Құрандағы жақсылықта жарысушылардың сипаттары

               Алланың бұйрықтарына бағынуға асығып, оларды басқалардан бұрынырақ орындауға тырысу, уақытында атқару, әрі кейінге қалдырмау және кешіктірмеуді-жақсылықта жарысу деп атайды.

              Алла Тағала Құранның «Мүминун» сүресінде, жақсылыққа жарысушы құлдарын былай деп сипаттаған: «Ал олар Раббыларынан қорқып, үрейленеді. Олар, Раббыларының аяттарына иман келтіреді. Олар, Раббыларына серік қоспайды. Расында не берседе Раббыларына қайтуларынан, жүректері қорқып бергендер. Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар, оның озаттары»-деген, (Мүминун сүр,-57-61 аяттары).

Бұл аяттарды жақсылықта жарысушылардың төрт сипаты қамтылған.

  1. Раббыларынан қорқып, үрейленеді;
  2. Раббыларының аяттарына иман келтіреді;
  3. Раббыларына серік қоспайды;
  4. Раббыларына қайтуларынан, жүректері қорқып бергендер;

    Осы аяттар жайында Айша анамыз (р.а) Алла елшісінен (с.а.с): «Не берсе де Раббыларына қайтуларынан, жүректері қорқып бергендер»,- «бұлар-арақ ішіп әрі ұрлық жасаушылар ма?»-деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с): «Жоқ, Шыншылдың қызы, олар; ораза ұстайтындар, намаз оқитындар, садақа беретіндер. Брақ олар-құлшылықтарының қабыл болмай қалуынан қорқатындар. Міне осылар, жақсылықтарда жарысады да олар –оның озаттары», (Термизи, Ибн Мәжа) -деп жауап береді.

Алла Тағала жақсылықта жарысушыларды ізгі құлдарының қатарынан еткен. Алла Тағала қасиетті Құранда ізгі құлдарының бірнеше сипаттарын атайды. Сол сипаттардың бірі-жақсылықта жарысу. Құранда: «Олар Аллаға және ақырет күніне сенеді, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтарады. Әрі олар жақсылық істерде озат болуға ұмтылады. Міне солар-ізгілерден», – деп айтқан (Әли Имран сүр-114 аят).

Жақсылықта жарысушылар Алла Тағаланың кешірімі мен жаннатына бөленеді. Ол турасында аятта былай делінген: «Сосын ол Кітапты құлдарымыздан таңдағанымызға мұра қылдық. Олардың ішінде өздеріне қатысты зұлықдық істейтіндері бар. Орташа қалыптағылары мен Алланың рұқсатымен жақсылықта (басқаларды) озушылар бар. Міне осы ұлы кеңшілік. Олар, ғадын жаннатарына кіреді. Онда алтын және інжу білезіктермен безенеді. Олардың онда киімдері жібектен болады. Олар: «Барлық мақтау бізден қайғыны жойған Аллаға лайық. Әрине Раббымыз аса жарылқаушы, аз жақсылыққа көп сый беруші» дейді»,-деген (Фатир сүр, 32-34 аяттар).

Бұл аяттарда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) артынан еруші, кітапқа мұрагерлік ететін мұсылмандар жайында «олар жақсылықта озушылар»-делінеді. Демек, парыз етілген амалдардан бөлек, нәпіл амалдарға да мән бергендер, әрқашан жақсы амалдарды орындауға асығып, барлық харам әрі мәкруһ істерден бойларын аулақ ұстайтындар,-деген мағынаны білдіреді. Ибн Аббас (р.а): «Жақсылықта озушылар» жаннатқа есепсіз кіреді»,-деп айтқан. Алла Тағала осы құрандағы сипаттарды бойымыздан табылуды сұраймыз.

        Біләл САҒЫНДЫҚОВ,

Мақат аудандық орталық мешітінің Бас имамы.