Намаз ғибадаты туралы нені білуіміз керек?

Аса Қамқор ерекше мейірімді, Алланың атымен бастаймын.

Адамзат баласын көркем бейнеде жаратқан Ұлы Раббымыз, біздерге хақты танытып, халал мен харамның ара жігін ажыратуды үйретті. Сонымен қатар, біздерге қиямет күніне дейін тәлім-тәрбие үйрететін пайғамбарлар жіберді. Біздерді ақыл иесінен етіп жаратты. Қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласы жайлы көптеген аяттар бар.

«Тин» сүресінде «Расында біз адам баласын көркем бейнеде жараттық» деген. Басқа аяттарда  адамзат баласының әлсіз жаратылыс екендігі баяндалады. Адам әлсіз жаратылыс болғандықтан да, күнделікті өмірде көптеген қателіктерге бой алдырары даусыз.  

           Адам өзінің Раббысын танып, оған шүбәсіз иланған соң, қандай хәлде болмасын өзінің Ұлық Жаратушысына  қалтықсыз құлшылық қылары хақ. Өйткені, адам қандай да бір ақиқатқа көзі жетіп, жүрегімен иланғанда ғана сол істі, амалға асырады. Хақ Тағала өзінің құлдарына ауыр келетін міндеттер жүктемейді.

Қандай да бір жақсылық болсын, жамандық болсын белгілі бір ниетпен, құлшыныстың әсерінен іске асады. Ал, сол ниеттің орны – жүрек. Пайғамбар ﷺ хадисінде «Адам денесінде бір кесек ет бар, егер ол жақсы болса бүкіл дене жақсы болады, ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Расыда ол-Жүрек» – деген. Басқа хадисте былай дейді. «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі сұралатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Егер намазы дұрыс болмаса, онда апатқа ұшырап, қайғыға түседі»  Біздің жүрегіміз бұзылса онда оны тазалаудың, емдеудің қандай да бір жолы, дауасы болары сөзсіз. Ұлы Жаратушымыз тарапынан әмір етілген, исі мұсылманның жүрек тазалықшысы, рухани азығы- намаз болып табылады.

Намаз – тек қана парыз құлшылық емес, рухани байлық пен Аллаға деген шынайы махаббатты, адамдарға деген сүйіспеншілікті, сонымен қатар тән тазалығын, жан сұлулығын қалыптастыратын ізгі құлшылық. Қазақ халқының ақындары мен көсемдерінің барлығы да намазға мұқияттылықпен қарайтын адамдар болған. Бұл жайлы Абай атамыз;

«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол.

Шын илан да таза ойла бір иманды,

Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол! » – деп жырлаған.

Абыз ақын Бұхар жырау:

Бірінші тілек тілеңіз: Бір Аллаға жазбасқа.

Екінші тілек тілеңіз: Әзәзіл, пасық, залымның тіліне еріп азбасқа.

Үшінші тілек тілеңіз: Үшкілсіз көйлек кимеске.

Төртінші тілек тілеңіз: Төрде төсек тартып жатпасқа.

Бесінші тілек тілеңіз: Бес уақытқы бес намаз біреуі қаза қалмасқа.

    Бүгінгі өскелең ұрпақтың қолындағы қазынасы да- Намаз. Аллаға шүкір, қазіргі таңда жастарымыз діннен алыс емес. Сөзімізді қортындылар келе сөз соңын осы хадис пен тәмәмдасақ.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)«Бұл фәниде маған мына үш нәрсе жақсы көрсетілді: Әйел, жұпар иіс және көзімнің нұры – намаз». 

   Арыстан МҰХАМЕДКӘРІМ,

 «Қажымұқан Мұңайтпасов»  мешітінің наиб имамы, Атырау қаласы.