Тәкаппарлық адамды тақырға отырғызады

Тәкәппарлық сөзі менмендік көрсету, өзін жоғары санап хақты қабылдамау, өзін өзгелерден артық көріп көкірек керу сияқты мағыналарға келеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде «Жүрегінде түйірдей иманы бар адамның бәрі тозаққа кірмейді. Жүрегінде түйірдей тәкәппарлығы бар адамның бәрі жұмаққа кіре алмайды» (Мүслим, Иман, 148, 149) деп өзін паң санататын тәкәппарлықтың, иманға қайшы келетінін білдірген. Атақты ғалымдардың бірі Хаттаби осы хадистегі тәкәппарлықты, Аллаһқа және Пайғамбарына иман етуге қарсы шығу деп түсіндірген. (Нәбәби, Шәрх, ІІ, 91)

Басқа бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жүрегінде түйірдей тәкәппарлығы бар адам жұмаққа кіре алмайды»,  деп айтқанда сахабалардың біреуі:

-Уа Аллаһтың Елшісі! Адам киімінің, аяқ киімінің әдемі болуын қаласа болмай ма?- деді. Хз. Пайғамбар оған былай деп жауап берді:

-«Күмансыз Аллаһ Тағала әдемі; әдемілікті жақсы көреді. Тәкәппарлық, ақиқатты аяққа таптап, адамдарды менсінбеу». (Мүслим, Иман, 147; Тирмизи, Бирр, 61)

Құран Кәрімде тәкәппарлықтың көш басшысы ретінде Ібліс айтылған. Ол, «Адамға сәжде ет» деген әмірдің алдында көкірек керудің нәтижесінде құрдымға түскен. (Бақара 2/34) Аллаһ Тағала Ібілістің осы әрекетіне қарсы:

قَالَ يَا إِبْلِيسُ مَا مَنَعَكَ أَن تَسْجُدَ لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَيَّ ۖ أَسْتَكْبَرْتَ أَمْ كُنتَ مِنَ الْعَالِينَ ﴿٧٥﴾

«(Аллаһ Тағала): «Әй Ібіліс! Тәкәппарландың ба, әлде ұлықтардан болдың ба?» (Сад 38/75)

قَالَ أَنَا خَيْرٌ مِّنْهُ ۖ خَلَقْتَنِي مِن نَّارٍ وَخَلَقْتَهُ مِن طِينٍ ﴿٧٦﴾

«Ол: «Мен одан артықпын. Өйткені, мені оттан жараттың да, оны топырақтан жараттың» деді» (Сад-76)

  1. Абдулла ибн Масғуд былай дейді: Бір күні жиналып сұқпаттасып отыр едік пайғамбарымыз (с.а.у) былай деді: ««Кімде-кімнің  жүрегінде  тозаңдай  өркөкіректік 
    болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам: 
    Әркім  өзінің  киімі  мен  аяқ  киімінің  әдемі  болғанын 
    қалайды  (бұл  да  тәкаппарлыққа  жата  ма?)»,  –  деп 
    сауал  тастады.  Пайғамбарымыз  (с.а.у.)  «Алла  Тағала 
    көркем,  көркемдікті жақсы  көреді.  Тәкаппарлық  ол  – 
    ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу»
  2. Тәкаппарлық:  Адамды залымдардың арасына кіргізетін негізгі сезім. Салама ибн Акуа былай дейді:  Пайғамбарымыз (с.а.у) « Адам өзін жоғары санай отырып, өзін ұлықпын деп тәкаппарлықпен жоғалтады.»
  3. Тәкаппарлық: Тозақ отына жетелейтін жаман мінездердің бірі. Мағбет бин Халидтің риуаяты бойынша: Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: Мұқият тыңдаңдар жәннаттықтардан хабар берейін: «Әр уақытта әлсіз саналған адам Алла атына ант ішсе, Аллада оның антын орындайды.»  Кейін былай деді: Мұқият тыңдаңдар тозақтықтардан хабар берейін: «Олар қатыгез, тәкаппарлықпен менменсінгендер өзімшіл адамдар».
  4. Тәкаппарлық: Алланың рахметін жоғалтыратын бір сезім. Екі дүниеде де мағфиреттен мақрум қалған адам хәліне келтіреді. Бір күні Абдулла ибн Омар бір кісінің киімін сүйреп кетіп бара жатқанын көріп, сен қайдан келдің деді мен банй Лайс тайпасынанмын деп танысып. Негізінде мен сені танимын сен жақсы адамсың сен пайғамбарымыздың (с.а.у) былай дегенін естімедің бе? «Кімде-кім киімін сүйретіп, өзін жоғары санап жүрер болса, міндетті түрде қияметте Алла тағала оған назар салып қарамайды.»

Тағы бір хадисте Әбу Зар Ғифари риуаяты Алла елшісі былай деді: «Үш түрлі адаммен Алла қиямет күні сөйлеспейді, оларға назар да салмайды және оларды тазартпайды әрі оларға күйзелтуші азап болады»,-деген. Алла елшісі мұны үш рет қайталады. Әбу Зар: «Олар мақұрым қалған әрі зиян шеккен екен. Олар кімдер, уа Алланың елшісі?-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у) «Киімін тобықтан түсіріп сүйретіп жүретіндер, жақсылығын міндет етуші және тауарын жалған анттың көмегімен өткізуші»,– деп айтқан.

  • Тәкаппарлық: Қиямет күні хз. Пайғамбарымыздан (с.а.у) ұзақ қалуына себеб болатын сезім. Жабир бин Абдулла былай дейді: « Қиямет күні маған ең жақын болатындарыңыз ахлақтары ең жақсы болағандар. Менен ұзақ болғандар және маған жеккөрсетілетіндер бос сөздермен адамдардың мазасын алып жүретін мутафайықтар деп айтты. Сонда сахабалар ей Алланың елшісі Мутафайық деген не деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у) «Менменсініп өзін жоғары санап адамдармен тәкапарлықпен қарым-қатынаста болған адам» деп жауап берді.

Адамды әдепсіздікке жетелеп қана қоймай, иманға да едәуір зиянын тигізетін тәкәппарлық дертіне үмбетінің шалдықпауы үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) әрдайым ескерту жасап отырған. Мысалыға ол, тас жүрек, дөрекі, сараң адамдармен бірге жүретін тәкәппар адамдардың да тозақтық екенін білдірген. (Бұхари, Әйман, 9; Мүслим, Жәннат, 46) Басқа бір хадисте былай деп ескерту жасаған: «Киімін тәкәппарланып жерге сүйретіп жүрген адамға Аллаһ Тағала мейірімділік көрсетпейді». (Мүслим, Либас, 42) Тәкәппарлыққа байланысты айтылған мына бір екі хадис те осылардың қатарына кіреді:

«Бұрындары өзін жоғары санайтын бір адам сәнді киімдерін киіп, шашын тарап, кердеңдеп жүретін. Аллаһ Тағала оны жерге кіргізіп жіберді. Ол адам қияметке дейін бұралаңдап жердің түбіне қарай кете береді». (Бұхари, Әнбия 54; Мүслим, Либас 49, 50)

«Жұмақ пен тозақ былай деп тартысып қалады.

Тозақ:

-Менде жауыздар мен тәкәппарлар бар, – деді.

Жұмақ:

-Менде әлсіздер мен кедейлер бар, – деді.

Сонда Аллаһ Тағала олардың арасындағы тартысты былай деп шешіп береді:

-«Әй жұмақ! Сен менің мейірімімсің, қалаған адамыма сен арқылы мейірім көрсетемін. Әй тозақ! Сен болсаң менің азабымсың. Қалаған адамымды сен арқылы азаптаймын. Мен екеуіңді де толтыратын боламын». (Мүслим, Жәннат, 34)

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы іспеттес хадистері, тәкәппарлықтың өте жеркенішті екенін айқын көрсетіп отыр. Өйткені тәкәппарлық дертін жұқтырған адамдар, бірте-бірте өзін өзгелерден артық санап, адамдарды менсінбей менмендікке салынып, айықпас дертке бой алдырады. Тіпті, олардың залымдардың қатарынан орын алуы да ғажап емес. Хз. Пайғамбардың бұл тұрғыда мынадай хадисі бар:

«Адам тәкәппарлана берсе, нәтижеде залымдардың қатарына жазылады. Осылайша залымдар тартылған жазаға ол да тартылады». (Тирмизи, Бирр, 61)

Тәкәппарлық пен менмендік осыншалықты жеркенішті болғанымен реті келгенде тәкәппарлық көрсетуге де рұқсат берген. Мәселен, дұшпандардың алдына өзіңді зор санап, оны қорқыту үшін тәкәппарланып жүруге болады. Бұған Ұхыд соғысында екі жақ бір-бірімен алысып, шайқастың қайнаған тұсында Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолына қылыш алып:

-«Мынаны менен кім алады?»- деп сұрайды.

Сахабалар:

-Мен, мен! – деп жанталысып, қолдарын созады.

Аллаһтың Елшісі:

-«Мына қылыштың ақысын кім береді?»,– деп сұрағанда, қылышты алғылары келмей тұрып қалады.

Сонда Ансарлық Әбу Дужана (р.а.) орнынан тұрып:

-Уа Аллаһтың Елшісі! Мен аламын! деді. (Мүслим, Фадайлус-сахаба, 128)

Сосын Әбу Дужана:

– Уа Аллаһтың Елшісі! Оның ақысын қалай беруге болады? – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.):

-«Оның ақысын беру дегенім майысып екі бүктеліп қалғанша, дұшпандармен шайқасу…», – деп жауап береді.

Әбу Дужана қылышты қолына алып, қызыл сәлдесін басына орады да мұсылмандар мен мүшріктердің арасында аяғын алшақ басып, көкірегін керіп жүре бастады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оның көкірек керіп, кердеңдеп жүргенін көрді де:

-«Егер бұдан басқа кезде осылай жүретін болса, Аллаһ Тағала оны қарғысқа ұшыратады!» деді. (Ибн Хишам, ІІІ, 11-12)

Дәл осы сияқты Хз. Пайғамбар бейбіт келісім жасаған жылы Меккеге барғанда мұсылмандарға, күш-қуаттарын мүшріктерге көрсету үшін аяқты алшақ басып, кеуде керіп жүріңдер деп әмір еткен. (Бұхари, Хаж, 55; Мүслим, Хаж, 240)

Қорта айтар болсақ адам баласы тәкаппарланып, менмендікпен жүруі жақсылыққа жетелемейтін іс. Қарапайымдылықпен кішіпейілділік иманның жемісі болып түбі жәннатқа апарары анық. Алла Тағала тәкаппарлықтан сақтап, иманымыз берік болуын нәсіп етсін.

Өсімхан ТІЛЕУОВ,

Атырау қаласы  «Әт-Тақуа» мешітінің имамы.