Мінезіңіз көркем бе?

Қиямет күні таразы басында, мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді.

     Бұл тақырыпқа қатысты мынадай хадистер бар: Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны, Мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді.

       Хазреті Әли (р.а.)  көркем мінездің белгісі: «Харамнан аулақ болу, адал табыс табу және отбасына жомарт болу» деп айтқан.

       Адамдар көбіне көркем мінезді саудагердің тауарын таңдайды, себебі мінезі жақсы адам өзге адамдардың сеніміне кіріп, көңілінен шығады. Әр тұтынушы өзіне деген жақсы мәмілені сезінгенде, сіздің саудаңыздың журуіне де өз үлесін қосқысы келеді. Сондықтан, Аллаға да, адамдарға да ұнамды болған көркем мінезді бойға сіңіру керек.

Қанағатшыл болу

     Қанағат – таусылмайтын қазына.

     Сауда кейде өрге домалап, кейде жүрмей жатқан кезде азға қанағат ете білу маңызды. «Қанағат қарын тойғызар». Қанағат жайлы бір оқиға.

     Ыстамбұлды бағындырған әйгілі Мехмет сұлтан азық-түліктің сапасын тексермек болып бір дүкенге бас сұғады. Сатушыдан май мен ірімшік сұрайды. Ол дереу майды өлшеп, бағасын есептеген соң: «Ағатай, ірімшікті көрші дүкеннен алсаңыз, өйткені оның ірімшігі жақсы, әрі ол бүгіндікке сауда жасаған жоқ», – дейді.

Патша екінші дүкенге кіріп, ірімшік алған соң, дүкенші: «Ризық беруші Раббыма шүкіршілік айтамын! Алғашқы саудамды жасадым, әрі бала-шағамның бір күндік нәпақасын таптым. Бұдан кейінгісі таза пайда болады. Ағатай, мына көршім әлі алғашқы саудасын жасамады», – деп, көршісіне қарай сілтейді. Патша олардың қанағатшылдығына қайран қалып: «Мұндай ел осынау қасиетімен бүкіл жұрттың жүрегіне жол табады!» – депті.

Тақуа болу

       Кімде-кім Аллаға қарсы келуден сақтанатын болса, оған Алла қиындықтардан шығатын жол ашып береді. Оны ойламаған жерден ризықтандырады. Аллаға сүйеніп, оған ғана сенгендер үшін Алла жеткілікті. Алла берген уәдесінен, әсте, айнымайды. Шынында, Алла әрнәрсеге бір өлшем, әрбір іс үшін бір мерзім белгілеп қойды.

      Кейде кәсіпте тығырыққа тіреліп, шығар жол таппай тарығатын сәттер болады. Сондай кезде Алла тиым салған істерді жалғыз шығар жол ретінде көруіміз мүмкін. Мәселен, біреуді алдау, келісімді бұзу, уәдеден таю, несие алу, қарызды қайтармай қашып кету арқылы ғана қиындықтан құтыламыз деп ойлаймыз. Алайда жоғарыдағы аят кез келген дағдарыста Аллаға қарсы келуден сақтанатын болсақ, мұның екі жемісі болатынын айтады:

     1. Алла қиындықтан шығатын жол ашып береді;

     2. Еш ойламаған жерден ризықтандырады.

     Бұл – Алланың уәдесі. Алла уәдесінен, әсте, таймайды.

Уəдеде тұру

     Мұнафықтың белгісі үшеу: сөйлегенде өтірік айтады; уәде берсе, орындамайды; өзіне аманат тапсырылса, қиянат жасайды6.

     Құран уәде мен келісімге берік болу керектігіне баса назар аударған: «Уа, иман келтіргендер! Жасаған келісімдеріңді бұзбаңдар» және «Уәделеріңде тұрыңдар, өйткені берілген уәденің сұрауы бар». Бұл аяттар уәдеде тұруға, әсіресе, қыз-қыз қайнаған саудада екеуара келісімді бұзбауға үндейді.

     Абдулла ибн Әбу әл-Хамса уәдеде тұрудың маңызына қатысты мынадай бір оқиғаны жеткізген: «Алла Елшісінен (ﷺ) бір нәрсе сатып алып, оған біраз қарыз болып қалған едім. Оған: «Қалған ақшаны бір жерде жолығып беремін» деп уәде бердім. Кейін әлгі уәдем есімнен шығып кетіпті. Тура үш күн өткеннен кейін ғана уәдем есіме түсіп, межелі жерге келсем, Ол (ﷺ) сол жерде тұр екен. Сонда Ол (ﷺ)  маған: «Бауырым, мені әбден әуреге салдың. Сені үш күннен бері осында күтіп тұрмын», – деді».

Көршісімен жақсы қарым-қатынаста болу.

     Кімде-кім Аллаға және ақирет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын.

     Кейде саудадағы көршілер арасында қарым-қатынас шиеленісіп жатады. Әсіресе, көршіміздің ұсынатын тауары біздікіндей болса, бәсекелестік қызғанышқа, ұрыс-жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Сол кезде олармен байланысымызды нығайтып, көреалмаушылықтан бойымызды аулақ ұстап, зиянымызды тигізіп алмаудан сақтануымыз керек. Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Көршісіне қауіп төндірген адам жәннатқа кірмейді» деген ескертуін де қаперімізде ұстауымыз қажет.

Қ. ХАЙРУЛЛИН,  

«Мәулімберген» мешітінің наиб имамы.