Көрегенділік – Алла жолына түскен жандарға берілетін Хақтың нұры. Алла Тағала осы нұр арқылы олардың сезім пердесін ашты. Бұл оларға нәпсімен күресу, Алланы еске алып, оңаша қалу және зікір арқылы беріледі.
Имам әл-Ғазали (Алла оны рақымына алсын) былай деген екен: «Жүректің тазалығы мен көрегенділігі зікір арқылы пайда болады. Бұл деңгейге тек Алладан қорқып, тақуа болғандар ғана жете алады. Тақуалық – зікірдің қақпасы. Зікір – көрегенділіктің қақпасы. Көрегенділік – үлкен жеңістің қақпасы. Ең үлкен жеңіс – Алла Тағалаға жолығу».
Көреген адам жүрегі арқылы көзбен көре алмаған нәрселерді көреді. Өйткені, көреген, тақуа пенделер айналаға Алланың нұрымен қарайды. Ғұламалар көрегенділік жүрекке қатысты іс екенін айтқан. Егер жүрек нұрлы болса, көп жағдайда оның көрегенділігі қателеспейді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміннің көрегендігінен сақ болыңдар, өйткені ол Алланың нұрымен қарайды» деген хадисі осының дәлелі.
Көрегенділіктің деңгейі Алланы танудың және Аллаға жақындықтың деңгейіне байланысты болады. Пенденің Аллаға жақындығы артқан сайын оның көрегенділігі де ақиқатқа айналады. Адам баласының рухы Аллаға жақын болған сайын, оған ақиқат қана көрінеді.
Көзін харамнан, нәпсісін жамандықтан тыйған, ішкі жан-дүниесін Алла Тағала бақылап тұр деген сеніммен тазарта білген және тек адал ас ішіп-жеген адамның көрегенділігі мен аңғарымпаздығы ешқашан қателеспейді. Көзін харамнан тыя алмаған адамның жүрегінің айнасы да тот басып, қараңғыланып кетеді.
Адам баласы егер сыртқы сезімдерінен ішкі сезімдеріне ауыса алса, тән рахатын ғана көздеген нәпсісін рухына жеңдіреді. Ал рухтың шынайы табиғаты – нәзік әрі көреген. Міне, осының нәтижесінде көрегенділік қасиеті пайда болады.
Көрегенділік – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған шынайы мұра. Ол мұраға сөзі рас, ісі адал және жүрегі таза сахабалар ие болған еді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрегенділігі жайлы айтар болсақ, Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрегенділігі оған Алла тарапынан берілген мұғжиза еді.
Ал сахабалар мен олардан кейінгі буынның көрегенділігі керемет деп аталады. Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деген: «Намазға тұрған кезімізде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге жүзімен бұрылып: «Саптарыңызды түзеңіздер, тығыз тұрыңыздар. Өйткені мен сендерді ту сыртымнан көріп тұрамын».
Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) тағы бір сөзінде былай деген: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Зайдты, Жағфарды және Ибн Рауаханы шайқасқа жіберіп, туды Зайдке сеніп тапсырды. Олардың үшеуі де жан тапсырып, қаза болды. Бұл хабар жетпестен бұрын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға олардың қазасына көңіл айтып былай деді: «Туды Зайд көтерді де қаза болды. Содан соң туды Жағфар көтерді де, ол да қаза тапты. Содан соң туды Абдулла ибн Рауаха алды да, ол да жан тапсырды (Бұл сөздерді айтқан кезде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қос жанарынан жас парлап тұрған еді).
Содан соң туды бұйрықсыз Халид ибн Уалид алды да, жеңіске жетті». Бұл сөздерді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муъта шайқасы болған күні айтқан еді.
Сахабалардың (Алла олардың бәріне разы болсын) көрегенділігі жайлы айтар болсақ, Әбу Бәкір Сыддықтың (Алла оған разы болсын) сыддық, яғни өте шыншыл екеніне Алла Тағала Өзі куәлік берген. Алла тарапынан ақиқатты әкелген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса, оны ең алғаш болып растаған жан осы Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) еді. Оның өзге сахабалардан артықшылығына дәлел болатын оқиғалар өте көп. Солардың ішінен Әбу Бәкірдің қасиетін баяндайтын бір ғана оқиғаны айтып өткенді жөн санаймыз.
Уруа (Алла разы болсын) әкесінің Айша (р.а) анамыздан естігенін былай деп баяндайды: «Әбу Бәкір өлім төсегінде жатқан кезінде Айша анамызды шақыртып, оған былай деді: «Отбасымда мен үшін сенен асқан сүйікті жан жоқ. Мен саған байлықты да кедейлікті де еш қорықпастан тілей аламын. Мен саған Мәдина қаласының жоғарғы жағында орналасқан 20 пұт шамасында өнім беретін жер телімін сыйға тартқан болатынмын.
Егер сен ол жерге бір жыл құрма еккеніңде, сенің меншігіңе өтер еді. Шын мәнінде бұл – мұрагерлердің меншігі берілетін күн. Ол жер сенің екі інің мен екі сіңліңе тиесілі. Сонда Айша анамыз: «Менің сіңлім біреу ғана, Асмаа емес пе?» деді. Сонда Әбу Бәкір былай деді: «Жатырда жатқан бір сәби бар. Маған оның қыз болып туатыны мәлім. Оған жақсы қарап, қамқор бол». Осыдан кейін Умму Кулсум өмірге келді».
Ғалымдар бұл оқиғада Әбу Бәкірдің (Алла оны рақымына алсын) екі кереметі баяндалғанын айтады. Біріншісі – бұл аурудың соңы өліммен аяқталарын білуі. Сондықтан да «шын мәнінде, бұл күн мұрагерлердің меншігі берілетін күн болып есептеледі» деп айтқан. Екіншісі – келесі перзентінің қыз болатынын, сонымен қатар қызы Айшаға берген мұрасын қайтып алып, тек өзіне ғана тиесілі үлесін беретінін көңілін ауыртпай жеткізе білуі.
Осман ибн Аффанның (Алла оған разы болсын) көрегенділігі жайлы айтар болсақ, бірде оның алдына бір кісі келді. Ол жолда келе жатып бір әйелге көзі түсіп, сол туралы ойланып келе жатқан еді. Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) оған қарап: «Кей кісілердің екі көзінен зинаның әсері байқалып тұр», – деді.
Әлгі кісі таңданысын жасыра алмай: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін де уахи келетін болған ба?» – деді. Сонда Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) оған қарап: «Жоқ әрине, бірақ бұл иманды адамның көрегенділігі», – деп жауап берген екен. Негізінде Осман (Алла оған разы болсын) бұл қасиетін әлгі адамның қылығына деген жиіркеніш пен тәртіпке салу мақсатында ғана көрсеткен болатын.
Әли ибн Әбутәліптің (Алла оған разы болсын) көрегенділігі жайлы айтар болсақ, ол Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасында тәрбиеленді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласында мұсылмандарды бір-бірімен бауырластырған кезінде оған: «Сен менің бауырымсың. Харунның Мұсаға бауыр болғанындай деңгейде болғың келмей ме?» – деген.
Асбағтан (Алла оны рақымына алсын) жеткен деректе былай делінген: «Әлимен бірге келе жатқан болатынбыз. Хусайнның қабірі қойылған жерге келгенде Әли былай деді: «Бұл жерге олардың мінген түйесі тоқтайды. Осы жерден олар алыс сапарға аттанады. Осы жерде олардың қаны төгіледі. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әулетінен шыққан жас балалар осы жерде ажал құшады. Оларды жоқтап аспан мен жер жылайды».
Әли ибн Әбутәліптің (Алла оған разы болсын) Куфа халқына: «Болашақта сендерден Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасынан шыққан адамдар жәрдем сұрайды. Бірақ олар сендерден ешқандай жәрдем көрмейді» деген еді. Хусейнге қатысты оқиға кейіннен дәл сол жерде болған еді.
Қорыта айтқанда, көрегенділік қасиет – өмірде кездесуі әбден мүмкін құбылыс. Бұл – Алла Тағаланың сүйген пенделеріне берілетін ерекше қасиет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір елдің көрегені болады. Оны тек қасиетті жандар ғана байқай алады» деген.
Көрегенділік қасиетке жетудің бірінші жолы – көз-жанарын харамнан тыю. Расында, Алланы көріп тұрғандай немесе Алла мені көріп тұр деген ихсан деңгейімен өзін қатаң бақылауда ұстап, ішкі жан-дүниесін әсемдей алған, нәпсісін күмәнді істерден, көз-жанарын харамнан тыя алған және тек адал ас ішіп әдеттенген адам көрегенділік қасиетке қол жеткізбек. Осы айтылғандарды орындай алған адам ақиқатты жүрегімен сезеді.
Күнә мен кемшіліктерден тазару деңгейіне байланысты адам баласының жүрегі әр алуан болады. Жүрек те шыны секілді. Тазарған сайын бағасы арта түседі.
Бағасы қымбат шыны арқылы әдетте көзге көрінбейтін микробтарды көруге болады. Қарапайым терезенің шынысы мен жоғары оптикалық микроскоптардың шынысы бірдей емес. Сол секілді түрлі күнәдан тазарған жүрек пен күнәға белшесінен батқан жүректі салыстыруға келмейді. Сондай-ақ періштелер мен шайтандарды да салыстыруға келмейді.
Алла Тағала баршамызды аңғарымпаз тақуа пенделерінен еткей. Әмин!
Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,
Қарағанды облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №21, 2022 жыл