Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысына барған сапарында облыстық орталық «Иманғали» мешітінде өңір имамдарымен кездесті.
Дін қызметкерлеріне насихат айтқан Бас мүфти: «Алла Тағала қасиетті Құранның «Мұхаммед» сүресінің 7-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Егер Алланың дініне қолдау көрсетсеңдер, Алла Тағала да сендерді қолдайды һәм аяқтарыңды тайдырмай хақ жолда нық басқызады» дейді.
Біздің әрбір жұмысымыз Алланың дінін дәріптеуге, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған. Сондықтан біз бұл саланы өз жүрек қалауымызбен таңдағандықтан, әрбір ісімізде ыждағаттылық пен ерекше ықылас танытуымыз тиіс. Өйткені имам – қоғамды тәрбиелеуші, ағартушы ұстаз. Отаншыл, еңбексүйгіш, аманатқа адал, ата-анасын қадірлейтін иманды ұрпақ тәрбиелеуде имамның атқаратын рөлі ерекше. Аллаға шүкір, халқымыздың рухани дамуына, қоғамда отбасы құндылығының артуына ағартушы ұстаздар мен дін қызметкерлері үлкен үлес қосып келеді. Баршаңызға Алла разы болсын», – деді.
Басқосуда ҚМДБ Төрағасы имамдарға жан-жақты білім алуға, ізденуге кеңес беріп, ізгі ниетін жеткізді. Дін қызметкерлерін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтоймен құттықтап, мерекелік медальмен марапаттады. Мерекелік медальмен марапатталған дін қызметкерлерінің тізімі төменде:
1. Кәкімжан Мұрасқалиұлы, Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің молдасы;
2. Эммат Сұлтанғалиұлы, Атырау қалалық «Құспан молла» мешітінің бас имамы;
3. Жамбыл Демеуұлы, Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылы «Қапан қажы «мешітінің имамы;
4. Мұрат Алдоңғарұлы, Қызылқоға ауданы «Бәйтерек» мешітінің бас имамы;
5. Ералы Жұбанұлы, Индер ауданы «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы;
6. Мақсұт Рахметұлы,«Мәулімберген» мешітінің имамы;
7. Нариман Мажитұлы, «Ықылас» мешітінің наиб имамы;
8. Жайлыбек Өтегенұлы, Махамбет ауданы «Сарайшық» ауылы мешітінің имамы












