Нәпіл амалдар дегеніміз – шариғат тарапынан міндеттелмеген, бірақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыздан бөлек өз еркімен қосымша істеген құлшылықтары.
Нәпіл ғибадаттар пендені Жаратушысына жақындатып, Оның сүйіспеншілігіне бөленуіне себепші болады. Алла ТағалаҚұдси хадисте: «Пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі – оған парыз етілген амалдарым. Сонымен қатар пендем Маған нәпіл құлшылықтармен жақындайды да, Мен оны жақсы көретін боламын»,– деп айтқан (имам Бұхари).
Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистерінде мынадай нәпіл ғибадаттар ерекше аталған:
Бірінші: Нәпіл намаздар
Қиямет күні парыз намаздардан кеткен кемшіліктер дүниеде атқарған нәпіл құлшылықтарымыз арқылы толықтырылатын болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай деген: «Расында, ақыретте пенде амалдарының ішінде ең бірінші намазы үшін сұралатын болады. Егер ол дұрыс болса, ол пенде құтылып, табысқа кенеледі. Ал егер намаздары дұрыс болмаса, онда ол өкініп қасіретке тап болады. Егер оның парыздарының кемшіліктері болса, Ұлы Алла Тағала: «Менің құлымның парыз амалдарынан кеткен кемшіліктерін толтыратын нәпіл амалдары барма екенін қараңдар», – деп бұйрық береді. Кейін оның барлық амалдары осылайша есепке тартылатын болады»(имам Тирмизи).
Нәпіл намаздардың түрлері өте көп. Олар парыз етілген бес уақыт намазда оқылатын және намаздан тыс оқылатын нәпіл намаздар болып екіге бөлінеді.Мысалы,Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт намаздарда парыздардан бөлек оқылатын он екі рәкағат сүннет намаз жайында: «Кім күндіз бен түндегісін қосқанда он екі рәкағат (нәпіл намаз) оқыса, жәннатта оған арналып үй салынады. Олардың төртеуі бесіннің алдында, екеуі одан кейін, екеуі ақшамнан кейін, екеуі құптаннан кейін және екеуі таң намазының алдында», – деп айтқан (имам Тирмизи).
Бес уақыт намаздан тыс оқылатын нәпіл намаздарға: дұха намазы, дәрет намазы, мешітке кіргенде оқылатын екі рәкағат сәлем намазы, түнгі тәһәжжуднамаз, истихара намазы сынды намаздар жатқызылады. Міне, бұл намаздардың әрқайсысының өзіндік мол сауабы бар.
Екінші: Нәпіл оразалар
Рамазан айынан бөлек, өзге уақытта да мұсылман адамның нәпіл ораза ұстап жүруі – Пайғамбарымыздың сүннет амалы болып табылады. Хадис шәріпте:
«Қайсы бір пенде Алла Тағаланың жолында бір күн ораза ұстайтын болса, сол күні арқылы Алла Тағала ол пендені тозақ отынан жетпіс мың жылдық жерге алыстатады», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).
Нәпіл оразаларға: Әр айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші күндерінде ораза ұстау, дүйсенбі және бейсенбі күнгі ораза, шәууәл айының алты күндік оразасы, арафа оразасы, зүлхижжа айының арафа күнінен бұрынғы сегіз күн оразасы, ашура оразасы, мүхаррам айындағы ораза, сонымен қатар Ережеп, Шағбан айларындағы ораза түрлерін айтуға болады.
Үшінші: Нәпіл қажылық
Парыз етілген қажылықтан бөлек жасалатын қажылықты ұмра қажылығы деп атаймыз. «Ұмра» сөзі зиярат ету дегенді білдіреді. Ханафимәзһабындакүші жететін мұсылман үшін өмірінде бір мәрте ұмра қажылығын жасау бекітілген сүннет деп танылады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз ғұмырында бір мәрте қажылық және төрт мәрте ұмра жасаған. Ұмра қажылығының артықшылығы жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ұмра мен ұмра өз араларындағы күнәны жуып кетеді»,–деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Төртінші: Нәпіл садақа
Нисап мөлшері жеткен адамға жылына бір мәрте зекет беру парыз болса, одан бөлек әрбір мұсылманның кезкелген уақытта мұқтаж жандарға қол үшін беріп, садақа жасауы үлкен сауапты іс. Қасиетті Құран аятында Алла Тағала садақаның сауабының үлкендігіне мынадай мысал келтірген:
«Алла жолында мал сарып еткендердің мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла Тағала тым кең және әр нәрсені білуші» («Бақара» сүресі, 262-аят).
Садақа – пенденің күнәларының кешірілуіне, түрлі апаттан аман болуына, ақыреттік бақытқа кенелуіне себепші болады. Қасиетті Құранда адам баласы дүниеден өтер уақытта да, Алла Тағаладан:
«Уа, Раббым! Менің ажалымды жақын мерзімге дейін кешіктірсең, садақа беріп, ізгілерден болатын едім», – деп тілейтіндігі баяндалған («Мұнафиқун» сүресі, 10-аят). Ғалымдарымыз бұл жерде дүниеден өтетін адамның өзге құлшылық түрі емес «садақа беріп, ізгілерден болатын едім» деуі, садақа берудің сауабының өте үлкендігімен байланысты екендігін айтқан.
Жоғарыда баяндағанымыздай мұсылман адам тек парыз амалдармен шектеліп қана қоймай, қосымша нәпіл құлшылықтарды да мейлінше атқаруы тиіс. Өйткені нәпіл құлшылықтың өзі көптеген сауапты амалға жетелейді, осы дүниеде тақуалыққа тәрбиелесе, ақыретте кем-кетігімізді толтырады. Тіпті пенде нәпіл құлшылықтарды көп атқарғандығының арқасында Алла Тағаланың ерекше қорғанында болады. Раббымыз өзіне тақуа құлдардан болуды нәсіп етсін.
Махсат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.