Рухани кітап – сөз емес, сәуле

Кітап – адамзат баласына берілген ең ұлы нығметтің бірі. Ол – көкірекке сәуле, көңілге медет. Әр кітап – өз дәуірінің үнін жеткізуші, жүрекке нұр құйып, ақыл мен рухтың арасын жалғайтын алтын көпір. Әсіресе рухани кітаптар – адам баласын имандылыққа, шындыққа, жан тазалығына жетелейтін асыл мұралар.

Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» – діни-философиялық терең ой мен рухани кемелдікке шақыратын кемеңгерлік туынды. Ол кітаптан терең білім іздеп, Алланы тануға, адам баласын ар-ожданмен өмір сүруге үндейді. «…Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады…»

Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп, Құран мен сүннетке сүйену арқылы шындық пен әділеттің жолын көрсетеді. Ол үшін кітап оқу – рухты тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Абайды оқу – жүректі тәрбиелеу.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – Абайдың шәкірті ғана емес, рухани жалғасы. Ол өзінің «Үш анық» атты философиялық еңбегінде адамзаттың жаратылу себебі, жан мен ақырет, ар-ождан ұғымын діни көзқараспен, терең парасатпен баяндайды. «Адам арлы, ұятты болса, иманды болады. Ұят – иманның күзетшісі», – дейді Шәкәрім. Ол өз оқырманын тән қалауы мен жан тілегі арасын айыра білуге үйретеді. Шәкәрімнің шығармалары арқылы адам дүниелік пен руханилықтың шекарасын таниды.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – қазақ даласында діни-ағартушылықты, имандылықты насихаттаған ірі тұлға. Оның жазбалары – шариғатқа негізделген, сопылық сарынмен өрілген терең рухани дүниелер. Әсіресе «Хал ілімі», «Адам болар баланың» секілді жазбалары надандықтан сақтануға, иманмен өмір сүруге үндейді. «Кітап – ғылым, кітап – ғибрат, кітап – хақиқат жолының шамы», – дейді ол. Мәшһүр Жүсіптің рухани дастандары мен қиссаларында Аллаға деген махаббат, Пайғамбарға сағыныш, адамның шынайы болмысы көркем тілмен бейнеленеді.

Қазақтың діни-рухани көркем әдебиеті – ұрпақ санасын имандылыққа үндеген терең мектеп. Бұлар жай ғана кітап емес, көңілдің көзі ашылатын кемел туындылар.

«Ғылым – Алланың бір сипаты. Оны үйрену – ғибадат», – дейді Абай.
«Ұждан – адамның ішкі Алласы», – дейді Шәкәрім.
«Кітап – жүректің жарығы», – дейді Мәшһүр Жүсіп.

Бізге мирас болып қалған бұл рухани мұралар – жалаң сөз емес, жүрекке түскен нұр, ойға түскен сәуле. Абайды оқыған адам – өзін танып, Құдайға бет бұрады. Шәкәрімді ұққан жан – ар мен ұятты серік етеді. Мәшһүр Жүсіпті оқыған кісі – дінді құрғақ үкім емес, жүрек тазалығы деп түсінеді. Ендеше, кітапқа оралайық. Әсіресе, рухани қазына болған Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне. Себебі бұл туындылар – дін мен дәстүрдің, ғылым мен адамгершіліктің киелі тоғысқан тұсы.

НҰРКЕН МАҒРИДЕНҰЛЫ