрі танығанын ғана жақсы көре алады. Хасан Басри (р.а.) бір сөзінде: «Раббысын білген Оны жақсы көреді», – деген екен.

Біз Алла Тағаланы Құранда айтылған сипаттарымен ғана тани аламыз. Оны шектеулі санамызбен танымдауымыз мүмкін емес. Ол әлемдердің Раббысы. Барлық мақлұқатты жаратушы әрі өмір беруші, Одан басқа жаратушы жоқ.

Барлық нәрсені көруші, білуші, аспан мен жерде Оған құпия ештеңе жоқ. Барлық нәрсені естуші, тіпті жүректегі сезім мен санадағы жасырын ойды да білуші. Аса мейірімді, ерекше қамқор. Барлық жаратылысқа деген шексіз мейірім Иесі. Жаратқан пендесі иман етпесе де, ол адамға ризық беруші. Барлық нәрсеге құдіреті жететін, ай мен күнді, күндіз бен түнді, аспан мен жерді адамның игілігіне ұсынушы. Адамға берілген кәміл қабілетті беруші деп білеміз.

Осы аталған сипаттар Алладан басқа ешкімде болуы мүмкін емес. Сол үшін адамбаласы тек қана Аллаға ғана құлшылық етіп, Оны жақсы көруі тиіс» деп атап өтті ұстаз Юнус Қадырқұлұлы.