Аллаға мадақ … Пайғамбар Мұхаммедке салауатпен басталады. Пайғамбардың отбасысы, сахабалары және олардың артынан қияметке дейін жақсылықта ерген қауымға Алла разы болғай!
Күллі мұсылман жұршылығы үшін ардақты кітап болған – Құран қиямет күніне дейін ислам дінінің өшпес мұғжизасы болып қала бермек. Құранның мұғжизалығы сонша – оның әр бетін күн сайын оқысаң да еш жалықпай, әр оқыған сайын жаңа бір кітап оқығандай бола бересің және құран оқу адамның жанына рахат сезім сыйлайды. Құранның артықшылықтары мен ерекшеліктері туралы сөз айтып таусыта алмағандықтан, негізгі тақырыпқа ауысайық.
Мекке елінің мүшриктері деген қауым – Меккенің байырғы, жергілікті тұрғындары болып, әуелгі ата-бабалары ұстанған тура жолдан тайып, жалғыз Аллаға құлшылық етуден адасып, түрлі жасанды құдайларға құлшылық ету арқылы Аллаға серік қосқан адамдар еді. Аллаға серік қосуды арабша «ширк», ал серік қосушыны «мушрик» деп атайды.
Аталмыш мүшриктер Пайғамбар Мұхаммед ﷺ алып келген ислам дініне өте қатты қарсылық танытып, сол діннің түп тамырымен жоқ болып кетуіне бар күштерін салған еді. Мұның үлкен себептерінің бірі – олар Мекке қаласын жер-жерден келетін діни топтарға қажылық рәсімін өткізетін ортаға айналдырып, сол арқылы орасан зор пайда тауып, күнкөріс тіршілітерінің жаңа дін келуі арқылы тоқтап қалуынан қорқуында еді. Екінші себептерінің бірі – олар өздері адасып жүрсе де, өздерін нағыз тура жолда деп санап және де ата-бабалары ұстанып келе жатқан көп құдайлық дінді өте қатты сыйлайтын еді.
Міне сондықтан да, ата-баба жолына қарсы шығып, біздің шынайы дінді жоққа шығарып, жаңа дін алып келген адасушы Мұхаммед ﷺ деп, Пайғамбардың жаңа дініне қатты өшпенділікпен қарады. Осыншама себептердің салдарынан – олар пайғамбарға ﷺ барлық қорлықтарды көрсетіп, тіпті оны өлтіруден де тайынбады. Осыншама қарсылықтарға қарамай, олардың құранның бір аятына бас иіп, сол аяттың құрметіне сәжде жасауына себеп болған не нәрсе?, – деп таң қалуға болады. бұл жағдай былайша орын алған еді:
Нәжім сүресі Пайғамбарға уахи болып түскен кезде, сол сүреде мушриктердің жалған құдайлары «Лат», «Ғұзза» атты құдайлардың есімдері аталады. Яғни Алла Тағала оларға осы құдайлардың аттары аталған кезде, олар Мұхаммедтің діні біздің құдайларды қолдайды деп қате түсініп, не сол секілді басқада шатасып, адасушылыққа бой алдырды.
Бұл сүренің ең соңғы аятында «Аллаға сәжде етіп, құлшылық жасаңдар», деп айтылғанын естіген мүшриктер сол кезде Пайғамбардың дауысынан да қатты шыққан шайтанның дауысынан сескеніп, өз қалауларынсыз сәждеге бас ұрған еді. Яғни оларға Лат және Ғұзза есімдері естілген кезде, шайтан оларға «осы құдайларың сендерді құтқарады деп айтады».
Осы сөздерге алданған мүшриктер еріксіз сәжде жасайды. Мүшриктер өздеріне сыбырлаған шайтанның сөздерін Мұхаммед ﷺ айтып жатыр деп ойлап қалды. Бірақ та көп ұзамай олар өздерінің байырғы қалыптарына қайтты. Олардың сәжде жасағанын естіген көпшілік қауым, Мекке мүшриктерін иманға келді деп ойлап қалған еді. міне осылайша, Мүшриктер қателесіп, исламға бет бұрған сыңай танытқан еді.
Санат ӨСКЕНБАЕВ,
Атырау селолық мешітінің имамы