Құранда аты аталған жалғыз сахаба кім?

          Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтаулар мен мадақтар жалғыз Аллаға және оның сәлемі мен салауаттары оның сүйікті Елшісі Мұхаммедке болғай!

          Ислам діні мен шариғат заңдылықтарының ішінде біз біле бермейтін немесе әлікүнге толық зерттелмеген мәселелер өте көп. Солардың қатарында ислам тарихына қатысты қызықты да тыңғылықты мәселелер де бар.

Құран кітабы әрбір мұсылман үшін ардақты да қасиетті кітап болғандықтан, оның ішінде кездесетін әрбір мәселелер де өте мағыналы да маңызды. Осы кезекте айта кететін дүние – Пайғамбардың ﷺ жүздеген, мыңдаған сахабалары болғанымен, солардың біреуі ғана Құран Кәрімде аталды. Ол сахабаның есімі – Зайд ибн Хәрис. Бұл сахабаның есімі не үшін Құранда аталды және оның оқиғасы қандай екенін баяндап берейік: бұл оқиға неке және талақ мәселесіне қатысты туындады.

Яғни Зайд ибн Хәрис алғашқы кезеңде Пайғамбардың ﷺ құлы болып, сосын оны пайғамбар азат еткеннен кейін, Пайғамбар ﷺ оны өзінің асыранды баласы етіп алған еді. Зайд Зайнап бинт Жахш атты өзінен бірнеше жас үлкен әйелге үйленіп, екеуі бір отбасы болып біршама уақыт бірге өмір сүреді. Өкініштісі Зайд бастапқыда құл болып, сосын азат адам болғанымен, Зайнап о бастан күң болып көрмеген, бас бостандығы бар, азат әйел болғандықтан Зайдттың құл болғанын есіне алып, осы жағдай екі жұптың арасына салқындық түсуіне себепші болды. Осыдан кейін Зайд онымен ажырасып, бұл кикілжіңге нүкте қойғысы келді. Осы мәселенің түйінін шешу үшін Зайд Пайғамбармен ﷺ ақылдасқан кезде, Пайғамбар ﷺ оған ажыраспауды бұйырып, керісінше отбасын сақтап қалуды өтінді. Ислам шариғаты да негізінде осындай болуды бұйырады.

Яғни беталды ажырасып, отбасы деген құнды дүниеге селқос қарамауға бұйырады. Осыдан кейін де екі жұбайдың арасында ымыраластық болмаған соң, ақыр соңында ол екеуі ажырасатын болып келіседі. Бұл жағдай орын алмай тұрып, Пайғамбардың ﷺ Зайнап бинт Жахшты өзінің некесіне алу ойы болып, бірақ та мұны сыртқа шығармаған еді. Өйткені халық арасында «Мұхаммед өз баласының әйеліне үйленіп, азғындық жасады», деген сөздердің жайылып кетуінен қорықты. Әрине Пайғамбардың ﷺ ол әйелге үйлену деген ойын да көкейіне салған Алла еді.

Екі жұбай ажырасып, әйел кісінің идда мәселелері де реттелген соң, Пайғамбар ﷺ сол әйелге үйленуі Алла Тағала тарапынан бұйырылып, Зайнаппен неке қиылған кезде – уәли, мәһір, куәгерлер деген мәселелер де орындалмады. Өйткені Алланың уахи етіп, түсірген аяты мұның барлығының орнын басқан еді. Осы кезекте, ислам дінінен хабары жоқ немесе білімі аз кісілерде қате түсінік қалыптасып қалуы әбден мүмкін. Яғни олар ойлауы мүмкін, қалайша адам өз баласының әйеліне немесе келініне үйленуі мүмкін?! Бұл азғындық емес пе?, – деп.

Ислам ғалымдары бұл мәселені былай деп түсіндіреді: Аталмыш оқиға Құрандағы Ахзаб сүресінің 37 – аятында баяндалады. Ал 36 – аятта Алла Тағала былай дейді: Алла және оның елшісі бұйырған істі, ешбір мұсылман кісі өз ақылымен бұрмалап, өз бетінше орындауына ерік жоқ. Ал 38 – аятта да осы секілді аят келтіріледі: «Пайғамбар үшін де Алла парыз еткен дүниелерді өзгертуге құқық жоқ». Яғни Алла Тағала тарапынан парыз етілген дүниелер ешуақытта талқыға түспейді. Яғни Пайғамбардың ﷺ Зайнапқа үйленуі де Алланың қалауымен, уахи арқылы Құран аяттарымен бекітіліп, парыз етілген еді.

Екіншіден – Зайд Пайғамбардың ﷺ бел баласы емес, керісінше оның асырап алған баласы еді. Яғни ол Пайғамбардың тұқымы, оның қаны, не белінен шыққан баласы болмағандықтан, екеуінің арасында ешбір қандық жағынан туыстық болмағандықтан, екеуі бір-біріне бөтен адамдар секілді болып, екі бөтен адамның бірі әйелімен ажырасқан соң, оған екінші үйленгені секілді мәселе. Үшіншіден – ислам діні тек арабқа, түрікке не қазақ т.б. ұлттарға ғана емес, керісінше бүкіл адамзатқа жіберілген дін болғандықтан, ол өте ауқымды болып, өз ішіне көптеген мәселелерді қабылдаған. Оның ішіндегі кейбір мәселелер бір ұлттың ғұрпына сәйкес келмесе, басқа ұлттың ғұрпына сай келуі мүмкін.

Сондай-ақ ислам діні қияметке дейін жалғасатын дін болғандықтан, осыншама уақыттар арасында қандай жағдай болып, болмауына ешкім жауап бере алмайды. Сондықтан да бұл дін өз ішіне барлық мәселені қамтып, қай мәселе, қай ғасырда, қандай да бір ұлттың проблемасын шешіп беруі әбден мүмкін. Міне, осылайша Құрандағы аты аталған жалғыз сахабаның аты және оның оқиғасы туралы біліп алдық. Аталмыш мақаладағы мәселелер Құран Кәрім, Ахзаб сүресі 37 – аят, Тобари, Құртуби тәпсірлері және Халифа Алтай қазақша Құран кітабынан алынды.

Ахад ҚҰРАЛОВ,

Атырау селолық мешітінің ұстазы.