Намаз – Ислам дінінің бес тірегінің екіншісі. Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес нәрсе үстінде құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік беру, намазды орындау, зекет беру, шамасы келген адамға қажылыққа бару және рамазан айында ораза ұстау», – деген.
Яғни иман келтіргенімізден кейін орындау керек болған Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүктелген құлшылықтың ең алғашқысы – намаз. Сондай-ақ намаз – ақыретте ең алғаш сұралатын амал. Хадисте: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі есепке алынатыны – намаз. Намазы дұрыс болса, онда ол қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізеді. Ал намазы дұрыс болмаса, онда күйзеліске ұшырап, қатты қайғырады…», – деген. Басқа бір хадисте: «Намаз – діннің тірегі. Кім оны орындаса, дінді тұрғызғаны. Кім оны орындамаса, дінді құлатқаны», – деген.
Күніне бес уақыт намаз оқу әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылман үшін – парыз айн. Яғни әрбір мұсылман бұл құлшылықты өзі өтемейінше парызы мойнынан түспейді. Кімде кім осы парыз болған намазын бұл дүниеде орындаса, ол мойнына жүктелген міндеттен құтылып, ақыретте орындаған намаздарының сауабын алады және оқыған намаздары оның жәннатқа кіруіне себепші болады. Хадисте: «Жәннаттің кілті – намаз. Намаздың кілті – дәрет алу», – деген. Ал кімде-кім жалқаулығы себепті намазға немқұрайлы қарап, бұл дүниеде намаз оқымаса, ол адам күнә жасаған болады.
Қорыта айтқанда, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылман ер мен әйел үшін күніне бес уақыт намаз оқу – парыз. Қиямет күні ең алғаш сұралатын амал – намаз. Намаз оқу арқылы мұсылман адам Алла Тағаланың разылығына бөленсе, намаз оқымау арқылы Алланың бұйрығына қарсы келіп, күнә арқалайды. Алла Тағала баршамызды намазына берік, кемеліне жеткізіп, үзбей оқитын пенделер қатарынан етсін!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №10, 2024 жыл