Нұр-Мүбарак университетінің өкілі Атырауда жастарды білім алуға шақырды

Атырауда мектеп және колледж түлектеріне арналған рухани-ағартушылық кездесу өтті

Атырау облысында жастарға сапалы діни және зайырлы білім беру, салауатты қоғам қалыптастыру мақсатында іргелі кездесу өтті. Бұл шараға Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, Қанат Купешов арнайы іссапармен келіп, өңір жастарына оқу орнының мүмкіндіктерін таныстырды.

Аталған іс-шара Атырау облысы бойынша діни білім және оқу-ағарту саласына жауапты Урумбаев Арман мырзамен бірлесіп, мектеп және колледж бітіруші түлектер арасында өтті. Кездесудің басты мақсаты – жастардың рухани иммунитетін көтеріп, дін мен дәстүрді қатар ұстанатын, сауатты, парасатты, отансүйгіш мамандарды даярлау.

Қанат Өміртайұлы Нұр Мүбарак университетінің:

Қазақстандағы жалғыз ресми діни жоғары оқу орны екенін;

Университеттің дінтану, исламтану, филология, араб тілі, аударма ісі, психолог, заңгер, халықаралық қатынастар сынды бірнеше бағытта білім беретінін;

Оқу орнын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Египет Араб Республикасы бірлесіп басқаратынын;

Университеттің заманауи білім беру базасы мен халықаралық байланысы мықты екенін кеңінен түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар, ол жастарды жат ағымнан, діни сауатсыздықтан сақтау үшін теологиялық білімнің маңызын ерекше атап өтіп:

«Бүгінгі күннің нағыз қажетті мамандары – иманды, білімді, елге адал қызмет ететін ұстаздар, дін мамандары, аудармашылар мен теологтар. Нұр-Мүбарак университеті – осы жолда жастарға сапалы бағыт береді», – деді.

Шара соңында бітіруші түлектер өз сауалдарын қойып, университетке түсу талаптары мен гранттық мүмкіндіктер туралы нақты ақпарат алды. Қызығушылық танытқан жастар жазғы қабылдау комиссиясы жұмысына қатысу үшін қажетті құжаттар мен дайындық курстары жөнінде кеңес алды