Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығымен ғана шектелмей, әскери қолбасшы ретінде бірнеше жорықты басқарды. Әскери жорықтар Исламды қорғау мен аймаққа дінді таратудың бір бөлігі болып саналады. Бұл оқиғалардың маңыздылығы мен салдарын дұрыс бағалау үшін олардың тарихи және контекстік алғышарттарын түсіну маңызды.
Тарихтан белгілі, Исламның алғашқы кезеңінде мұсылмандар қуғын-сүргінге, қысымға ұшырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен сахабалары Меккеден шығып, Мәдинаны паналауға мәжбүр болды. Һижрет ету Мәдинадағы мұсылман қауымының қалыптасуының бастамасы болды және Пайғамбарымыз мұсылман қауымын жау шапқыншылығынан қорғауға мүмкіндік алды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны туралы жазған көптеген ғалымдар ғазауат пен сарияны екіге бөліп қарастырады. Ғазауат (араб тілінде «жорық») Пайғамбарымыздың мұсылман әскерін өзі бастап барған жорықтарға қатысты айтылса, сария (араб тілінде «әскери жасақ») Алла елшісінің әскери жасақты жорыққа аттандыруына қатысты қолданылады.
Ғалымдар арасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қанша ғазауатқа қатысқаны жөнінде әртүрлі көзқарас бар. Ғалымдардың басым бөлігі Алла елшісі қатысқан шайқас саны 19 деп айтса, басқалары 21, 26, 27 рет деп келтірген. Бұл жайында Әбу Исхақтан жеткен хадисте былай делінген: «Зәйд бен Арқамның қасында болғанымда одан Пайғамбарымыз қанша ғазауатқа қатысқаны жайлы сұрадым. Сол кезде ол: «Он тоғыз», – деп жауап берді. Одан тағы да: «Сен оның қаншасына бірге қатыстың?» – дегенімде, «Он жетісіне», – деп жауап берді. Сол кезде мен «Ең алғашқысы қайсы болды?» – дегенімде, ол «әл-Усейра не әл-Ушейр» деп айтты. Кейін Қатададан нақтылағанымда ол «әлУшейр» деген еді.
Жалпы ғазауат пен сарияны қосқанда жүзден астам, соның ішінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысқан ғазауатта орын алған шайқас саны 8 не 9 деген мөлшерге ғалымдар тоқтаған. Олар – Бәдір, Ухуд, әл-Хандақ, Бәни Қурайза, Бәни әл-Мусталақ, Хайбар, Меккенің алынуы, Ханин, Таиф шайқастары. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатысқан жорықтардың кейібіріне тоқталсақ.
Бәдір шайқасы (624 жыл)
– Бәдір – Мәдинаның жүз шақырымдай оңтүстік батысындағы жазық жер;
– Меккелік мүшріктер әскерінің саны – 950;
– Мұсылман әскерінің саны – 313;
– Бұл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқарған мұсылмандар меккелік мүшріктермен кездескен алғашқы маңызды шайқас болды;
– Бәдір шайқасының нәтижесінде мұсылмандар басым түсіп, олардың аймақтағы ұстанымдарын нығайтудың басты себебі болды.
Ухуд шайқасы (625 жыл)
– Бұл шайқаста мұсылмандар меккелік мүшріктерге қарсы шайқасты;
– Ухуд – Мәдина қаласының солтүстігіне қарай 5 шақырым жерде орналасқан таулы аймақ;
– Меккелік мүшріктер әскерінің саны – 3000;
– Мұсылман әскерінің саны – 700;
– Шайқас нәтижесінде мұсылмандар арасында шығын болды. Бірақ мұсылман қауымы үшін апатты салдарға әкелмеді;
– Таудан түспей, бұйрыққа бағынып, шейіт болған садақшылар Абдулла ибн Жубейр және тағы 5 сахаба;
– Келесі жексенбі күні таң намазынан кейін Пайғамбар әскері «Хамра әл-Әсәд» жерінде қайта шеп құрды. Салдарынан меккелік мүшріктер Мәдинаға шабуыл жасау райынан бас тартты.
Хандақ шайқасы (627 жыл)
– Хандақ араб тілінде «ор, қазылған шұңқыр» деген мағына береді;
– Мәдина қаласын қорғау мақсатында айналасында қазылған ор;
– Мүшріктердің әскерін құраған тайпалар: Бану Надир, Құрайш, Ғатафан және Бану Қурайза;
– Қаланы қоршау мерзімі 2 аптаға созылды;
– Яһудилер мен мүшріктердің біріккен әскер саны 10 мың болды;
– Мұсылман әскерінің саны 3 мың;
– Ордың ұзындығы 5 мың шынтақ (5715 метр), тереңдігі жеті шынтақ (8 метр), ені 9 шынтақ (10,2мет) болған.
– Ор қазуға ұсыныс білдірген – сахаба Салман әл-Фариси;
– Хандақ шайқасында мүшриктердің әскерін бастап келген Әбу Суфиян кейін Исламды қабылдады;
– Шайқас алдындағы жекпе-жекке мүшриктер тарапынан Амр ибн Абди Уәдд шықса, мұсылмандар тарапынан Әли бен Әбу Тәліп (оған Алла разы болсын) шықты. Нәтижесінде Әли (оған Алла разы болсын) сахаба қарсыласын жер жастандырды.
Хайбар шайқасы (629 жыл)
– Мәдинадан 180 шақырым жерде орналасқан 8 қорғаннан тұрған қала;
– Мұсылман әскерінің саны 1800 адамды құрады;
– Хайбар бекінісінде 10 мың әскер болды;
– Шайқас барысында яһудилер тарапынан – 93, ал мұсылмандар тарапынан 20 адам қаза тапты;
Тәпсірші ғалымдар Құрандағы «Фатх» сүресінің 20-аятын Хайбар шайқасына байланысты түсті деп есептейді: «Алла сендерге көптеген алатын олжаларды уәде етті. Мүминдерге бір белгі болуы және сендерді тура жолға салуы үшін осы жеңісті тезінен беріп, сендерден адамдардың (суық) қолын тосты». Хайбардағы жеңістен соң Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Бәну Надир тайпасы көсемінің қызы Сафия анамызды некелеп, жары етті.
Меккенің алынуы (630 жыл)
– Мүшріктер тарапынан Худайбия келісімі бұзылған соң Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге қарай шықты;
– Пайғамбарымыздың өз әскерімен Меккеге қан төкпей кіргені Ислам тарихындағы айтулы сәт болды;
– Мекке алынған соң Әли (оған Алла разы болсын) қала ішін пұттардан тазалауға бұйырылды;
– Мұсылман әскерінің саны 10 мың адам болды;
– Мекке қасиетті Рамазан айында алынды:
– Мұсылман әскері Меккеге бес тараптан кірді;
– Әл-Харамға кіргенде мұсылмандар: «Ақиқат (хақ дін) келді, жалған (құдайлар мен діндер) ізімқайым жоғалды. Шүбәсіз, жалған өткінші», – деген «Исра» сүресінің 81-аятын қайталап айта берді.
– Меккенің алынуы нәтижесінде қалада мұсылмандар билігі орнады. Бұл Исламның таралуының маңызды кезеңі болды.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әскери жорықтарын өз заманының тарихи жағдайлары аясында түсіну керек. Олар басқыншылықпен жаулап алуды емес, Исламды қорғау мен таратуды көздеді. Алла елшісі қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге ұмтылды, бірақ қажет болған жағдайда үмметін қорғау үшін батыл түрде де әрекет етті. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әскери жорықтары Ислам тарихының маңызды бөлігі болып саналады. Ғазауаттар араб жазирасындағы мұсылман қауымының позициясын нығайтуға көмектесті және Исламның аймақта және одан тыс жерлерде одан ары таралуына негіз болды. Жорықтар өз заманының күрделі саяси және әскери шындығын бейнеледі, сонымен қатар Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көшбасшылығы мен стратегиялық данышпандығын көрсетті. Бұл оқиғаларды пайымдау Исламды дін және тарихи құбылыс ретінде жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Сырым ҚҰРМАШ
«Иман» журналы, №9, 2024 жыл