Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін Өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады).

Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздіккке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» («Бақара» сүресі, 272-аят) деген. Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Бұл жайында қазақ халқының салт-дәстүрінің сонау белестерінде де көптеп айтылған.


Құранда Алла Тағала: «Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» – деп бұйырады. Қайырымдылық – мұқтаж жандарға көрсетілер нақты көмек, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті.


Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайлы хадисінде: «Кімде кім жақсылыққа жол сілтесе, сол үшін сауап жазылады», – деген. Тағы бір хадисінде «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар» (Тирмизи) деп үмбетін ізгілікке шақырды.

Жақсылық жолында жарыстың үлгісін сахабалар өмірінен де анық көреміз. Осыған қатысты әділдіктің рәмізіне айналған Омар (р.а) басынан өткен бір оқиғаны былайша баяндайды. «Исламның кең таралуы үшін Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Бүгін Әбу Бәкірден озсам ба?!» – дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеліп табыс еттім. Ол: «Ей, Омар! Отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым», – дедім. Біраздан кейін Әбу Бәкір келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан: «Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?» – дегенде оның жауабы мынадай болды: «Оларға Алла мен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым». Мұны естіген мен «бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста одан ешқашан оза алмаспын» – деп түйдім».

Хадис жинақтарында келген мына оқиға да керемет мысал бола алады. Әнас (р.а) сахаба былай дейді: «Ансарлардың Мәдинадағы құрма бақшаларының басым бөлігі Әбу Талханың (р.а) еншісінде еді. Оның ең сүйікті дүниесі Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне қарама-қарсы орналасқан Бәйруха атты құрма бағы болатын. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол бақшаға жиі барып, балдай тәтті суынан ішіп тұратын еді», – деді.

Әнәс (р.а) әңгімесін жалғастырып: «Құранның «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» – деген аяты түскенде, Әбу Талха (р.а) Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Расулалла! Алла Тағала сізге «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» деген аятты түсірді. Менің ең жақсы көретін дүнием – Бәйруха бағы. Енді оны Алла Тағаланың разылығы үшін садақа етіп беремін. Алла Тағаланың құзырында оның жақсылығын көруді әрі мен үшін сауап қоры болуын тілеймін. Уа, Алланың елшісі! Сіз соны қабыл алып, Алланың қалауы бойынша пайдаланыңыз», – деді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Бәрекелді, жарайсың! Мол табыс әкелетін дүние, міне осы», – деп, екі қайтара айтып, «Сенің айтқаныңды естідім, алайда оны жақын туыстарыңа бөліп бергенің дұрыс болады деп ойлаймын», – деді. Сонда Әбу Талха (р.а): «Уа Алланың елшісі! Ендеше, айтқаныңыз болсын, солай істейін», – деді де, бақшаны ет жақындары мен немере аға-інілеріне үлестіріп берді.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жомарт – Аллаға, жәннатқа және халыққа жақын, жәһаннамнан алыс, Сараң – Алладан, жәннаттан және ел-жұрттан алыс, жәһаннамға жақын» деген болатын. Адам өз ұрпағына қайырымдылықты жастайынан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуы керек. Адамдарға, жан-жануарларға, табиғатқа камқорлық жасау – қайырымдылықтың көрінісі. Қайырымдылықты жарылқаушылық деп те түсінуге болады. Ол кейде кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға көмектесумен, қайыр-садақа берумен де көрініс табады.

Мұсылмандарға ата-әжесі мен ата-анасын сыйлау қалай міндеттелген болса, үйден жырақ жүрген уақытта жолыққан үлкендерге солай мейірім танытуы тиіс. «Рақым етпеген, рақым етілмейді» деп хадисте айтылғандай, өзгеге мейірім танытпағанға, Алла Тағаланың мейірім танытуы екіталай.

Осы жалған өмірде қандай да бір игі, қайырымды істеріміздің сыйы Алла Тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын! Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

Думан Балықшиев, Жылыой ауданы орталық мешітінің наиб имамы