Жаратылыста бүкіл тіршілік атаулының өлшеулі ризығын бір Алла Тағала ғана береді. Ал, сол ризық- несібесін өз аяғымен жүріп табатындар мен әрекет етуге дәрменсіз тіршілік атаулының рызығының арасында пәлендей айырмашылық жоқ.
Мәселен, адамдар, хайуанаттар мен құстар өз рызық-несібелерін саналы түрде әрекет ету арқылы тапса, ана жатырындағы сәбиге Алла анасының қанымен рызық береді. Тіршіліктегі басқа да әлсіз «сәбилер» туралы да осыны айтуға болады.
Алла Тағаланың сыйлаған әрбір таңы берекеге толы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Таңғы уақыт – береке әрі намаздың өз мақсатына жететін кезі»– деген. Тағы бір хадисінде: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыс-несібеңізді табудан қапыда қалып, ұйықтамаңдар»– (Табарани) десе. Дана халқымыз: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»– деп түйген.
Сонымен қатар, Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Әрбір таң арайлап атып, Алланың құлдары ұйқыларынан оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі:- Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр – десе, екіншісі:- Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға ұшырат – деп дұға жасайды»- деген хадисін жеткізген. (Бұхари, зекет 27; Мүсілім, зекет 57).
Бірде имам Шафиғи таң намазынан кейін үйіне қайтып келе жатып, бір кісімен кездесіп қалады. Әлгі кісі имамға сәлемін беріп, жақсы тілек-дұғасын жасап болғаннан кейін: «Таңды қалай атырдыңыз?»,- деп сұрайды.
- Сонда имам Шафиғи: «Менен таң сегіз нәрсені қалаған күйде атырдым»,– деп жауап береді.
- Әлгі кісі имамның жауабына таңданып: «Уа, имам! Сізден кім сегіз нәрсені талап етуде, Сіздің ешкімде ақыңыз жоқ емес пе?», – дейді.
- Сонда Имам:«Жаратқан Алла менен парыз амалдарын қалайды; Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менен сүннетін қалайды; әйел, бала-шағам күнделікті нәпақасын қалайды; нәпсім өзіне бағынғанды қалайды; шайтан ізіне ергенімді қалайды; екі иығымдағы екі періште жақсы және жаман амалдарымды жазғанын қалайды; өткен күндерім қартайғанымды қалайды; жан алушы періште болса, өлімге дайын болуымды қалайды… Міне, осылармен бірге таңды атырамын. Әрбір таң менен осы сұрақтарға жауап күтеді»,– деген екен.
Иә, Таңғы уақыттың әрбір мұсылман үшін маңызы үлкен. Пайғамбарымыз Мұхаммед те (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла, таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер», деп бекер дұға етпесе керек. Осы бір берекелі уақыттың берекесін арттырып, мұсылманның мерейін үстем етер Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейбір сүннет амалдарын орындайық.
Алланы зікір ету
Хадисте: «Намаз (таң намазын) оқып болған соң, орнында қалып Алланы еске алатын кез-келген адам үшін ол зікірін тоқтатпайынша періштелер: «Аллаһым, оны кешірші! Аллаһым, оған рақымыңды төкші», деп Алладан ол үшін кешірім сұрауын тоқтатпайды» (Бұхари) делінген. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен бірге оқып, сол орнынан қозғалмастан күн шыққанға дейін зікір айтса, содан соң екі рәкағат ишрақ намазын оқыса, Қажылық пен Умра жасағандай сауапқа ие болады»-деген. (Тирмизи). Түсініктеме: Кем дегенде оқылуы керек болған рәкағат саны ─ екеу, кеңес етілетіні ─ төртеу (Бахисти Зевар, 30-бет).
Егерде таң намазын жамағатпен бірге оқуға мүмкіндігіңіз болмаған болса, жалғыз оқысаңыз болады. Мұндай жағдайда да дәл сондай сауапқа кенелесіз.
Дұха намазын оқу
Күн бір немесе екі найза бойы көтерілгеннен бастап бесін намазына дейін оқылады. Найза бойы көзбен молжалдап алғанда үш метр шамасынша. Яғни, күн шыққаннан соң жарты сағаттан кейін оқуға болады. Бұл жөнінде, Зайд бин Арқам (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) Құба тұрғындарына шыққан кезде олар дұха намазын оқып жатқан, сонда «Бұл тәубе етушілердің намазы, түйенің ботасына сәске ыстығы тиген кезде оқылатын»,-деген. Дұха намазын оқу – күннің сәтті өтуінің кепілі. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегені риуаят етілген: «2 рәкағат духа намазын оқуда табандылық танытқан адамның теңіздің көбігіндей көп (кіші) күнәлары болса да, кешіріледі» -деген. (Ибн Маджа, Термизи). Әбу Һурайра (р.а.) жеткен хадисте (Пайғамбар (с.ғ.с.) маған үш амалды өсиет етті, оны ешуақытта тәрк етпедім: «Үтір намазын оқымай жатпауды, дұха намазының екі ракағатын тастамауды, бұл тәубешілер намазы және әр айда үш күн ораза тұтуды»-деген, (Бұхари, Муслим)
Құран оқу
Таңғы уақытты Құран оқуға және оның мағынасына ден қойып, ой жүгіртуге арнаған өте пайдалы. Бұл уақыт өзін Құранға ғана арнап күллі әлемнен оңашаланып, сауаптар мен Алла Тағаланың разылығына кенелетін кез. Әрі Құранды жаттауға ең лайық уақыт. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Түс ауғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және құптан намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады» -деген. (исра сүресінің-78 аяты). Ал, хадисте: «Егер адам Құран оқуды кешке аяқтаса, періштелер оған таң атқанша истиғфар (кешірім сұрау) етеді, ал егер адам Құран оқуын таңертең тәмамдаса, періштелер кешке дейін истиғфар етеді» -делінген.
Дұға жасау
Асыл дініміз исламда дұға жасауға, Алладан шынайы тілек тілеуге барынша маңыз берілген. Қасиетті Құран кәрімде «Бақара» сүресінің 186- аятында: «(Мұхаммед!) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Өте жақынмын, қашан менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап берем. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»,-делінген. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): « Мұсылман баласы күнә іс болмаған және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, немесе қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады,- дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: – Олай болса дұғаны көп-көп жасайық, – дейді. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) де: Алла одан да көп (яғни, жомарт)», -дейді. Жұрттың көбі шырт ұйқыда жататын осы бір қайырлы уақытта Алла Тағаладан дүние һәм ақыретіңізге қажеттінің барлығын сұраңыз. Хадисте келгендей «Тіпті аяқ киімнің бауының да хайырын» сұраңыз, туыс-бауыр, дос-жараң, көрші-қолаң, елге жəне барша үмбетке Алладан тілеңіз. Дұғаны шынайы ниетпен жасаңыз.
Күн тәртібі
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытты үнемді пайдалануға аса мән берген. Сондықтан да, мұсылман баласы өз уақытына ұқыпты қарауы тиіс.
Таңғы уақытта күні бойы істейтін шаруалардың күн тәртібін жасаудың маңызы зор. Сол тәртіпке сай әрекет етсеңіз күніңіз сәтті, ісіңіз жемісті болмақ!. Алла тағала баршамызға таңғы уақыттың берекетін берсін.
Біләл САҒЫНДЫҚОВ,
«Мақат аудандық» мешітінің Бас имамы.