Рияшылдықтың зардабы

Аса Рақымды, ерекше Мейірімді Раббымның атымен бастаймын!

Әлем атаулының иесі Аллаға мақтау айтамын, соңғы Пайғамбары, мақтаулы тұлға Мұхаммедке сансыз салауат пен сәлем жолдаймын!

Кіріспе

Мұсылман қоғамын өрге бастырмайтын бірқатар кеселді мінездер мен қылықтар бар екені сөзсіз. Сондай нашар істің бірі «рия» болып табылады. «Рия» сөзі араб тіліндегі «руят» деген сөзден шығады: яғни жасаған жақсылығын мейлінше көп адамның көргенін қалау, көрсін деп істеу, жұртқа ұнасын деп бірқатар жасанды әрекеттер жасау деген мағынаға келеді. Ислам діні шынайы сенуге, барлық құлшылық, ғибадатты Алла разылығы үшін ықыласпен атқаруға шақырса, рия сондай ізгі амалдардың сауабын азайтатын қылық. Бүгінгі күні рияшылдықтан, тек көзге көрсетіп істелген істердің арғы жағында сапасыздық, дұрыс ниет пен құлық жоқтығына жиі куә болып жүрміз.

Құран аяттары

Құранда рияшылдықтан сақтандыратын төмендегідей бірнеше аяттар бар:

يَٓا اَيُّهَا الَّذ۪ينَ اٰمَنُوا لَا تُبْطِلُوا صَدَقَاتِكُمْ بِالْمَنِّ وَالْاَذٰىۙ كَالَّذ۪ي يُنْفِقُ مَالَهُ رِئَٓاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُ بِاللّٰهِ وَالْيَوْمِ الْاٰخِرِۜ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ صَفْوَانٍ عَلَيْهِ تُرَابٌ فَاَصَابَهُ وَابِلٌ فَتَرَكَهُ صَلْدًاۜ لَا يَقْدِرُونَ عَلٰى شَيْءٍ مِمَّا كَسَبُواۜ وَاللّٰهُ لَا يَهْدِي الْقَوْمَ الْكَافِر۪ينَ

«Уа, иман еткендер! Aллаға және ақирет күніне сенбесе де жұртқа көзбояушылықпен дүниесін жұмсағандар секілді міндетсумен садақаларыңды зая етпеңдер. Бұндай кейіпте жақсылық жасаушының мысалы үстіне топырақ жұққан тайғанақ жартас секілді, қатты нөсерлеткенде, жаңбыр бетін шайып кетеді. Бұндай ешбір жасаған жақсылығының пайдасын көре алмайды. Aлла кәпірлер тобын тура жолға салмайды» (Бақара сүресі, 264 аят).

وَالَّذ۪ينَ يُنْفِقُونَ اَمْوَالَهُمْ رِئَٓاءَ النَّاسِ وَلَا يُؤْمِنُونَ بِاللّٰهِ وَلَا بِالْيَوْمِ الْاٰخِرِۜ وَمَنْ يَكُنِ الشَّيْطَانُ لَهُ قَر۪ينًا فَسَٓاءَ قَر۪ينًا

«Aллаға және ақирет күніне сенбей тұра дүниелерін жұртқа көрсету үшін жұмасағандарды Алла ұнатпайды. Әлдекімнің жолдасы шайтан болса, ол неткен нашар жолдас десеңші?!» (Ниса сүресі, 38 аят)

لَيْسَ عَلَيْكَ هُدٰيهُمْ وَلٰكِنَّ اللّٰهَ يَهْد۪ي مَنْ يَشَٓاءُۜ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ خَيْرٍ فَلِاَنْفُسِكُمْۜ وَمَا تُنْفِقُونَ اِلَّا ابْتِغَٓاءَ وَجْهِ اللّٰهِۜ وَمَا تُنْفِقُوا مِنْ خَيْرٍ يُوَفَّ اِلَيْكُمْ وَاَنْتُمْ لَا تُظْلَمُونَ

«Адамдарды тура жолға салу сенің міндетің емес. Дегенмен, Алла қалағанын тура жолға салады. Жақсылық ретінде не жұмсасаңдар да пайдасы өздеріңе. Осы себепті сендер тек Алла разылығына жету үшін берулерің керек. Жақсылық ретінде не  жұмсасаңдар да қайтарымы сендерге толықтай өтеледі және ешқандай да әділетсіздікке ұшырамайсыңдар» (Бақара сүресі, 272 аят).

لَا تَحْسَبَنَّ الَّذ۪ينَ يَفْرَحُونَ بِمَٓا اَتَوْا وَيُحِبُّونَ اَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِنَ الْعَذَابِۚ وَلَهُمْ عَذَابٌ اَل۪يمٌ

«Жасаған нашар қылықтарына сүйсініп, жасамаған жақсы істерімен мақтанғысы келгендер азаптан құтылады екен деп ойлаушы болма! Олар үшін жантүршіктірерлік азап бар» (Али Имран сүресі, 188 аят).

Хадистер

Хадистерде рия сөзімен қатар одан түрленген сөздер де өтуде. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) «Үмбетім үшін жасырын ширк пен құмарлық үшін алаңдаймын» деген. «Сізден кейін де ширк кездесе ме?» деп сұрағанда, «Иә, бірақ Күнге, Айға, тасқа және пұтқа табыну болмайды, адамдар құлшылықтарын рия үшін жасайды» деп жауап қатқан (Mүснад, IV, 124).

Бір құдси хадисте Жаратушы ие «Істеген ісінде басқаны маған серік еткен пендені әрі оның ширкін де қабылдамаймын» деп бұйырған (Mүснад, II, 301, 435; Mүслим, Зүһд, 46; ибн Мажә, Зүһд, 21).

Ардақты елші рияны «кішігірім ширк» деп сипаттап, Алланың қиямет күні адамдарға амалдарының қайтарымын бергенде, сырт көзге көрсету үшін құлшылық пен жақсылық жасағандарға “Уа, рияшылдар! Дүниеде амалдарыңды кімге көрсету үшін жасаған болсаңдар, барыңдар да соны іздеңдер, көрейін, таба алар ма екенсіңдер?!” деп дауысталып, оларды Алланың құзырынан қуатындығы білдірілген (Mүснад, V, 428, 429).

Өзге бір хадисте дүниеде Алла өздеріне нығмет берген адамдарға ақиреттің есеп кезінде осы нығметтерге қайтарым ретінде қандай амал істегендері сұралатыны, сонда бұлардың кейбірі шейіт болғанға дейін Алланың жолында күрескенін, кейбірі Алла разылығы үшін ілім үйреніп, Құран оқығандарын, тағы кейбірі Алланың разылығы үшін жомарттық танытып, игілікті істері істегендерін айтады. Дегенмен, осы амалдардың анығында сырт көз үшін жасалғаны бетке басылып, соңында оларға лайықты жаза берілетіні білдірілген. (Mүснад, II, 322; Mүслим, Имара, 152; Нәсаи, Жихад, 22)

Тағы бір хадисте құлшылығы, жақсылықтарымен танымал болуға ұмтылғандардың жасырын жамандықтарын Алланың әшкерелейтіні, риямен амал еткендердің рияшылдығы бетке басылатыны ескертілген. (Mүснад, V, 270; Бұһари, Риқақ, 36, Aһкам, 9; Mүслим, Зүһд, 47, 48)

Тақырыпқа қатысты қиссалар

Әзірет Әбу Бәкір (р.а.) бірде Ханзаланы жолықтырып, жағдайын сұрайды. Сонда Ханзала: «Құрысын, Ханзала екіжүзді болды» дейді. Әзірет Әбу Бәкір естіген сөзіне таңданып себебін сұрайды. Ханзала: «Пайғамбарымыздың жанында отырсам, оң жағымда жәннат, сол жағымда тозақ бар секілді, керемет сезім құшағына енемін. Пайғамбардың жанынан былай шығып, отбасыма барсам, бала-шағаға алданып, солардың қызығына кіріп кетемін» дейді.

Малик ибн Динар атты тақуа кісі мешітте сабақ беріп, шығып келе жатқанда бір кісі жолығып, «Ей, рияшыл, жай күйің қалай?» дейді. Әлгі кісі сынап, бұл сөзді нақтылап тұрып тағы айтады. Сонда өте сабырлы қалпын бұзбаған ғалым оған қарап: «Иә, мен сол рияшыл жанмын, күллі Басра халқынан жасырған құпиямды сен қалай білгенсің?!» деп мұңайған екен.

Бұл екі ғибратты оқиғада сахаба не табиғин ғалымдары расында риякер болғандықтан емес, іштей риядан барынша сақтанып, нәпсілерін солай жеңіп отырған.

Ғалымдар көзқарасы

Имам Раббанидың айтуынша, «Құлшылық жасағанда, Алла Тағала бұйырған және ұнатқаны үшін ниет ету керек. Барлық істерін, жақсылықтарын ықыласпен істеуі тиіс. Кейбіреулерде ықыластылық өзін күштеумен жасалғандықтан, ол ұзаққа бармайды. Іле жүрекке нәпсінің қалаулары келе бастайды. Имам Ғазали рияға «ол – жақсы көрініп жұрттың құрметіне бөленуді іштей тілеу» деп анықтама берген. Басқа бір сөзінде «Алла үшін жасайтын құлшылығында құлдардың пікірін мақсат ету» дейді. Ғалым мына бес нәрсе арқылы рия жасалатынын білдіреді: адамның тәні, киімі, сөзі, ісі және жолдастарының көптігі. Ғалым Харис Әл-Мухасибидың берген анықтамасы бойынша «Рия – құлдың Аллаға мойынсұнып құлшылық жасап жатқанында басқа құлдарға ұнағысы келуі».

Басқаша айтқанда рия құлдың құлшылық жасаған кезде Алладан басқаға көңіл бұруы. Яғни, Аллаға құлшылық жасап жатқан болып көрінсе де, пенденің негізі халықтың мақтауы мен марапатына ие болуды көздеуі. Ғибадаттарын нақ көрсетіп, жұртқа жақсы көрінгісі келуі.

Уағыздан алынатын ғибраттар

Жасанды қылық шынайылықтың орнын ешқашан баса алмайды;

Рияның ең асқынған түрі ол екіжүзділік;

Көрсету үшін ғана істеу мүмин үшін рухани кесел; ал  кәпір үшін екіжүзділік;

Құлшылықтарды атқарғанда, жұрттан құрмет, мақтау күтпеу керек;  

Алланың алдында жасанды әрекетке бармау керек;

Aлла амал мен құлшылықтардың кім үшін, не мақсатта жасалғанын өте жақсы біледі;

Алланы алдау еш мүмкін емес, әрі қисынсыз;

Рияшыл пенде өзін және жұртты ғана алдауы мүмкін;

Рия құлшылықты толықтай жойып жібермесе де, оның сауаптарын кемітуі мүмкін;

Іштей рия болды ма деген оймен құлшылықты тәрк ету де дұрыс емес;

Риядан сақтана жүріп құлшылығымызды жалғастырып, екінші жағынан тек Алла разылығы үшін ғибадатымызды орындаған дұрыс.  

Ықыласпен істелген аз ғана іс жасанды көп әрекеттерден артық тұрады.

Дұға

Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасы: “Уа, Аллам! Шарасыздықтан, жалқаулықтан, сараңдықтан, кәрілікпен келген дімкәстік пен алжасудан, қаталдықтан, ғапылдықтан, жоқшылықтан, қорланудан, дүние мен жақсылықтың аздығынан, нашар күйлерден сақтай гөр деп өзіңе сыйынамын! Тойым білмейтін нәпсінің тоғышарлығынан, күпірліктен, пасықтықтан, ақиқатқа тоңмойындық танытудан, бөлектенуден, екіжүзділіктен, өзің сақтай гөр! Кереңдіктен, мылқаулықтан, есуастықтан, алапес секілді түрлі қиын жұқпалы аурулардан өзің сақтай гөр!» (Бұһари, Тәпсір 16/1; Суюти, әл-Жамиус-сағир, №1489; Хаким, әл-Mүстадрак, I, 712/1944).

Алла елімізге амандығын берсін! Мұсылман жұртшылығына Алланың адал құлы болып, барлық жақсылықты істерін жасандылықтан аулақ, шынайы ниетпен істеуді нәсіп етсін!

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының Бас имамы