Құран Кәрімге махаббат

Күллі мақтау мадақ әлемдердің раббысы Аллаға және пайғамбарымыз Мұхамед (с.а.с)- ға оның игілігімен сәлемі болғай.

Он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағаланың кітабы болғандықтан Құран Кәрімді оқып-үйренудің маңыздылығы мен өзектілігі ерекше. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйренгендеріңіз және үйреткендеріңіз, – деген. Сондықтан Ислам дінінде бұл қасиетті кітапты үйрену де, оны өзгеге оқыту да мәртебелі іске жататыны даусыз.

Әсіресе, бүгінгі таңда мұсылман кісілердің Құранмен байланыста болуы, оны оқуы, жан-жақты зерттеп үйренуі, бір жерде жиналып өзара талқылауы, Құран жайлы әңгімелесуі аса қажет. Өйткені ақиқат ғылымның да, білімнің де, танымның да, сезімнің де асыл негіздері Құран Кәрімде жатқандығы рас. Бұл пікірді талай жылғы өмірін белгілі бір ғылым жолында жұмсап, ең соңында тапқан жаңалығын он төрт ғасыр бұрын түскен Құран Кәрімнен дап-дайын күйінде тауып, таң қалып, мұсылман болған ғалымдар қуаттап келеді.

Астрономия, химия болсын, математика, физика болсын, өнердің қай түрі болсын – бәрі де қайнар бастауын Құраннан алады. Олай болса, еліміздің рухани, мәдени, материалдық, әлеуметтік жағдайын жақсартуда қасиетті Құран Кәрімді таныпбілудің мол пайдасы болары хақ.

Алла елшісінің тағы бір хадисінде: «Егер адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Құран оқып оны өзара талқылайтын болса, олардың көңілдеріне тыныштық орнайды және рақымшылыққа бөленеді, періштелер қоршауына алады және Алла оларды Өзінің алдындағылардың көзінше еске алады», – делінген (Муслим). Хадисте «Құранды оқыса, өзара талқыласа» деген сөздер қолданылған. Демек, Құранды өзара оқу да, талқылау да маңызды іс.

Барлық болмыс атаулы мен таңғажайып ғаламның жаратушысы Аллаһ тағала Ислам діні арқылы діндерді толықтырып, кемеліне келтірді. Адамзаттың бақыты үшін Құран Кәрімді түсірді. Құран аса дана һәм шексіз рақым иесі Хақ тағала тарапынан түсірілген адамзатты шынайы бақытқа жетелейтін, қияметке дейін бірде – бір әрібі өзгермейтін мәңгілік мұғжиза. Құран – Жаратқанның тура жолы әрі хаққа бастар нұр.

Ол – соңғы пайғамбарлықтың құжаты, ханиф (тура) діннің тілі әрі Ислам шариғатының ата заңы. Баршамыздың имамымыз бен жетекшіміз. Бұл Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Расында, сендерге Аллаһ тарапынан нұр және ашық кітап келді. Сол арқылы Аллаһ Өзінің разылығына ілескендерді амандық жолдарына салады және Өз нұсқауқалауымен оларды қараңғылықтан нұрға шығарады әрі тура жолға салады» . Тағы бір аятта: «Және саған барлық нәрсені баян етіп беруші, тура жол, рақым, мұсылмандар үшін қуанышты хабар болған кітапты (Құранды) түсірдік» .

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құран аяттарын неғұрлым көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің соншалықты жоғарылайтынын айтады.Расулуллаһ және бір хадисте Құран оқу адамды бүкіл болмысымен ізгілікке бет бұрғызатын айтады. Егер Құран оқитын мұсылманның ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң, оның тап-таза екенін көресің, егер де жүріс-тұрысына қарасаң, оның көркем мінез-құлықты, биязы екенін көресің.

Бұны пайғамбарымыздың мына хадисінен білеміз: «Құран оқитын мүмин – дәл утружжә (цитрон, лимон) сияқты. Иісі хош, дәмі керемет. Құран оқымайтын мүмин – дәл құрма секілді. Хош иісі жоқ, дәмі тәтті. Құран оқитын мұнафық (екі жүзді) – райхан гүлге ұқсас. Иісі хош, дәмі ащы. Құран оқымайтын мұнафық – ханзала (колоквинт) тәрізді. Хош иісі жоқ, дәмі ащы».

Абдуллаһ ибн Масғуд айтады: «Кімде – кім Құранды сүйсе (жақсы көрсе), Аллаһ пен елшісі де ол адамды сүйеді. Кімде – кім Аллаһ пен елшісінің сүйіктісі болуды қаласа, онда өзінің Құранды қаншалықты сүйгендігіне қарасын». Құранға деген махаббат оны оқуға байланысты. Бұл қасиетті кітапты оқу − ең ұлы ғибадаттардың бірі әрі Аллаһқа жақындататын бірден – бір төте жол болып табылады. Аллаһ Тағала бізге қасиетті Құранды оқуды әмір еткен. Аллаһ Тағала мұсылман үмбетін жер бетіндегі қайырлы үмбет етті. Бұл үмбеттің кітабы қасиетті Құран − ең абзал кітап. Пайғамбарымыз да хадистерінде. «Кеудесінде Құраннан еш нәрсе болмаған адам қаңырап тұрған үйге ұқсайды».

 Ибн Масғуд (р.а.): «Құран жаттаған адам ел ұйықтап жатқандағы түннің қадірін білсін, Адамдардың аузы ашық кездегі күндіздің қадірін оразамен өткізсін, адамдар қуанышпен жүргенде қайғыны да естен шығармасын, көп күлкінің артынан жылаудың да келетінін білсін, тәкаппарлықты кішіпейілділікпен бассын»; «Құран жаттаған адам қуаныштың артынан қайғының, қаттылықтың артынан жұмсақтықтың, мазасыздықтың артынан тыныштықтың, қатыгездіктің артынан мейірімділіктің барын білсін», – деген.

 Алла тағала барша мұсылманға құранға деген махаббат болуын жазсын! Әмин!  

Ержан ИМАНҒАЛИЕВ,

Махамбет ауданы мешітінің  бас имамы