Құран және карантин

Бүкіл әлем дүрлігіп, жер бетінен үлкен бір соққы өтті. Бұл соққының зардабы әлі де басыла қойған жоқ.

Біреулер бауыр еті балаларынан айырылғанда, енді біреулері ата-анасын, аға-інісін, апа-қарындасын жоғалтты. Сол қайғы жұтқандардың ішінде менің де жақындарым өте көп. Міне, Алла жіберген бәлекет біреулерге сынақ болса, енді біреулеріне азап болып ұшырасты.

Қасиетті Құран Кәрімді парақтайтын болсақ, бізге дейінгі небір өткен қауымдарды мысалға келтіріп, олардың мақталғандары мен датталғандарын Жаратушы Хақ Тағала өз тарапынан әдемі баяндайды. Ал біз сол кешегі ала топалаң сынаққа толы азалы күндерді Құран аятымен тұспа-тұс келген жерлерін баяндап көрейік. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай деп баян етеді:

وَلَنَبْلُوَنَّكُم بِشَىْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلْأَمْوَٰلِ وَٱلْأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَٰتِ ۗ وَبَشِّرِ ٱلصَّٰبِرِينَ

Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды, әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер.

Бұл – қасиетті Бақара сүресінің 155-ші аяты. Оқып отырғандарыңыздай, бүкіл әлем қорқынышта болып, қорқыныштан кейбіреулері үйлерінен бір қадам да шықпауға тырысса, кейбіреулері сауда орындарында азық-түлікке таласқан болатын, өз кәсіптерін дөңгелеткен, Алла Тағала дүниеден кем қылмаған кәсіпкерлердің жұмысы тұрып қалып жатты, тіпті өмірден озып кеткендері де көп болды. Аят айқындағандай, іле шала жалғасы “сабыр ету” деген мәнді де сәнді түсінік берумен аяқталады. Келесі, яғни Бақара сүресінің 156-шы аятына көз жүгіртейік.

Алла Тағала:

ٱلَّذِينَ إِذَآ أَصَٰبَتْهُم مُّصِيبَةٌ قَالُوٓا۟ إِنَّا لِلَّهِ وَإِنَّآ إِلَيْهِ رَٰجِعُونَ

Олар (сабырлы жандар) бастарына қандай да бір қайғы-қасірет келгенде: «Шүбәсіз, бәріміз бір Аллаға тиесіліміз (Оның басыбайлы құлымыз) және түбінде Оған қайтамыз», – деп айтады.

Мінеки, Жаратушымыз сабырға келіп, барлық құбылыстың адамдардың қалауымен емес, өзінің жаратуымен болып жатқанына жүрекпен иман етіп, тілімен шүкір еткен құлдарын арнайы “сабыр еткендер” деп, түбінде олардың жетістікке жететіндеріне уәде беру арқылы қасиетті аятты әдемі аяқтауда.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы атамыз мына бір жыр шумақтарында:

«Жаратқан жетпіс ғаламды,

Құдіреті күшті бір Алла.

Сүйікті құлы адамды,

Жаратты беріп ой-сана.

Ақылға сана кеңесші,

Құдірет бұл неткен десейші.

Шеберді шебер дегенше,

Алланы шебер десейші.

Жаратты сансыз тіршілік,

Жан берді соның бәріне…»,- дегендей,

Алланың соңғы діні хақ Ислам мен жіберілген бұлтартпас дәлелдерге толы қасиетті Құран Кәрім аяттары күллі жаратылысты таңдай қақтыруын доғармайды, қашан адамдар жаппай Исламға келмейінше…

Алла Тағала баршамызға тура жолынан таймауымызды нәсіп етсін, ағайын.

Ержан ҚУАНЫШҰЛЫ,

“Сұлтан Бейбарыс” мешітінің имамы.